Home » № 22//14.06.2013 » «Ұдайы өсім»

«Ұдайы өсім»

ҚР статистика агенттігінің сүйінші сұрап таратқан дерегіне қарағанда, биыл сәуір айында халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстары 54 221 теңгеге жетіп, 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 8,8 пайызға артқан. Табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Аталған аймақтарда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,3 -1,8 есеге артық. Нақты ақшалай табыстар 2,3 пайызға өсті.

Табысы ең төмен өңірлер – қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары. Тұрғындардың табыс мөлшері республикалық деңгейден біршама төмен: 60,0 пайыз бен 78,8 пайыз арасында. Халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Қарағанды және Алматы облыстарында байқалған.Ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы айырмашылық – 3,9 есе.

Бір қызығы, статистикалық агенттіктің, жалпы, мемлекеттік органдардың мәліметтеріне қарасақ, ұдайы өсімді көреміз. Бірақ, халықтың шынайы әл-ауқаты жақсарды ма? Бүгінгі күннің басты сұрағы – осы.

Айталық, Ресеймен салыстырсақ, біздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші едеуір төмен. Халықтың игілігіне жұмсалатын бөлігі, Ресейдікіне қарағанда, одан да төмендірек. Соңғы жылдары ЖІӨ еселеп өскенімен де, әлеуметтік ахуал түзелгені шамалы.

Жалпы ЖІӨ – халық тұрмысының нақты көрсеткіш бола алмайды. Бұл жайт, әлем экономистерін қатты толғандырып отыр. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы секілді ЖІӨ-ның құрамына жаңа көрсеткіштерді енгізу процесі жүріп жатыр.

Еліміздегі ЖІӨ-дегі халық табысының үлесі – әлемдегі ең аз көрсеткіштердің бірі. Өзге елдермен салыстырғанда немесе ЖІӨ-ның өсуі халықтың әл-ауқатын жақсартты ма, жоқ па деп қорытынды жасарда халықтың әл-ауқаты туралы нақты сандарға, яғни халықтың шынайы табысына жүгінген жөн. Ал қымбатшылық, инфляция деңгейін ескермегеннің өзінде, шынайы табыстың аздығы сүйіншілеген статистиканың өзі анық көрсетіп тұр.

Санжар Арысов, Алматы

Яндекс.Метрика