Home » № 7//22.02.2013 » ЕЛІМІЗ ЕСКІ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚОҚЫСЫНА АЙНАЛМАСЫН…

ЕЛІМІЗ ЕСКІ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚОҚЫСЫНА АЙНАЛМАСЫН…

ҚР Парламенті Мəжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» заң жобасын талқылап, мақұлдады. Заң жобасында барлық мемлекеттік органдардың өздеріне өтініш жасаған кез келген тұлғаға өз құзыреттері шегінде құқықтық ақпараттандыру түрінде тегін заң көмегін көрсету міндеті белгіленеді. Шыныменен, кез келген заң ел мүддесі үшін жасалады. Жұмыр басты пенделердің заңды білгендері – құқықтарын қорғай білгендері ғой. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттық сауалдар да жолданды.Депутат Тұрсынбек Өмірзақов Үкімет басшысы атына ескі көліктерді кəдеге жарату бойынша сауал жолдап, күрделі мəселені қаузады. Оның айтуында бүгінгі таңда елімізде 3,5 млн. астам жеңіл автокөлік тіркелген. Оның 80%-ын пайдаланған мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктер құрайды. Шығарылған жылынан бастап 7 жылдан аспайтын автокөліктерге небары 3% тиесілі екен.

«Еуропамен салыстыратын болсақ, онда автокөліктің орташа пайдалану мерзімі небары 8 жылды құрайды, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан машиналар – 35%-дан төмен. Ескірген жəне моральдық жағынан тозған автокөліктердің санының өсуі экологиялық жəне жол қауіпсіздігі мəселесі болып саналады. Еуропада кəдеге жаратудың орташа деңгейі жылына 6% құрайды. Қазақстанда автокөліктердің көп тозуын ескеретін болсақ, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Осылайша, Қазақстанға жылына 220 мыңнан астам автокөлікті кəдеге жарату қажет. Алайда қазіргі уақытта Қазақстанда ескірген автокөліктерді кəдеге жарату үшін қуаттылықтар мен қажетті инфрақұрылым жоқ»,- деп дөп басты халық қалаулысы.

Депутаттық сауал барысында елде автокөліктерді кəдеге жарату бойынша бағдарлама, тұжырымдама қабылданбағандығын да тілге тиек етті Тұрсынбек Өмірзақов. Елімізге қалдықтарды өңдейтін жаңа кəсіпорындар: шредер зауыттары мен қалдықтарды өңдейтін орындар қажет екендігін де жеткізді.

«Ескірген автокөліктерді кəдеге жарату мəселесін шешу, сондай-ақ азаматтарды отандық шығарылған жаңа автокөліктерді сатып алуға ынталандыру мақсатында Сізден: автокөліктерді кəдеге жарату үшін қуаттылықтарды дамыту бойынша шаралар қолдануды, осындай жобаларды Индустрияландыру картасына қосуды; Қазақстанда ескірген автокөліктерді кəдеге жарату бойынша бағдарламаны əзірлеуді; отандық автокөліктерді шығару шеңберінде ескірген автокөліктерді жаңасына айырбастау мəселесін пысықтауды; азаматтарды жаңа автокөліктер сатып алуды ынталандарудың өзге де құралдарын, оның ішінде жеңілдікті автонесиелендіруді пайдалану мүмкіндігін қарастыруды сұраймын»,-деді Тұрсынбек Өмірзақов жолдаған депутаттық сауал барысында.

Аталған депутаттық сауалға С.Оспанов пен Н.Жазылбеков мырзалар да қол қойды.

Нұржан Сарқыт

Астана

Яндекс.Метрика