Home » "Коммунист Казахстана", № 39//15.11.2013 » Еңбек мигранттары бізге керек пе?

Еңбек мигранттары бізге керек пе?

Жалпы, елімізде еңбек мигранттары туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Біреулер оларды қабылдау керек, олар экономикамыздың өсуіне өз үлестерін қосады десе, енді біреулер өз адамдарымызға жұмыс тауып бере алмай тұрғанда, шетелдің азаматтарын қалай қарық қылмақпыз деп түсінбеген кейіп білдіреді. Қарап отырсаң екі жақ та дұрыс айтатын секілді.

Еліміздегі еңбек мигранттарының көбі оңтүстік көршілерімізден келеді. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтарының елеулі бөлігі Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп, отбасыларын асырап отырғандары бүгінгі күннің шындығы. Тәжікстан мемлекеттік бюджетінің жартысына жуығы осы еңбек мигранттарының елдеріне жіберетін еңбекақыларынан құралады екен. Өзбекстанның да үлесі қомақты. Бір қызығы, Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістік құрылғалы бері Қазақстан азаматтары да Ресейге барып, жұмыс істей бастапты. Таяуда бір статистикалық дерекке көзім түсті. Ол бойынша Ресейге барып еңбек етіп жатқан Қазақстан азаматтарының саны 600 мыңға жетіп, Қырғызстанның үлесінен де асып түсіпті. Бұл деректің қаншалықты шын немесе жалған екенін қайдам, бірақ сондай процестің басталғаны рас. Дерек көзі аталған еңбек мигранттарының негізгі бөлігі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен деп көрсетіпті. Айтса айтқандай, ол жерлер еліміздегі ең жұмыс орны аз өңір аталған аумақ. Бүкіл оңтүстік ауыл шаруашылығымен күн көріп отырғаны рас. Ал бұл тек маусымдық қана жұмыс. Өнеркәсіп мен өндіріс орындарының жоққа тәндігі аталған аймақ тұрғындарын шетелдерге жұмыс іздеп кетуге итермелеуі әбден мүмкін.

Жуырда Парламент Мәжілісі «ҚР еңбек көші-қоны мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, оны Сенатқа жібергені белгілі. Енді міне, Сенат оған біраз өзгерістер енгізіп Мәжіліске кері қайтарып отыр.

Негізі заң жобасы еңбек мигранттарының Қазақстанда жұмыс істеуін реттеп, көші-қон процесін бір жүйеге келтіруді көздеген болатын. Енді аталған заң жобасын сенаторлар бір жеке тұлға бір уақытта тек 5 қана еңбек мигрантын жұмысқа қабылдай алады деген нормамен толықтырып отыр. Бұл сенаторлардың пікірінше, ішкі еңбек нарығын шамадан тыс еңбек мигранттарынан қорғайды. Және жеке тұлғалар тиісті рұқсатсыз шамадан тыс еңбек мигранттарын қабылдаса әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Заң жобасындағы бұл шикілік, теория жүзінде алып қарасақ, Қазақстанға елу миллионға дейін еңбек мигранттарын қабылдауға мүмкіндік береді екен. Мысалы, Қазақстанда еңбекке жарамды жастағы он миллиондай азамат бар, егер де ресімдеу керек болса, кез келгенінің атына бес мигранттан жаза беруге болады. Сонда он миллион азаматтың атына елу миллион адамға дейін жазуға болады.

Сонымен қатар талқылаулар барысында «Халықтың көші-қоны туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы да сөз болды. Ол бойынша еңбек мигрантына Қазақстанда бір жылға ғана жұмыс істеуге рұқсат беру көзделген. Егер де ол мерзімі біткеннен кейін тағы да жұмыс істеуге тілек білдірсе, онда бұндай жаңа рұқсат оған бір айдан кейін ғана беріледі. Яғни, ол бір жылдан кейін еліне кетіп, бір ай дем алып, қайтып келуіне болады.

Еңбек мигранттарының жұмыс берушілер үшін бір артықшылығы олардың елде қалыптасқан орташа жалақыдан төмен қаржыға жұмыс істей беретіндігі. Сондықтан да ол жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер үшін өте тиімді болып саналады. Ал ел үшін тиімді ме? Бұл жағын зерттеген экономистер бар ма? Тиімді болса қай жағымен тиімді? Қандай пайдасы бар? Әзірше бұған мемлекеттік органдар тұшымды жауап бере алмай отыр.

Бір анығы, олар біздің ішкі рыноктан қомақты шетел валютасын елдеріне аударатындығы. Бұл валютаны табу отандық кәсіпорындар үшін де оңайға түсіп отырған жоқ қой. Ол үшін шетелге тауар, шикізат сатуың керек. Содан келген валюта ұлттық валютаның тұрақтылығына қызмет етеді. Шетелдік валюта азайса, ұлттық валюта құнсызданып шыға келеді. Бұл экспорттаушылар үшін тиімді болғанымен, халыққа өте тиімсіз. Ал шетел валютасының ішкі рыноктағы көптігі де жақсы нышан емес. Теңге қымбаттап шыға келеді. «Қымбат теңге экономиканың өсуіне кедергісін келтіреді дейді», кейбір экономистер.

Жалпы еңбек мигранттары Ресейдің ішкі жалпы өнімінің өсуіне өз үлестерін қосып жатқаны рас. Бірақ оның екінші жағы да бар. Жергілікті тұрғындар оларды жұмыс орындарын алып қоюшылар ретінде де жек көреді. Қарап отырсаң, екі оттың ортасында қаласың.

Бұндай жағдай болашақта Қазақстанда да орын алуы мүмкін. Дәл қазір әлі көзге көрінетіндей көлемде емес. Бірақ келекшекте дәл солай болатыны анық.

Тіпті, жұмыс істегісі келетін әрбір қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етілмей тұрып, шетелден жұмыс күшін тарту артық, түсініксіз, керегі жоқ шаруа екенін кейбіреулер түсінбейтін секілді.

 

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика