Home » № 19//24.05.2013 » Еліміздің жоғары оқу орындары олардың көңілінен шығатын білім бере алмай ма?

Еліміздің жоғары оқу орындары олардың көңілінен шығатын білім бере алмай ма?

ҚР Парламенті Мәжілісінде Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мәселесіне арналған дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Нұрбек Саясаттың айтуынша, еліміздің 60 мыңнан астам азаматы шетелдерде білім алу мақсатында жүр екен. Бұл енді жетістік пе, кемшілік пе? Жетістік дейін десек еліміздің жоғары оқу орындары олардың көңілінен шығатын білім бере алмай ма? Әлде отандық дипломнан шетелдік дипломның бәсі артық па? Онда отандық жоғары оқу орындарының беделі туралы ойлануға тура келеді.

«Бүгінгі таңда 30 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім алуға кеткені белгілі. Сонымен бірге, біз көптеген ұйымдардың статистикалық мәліметтері мен барлық үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдерді, бағдарламаларды салыстырып шықтық. Сонда қызықты мәліметтер табылды. Атап айтқанда, қазіргі таңда 67 мыңға жуық азамат білім алу немесе қысқа мерзімдегі курстардан өтіп, білімін жетілдіру мақсатында шетелде жүр. Бұл – өте зор көрсеткіш», – дейді С. Нұрбек.

Зоры зор көрсеткіш-ау, бірақ олардың кейбірінің қалай білім алып жатқаны туралы БАҚ беттерінен жиі болмаса да оқып қалуға тура келеді. Соңғы кезде АҚШ-та болған оқиға да көп ойға жетелейді.

Жаппай шетелдікінің бәрі керемет деген ойдан арылатын да кез жетті. Ағылшын тілін ата-бабасының тіліндей жатпай-тұрмай оқып-үйреніп, ана тілін білмейтін жастар ертең қалай жұмыс істемек еліне, халқына? Бәрі де осылай тұра береді деп ойласа қателескендері.

Оның сөзіне қарағанда, шетелде жүрген жастардың 10 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азияда болса, Малайзияның өзінде Қазақстанның 3 мыңнан астам азаматы бар. 900 адам Қытайда білім алса, Ресейдегілердің саны 7 мың азамат болып отыр екен.

Жалпы мен өз басым Оңтүстік-Шығыс Азияда білім бар дегенге күмәнім бар. Қытайда да. Тіл үшін ғана болмаса. Батыстың атақты университеттері болса бір сәрі, Азиядағы қаптаған ақылы жоғары оқу орындары біздікілердегі сықылды ақша табу үшін ғана «оқытып» жатпасына кім кепіл?

«Жаңа Зеландияда да қазақстандық білім алушылар бар. Еуропада – 40 пайыз, оның ішінде көпшілік білім алушылар Ұлыбританияда шоғырланған. Онда негізінен тіл үйрену мақсатындағы курстарға, жазғы лагерьлерге жыл сайын 3 мыңға жуық азамат барады. Сонымен қатар, Канада мен АҚШ-та да қазақстандық студенттер басым, шамамен 20 пайыз. Бұлардың көпшілігі өз қаражатына білім алатындар», – деді С.Нұрбек.

Ақшасы болғаннан кейін оны әрине, адам қайда жұмсаса да өз еркі. Бірақ мемлекет оларға бағыт-бағдар беруі тиіс деп ойлаймыз. Қаптап кеткен заңгерлер секілді олар да біздің елде керегі жоқ мамандықтарды меңгеріп жатса ше? Сосын дін жағынан білім алып жатқан жастар мәселесі ерекше қырағылықты қажет етеді. Ата-баба жолына күдікпен қарап, мынау дұрыс, мынау дұрыс емес деп, халықтың басын қатырып жатқандар да шығуда. Осыны бір тезге салатын уақыт жетті деген ойдамыз.

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика