Home » Партийная жизнь » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

Қажымұқан Мұңайтпасұлы (1871-1948 жж.) – Ақмола облысы, Қараөткел ауылында (қазіргі Қажымұқан атында) дүниеге келген. Биыл қазақ халықының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны, французша (қазіргі грек-рим күресі) күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, «Құрмет белгісі» иегерінің 140 жылдығына орай елімізде көптеген жарыстар өткізіліп жатыр.
Зор күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күрес жарыстарына қатысып, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресей балуандары ішінде Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айту маңызды.
Әлем чемпиондары ресейлік Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Заикин, эстнодық Алекс Аберг, неміс Георг Гаккеншмидт, поляк Збышко-Цыганевич, жапондық Саракики Джендофу сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді.
Күрес жарыстарының көпжылдық тарихы әрдайым тек ең ауыр салмақтағы палуан ғана абсолютті чемпион атануға ие екенін керісінше көрсетеді. Ұлы Қажымұқан 1908 жылы Киевте өткен әлем чемпионатында салмағы 95 килограмм ғана болса, оның қарсыласы поляк Франц Биньковский, лақап есімі “Циклоп” – 143 килограмм болды. Күрес ақырында “Циклоптың” шығылуымен аяқталады. Осыдан төрт жыл бұрын Мұңайтпасов Петербургтің Иван Лебедев атындағы классикалық күресінің цирк мектебіне түседі.
1906 жылы Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста Қажымұқан тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінеді де әлем чемпионы атанады.
Бірақ, орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Муханура» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған. 1909 жылғы Ыстамбулды өткен халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шығып, финалда түрік чемпионы Нуруллахты жеңіп, Ыстамбул патшасынан Мекке мен Мединаға шақыруды қабылдайды. Әулие жерлеріне қажылық жасағаннан кейін Қажы-Мұқан (Қажымұқан) атын иеленеді.
1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
Патша үкіметі құлаған соң, балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады. 1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп қудалауға ұшыратады.
Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСРО Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем», — деген ұсыныс айтады.
Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. Қажымұқан өзінің азаматтық ісімен де халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Ұлы Отан Соғысы кезінде 70 жастағы Қажымұқан цирк ойындарына қатысып, одан алған қаржыны Қорғаныс қорына аударып, оның атына ұшақ жасаған деген дерек бар, осындай ерлік үшін күрескер «Құрмет Белгісімен» марапатталған. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға — қазақтың нағыз хас батыры.
Ол 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды, Темірлан (қазір Қажымұқан) деген ауылда, қабырының басына ескерткіш орнатылған.
Батырдан тараған ұрпақтар Түркістан мен Ақмола өңірінде тұрып жатыр.

Жаминова Амина
Екібастұз ҚКХП қалалық комитетінің баспасөз орталығы

Яндекс.Метрика