Home » № 17//10.05.2013 » ЕЛІМНІҢ ҚҰРЫШ ҰЛАНЫ – БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚОРҒАНЫ

ЕЛІМНІҢ ҚҰРЫШ ҰЛАНЫ – БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚОРҒАНЫ

Күнтізбеде тағы бір «қызыл күн» пайда болды. 7- мамыр Отан қорғаушылар күні – бұдан былай мемлекеттік мереке ретінде бірінші рет аталып өтіледі. Бұл мерекенің жас ұрпаққа маңызы өте зор. Ер жігіт үшін ең қымбат сезім Отан қорғау сезімі деп білеміз. Тепсе темір үзетін кез келген ер-азамат әскери борышын өтеуге асығады деп ойлаймыз. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару әрбір қазақ азаматының аса маңызды әрі құрметті міндетінің бірі болып табылады. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – Отанымызды қорғаудағы қасиетті борышыңды өтеу деген сөз.

Отанды қорғауды біздің елімізге шабуыл жасаған сыртқы жаулармен қарулы күрес деп қана түсінбеу керек. Біз Отанымыздың күш-қуатын нығайта отырып, оны бейбіт уақытта да қорғауға ат салысамыз. Сапқа тұрып, сарбаз болу – ер азаматтың Отан алдындағы маңызды міндеттерінің бірі деп білеміз. Қазақ халқы – намысты қолдан жібермеген ержүрек, батыр халық. Батыр халықтың ұрпағы екенімізге мақтана отырып, ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді жалғастыру, “Отан үшін жан пида” деген аталы сөзді ұлықтау – біздің басты мақсатымыз.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитеті 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне, Отан қорғаған сарбаздарға, генералдарға, жесір әйел ардагерлеріне арналған мерекелік дастархан жайып, кездесу кешін ұйымдастырды. Кеш барысында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Осынау айтулы мерекелердің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, абзал азаматтарымызға деген ыстық сезіміміз, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар-өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы.

9 мамыр – Жеңіс Күні – ең қымбатты, қуанышты да қайғылы, мәртебелі мейрам, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі болып табылады. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы жойқын соғыс болып табылатын Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 68 жыл толуды. Бұл күні ерлікке бас иіп, елдігімізге тағзым ету – игі дәстүріміз. Қаншама жылдар өтсе де, маңызын жоғалтпайтын оқиғалар бар. Осындай мәңгі ұмытылмас тарихи сәттің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Ұлы Жеңіс күні – көпұлтты Қазақстанның бүкілхалықтық мерекесі. 1945 жылдың 9 мамыры… Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алған деуге болады. Ұлы Жеңіс тойы – бұрынғы кеңестік халықтардың ортақ, басты мерекелерінің бірі.

Осыдан 68 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Содан бері 1945 жылдың 9 мамыры жұртшылық жадында біздің халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажырлығы мен мызғымастығының символы болып келеді. Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз, – деді ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев Ғұсманұлы.

Жыл сайын мәңгілік алауы жанына Отан қорғаушыларын, батырларды еске алып, гүл шоқтарымен рахметін айта келгендер жиналады. Біздер де қадірлі ардагерлерге бейбіт өміріміз бен бақытты болашағымыз үшін алғысымызды білдіреміз! Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз,-деді лебізін білдірген кешіміздің арнайы қонағы Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Сейіткерім Арапбаев. Мерекелік дастархан барысында соғыс ардагерлері түрлі естелік әңгімелерін айтып, сөз алып, тілектерін жаудырды. «Фронтовичка» халық қоры ансамблі соғыс кезіндегі «Смуглянка, Катюша, Священная война, Атамекен, Нам нужна одна победа » т.б әндерді шырқады. Кездесу кешіне 50-ге жуық ардагерлер қатынасты. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитеті 7-мамыр күні және 9-мамыр мерекесі күні Жеңіс саябағында мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, салатанатты шеруге қатысады.

Дайындаған:

Гүлжан Инжелова

ҚКХП Атырау облыстық комитетінің

баспасөз хатшысы

Яндекс.Метрика