Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Ер есімі – ел есінде!

Ер есімі – ел есінде!

Мамыр айы елімізде той-думанға толы кезең. 1 мамыр орталық алаңдағы шерумен басталса, 7 мамыр күні әскери шеру болып өтті. Әскери киім киген сарбаздарымыздың орталық алаңнан қадымдап өткенін көргенде келбеттеріне тамсанасың. Олардың жігерлігі мен қайсарлығы тек жүректерінде ғана емес, келбеттерінде де бейнеленгендей.

Ал, 9-шы мамырды атап өту тіпті ерекше. Жыл сайын аталып өтетін болғанымен бұл мерекенің орны тіпті бөлек. Сұрапыл соғыс жылдарында елі мен жері үшін жанын қиюға даяр болған ержүрек ардагерлерімізді ардақтауға ешқашан шаршамаймыз. Олардың ерліктері үшін біздің айтар алғысымыз шексіз. Қанша қадірлеп, қастерлесек те ол кісілердің жасағандары үшін ол аздық етеді. Ардагерлерімізді үнемі қадірлеп, қастерлейміз, алайда 9 мамыр күні оларды ерекше елеп, ерекше құттықтаймыз. Бұл күн, сонау 1945 жылдың 9-мамырынан бастап еліміз үшін ерекше күндердің қатарында болып келеді. Ол кездегі жеңіс, қазіргі біздің бейбіт өміріміздің бастауы.

Ардагерлерімізге біз мәңгі борыштармыз, олардың соғыс жылдарын әңгімелегенде көздеріне алған әр бір жасы біз үшін қымбат. Жыл сайын ардагерлеріміздің саны азайып бара жатыр, нағыз жаужүрек батырларымыздың жауға шапқандарын өз ауыздарынан есту қандай бақыт. Ал, ақсақалдарымыздың болса тілегі елде тек бейбітшілік болсын! Ардақты ардагерлерімізді құттықтау мақсатында Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Қызылорда облыстық комитет мүшелері бірнеше ардагерлерімізге сыйлықтар табыстауды ұйғарды. «9 май» және «КНПК» деген жазулармен жазылған арнайы кағаз пакеттеріне сыйлықтар дайындалып, қалампыр гүлдерімен қоса табысталды. Сонымен қатар әр ардагерге партия төсбелгісі ал кейбіріне парт. билеттері табысталды. Совет үкіметі кезеңінен қалталарында сақталған парт билеттерін жаңа билеттерге айырбастап, партия қатарына қайта тіркелді. Біз үшін партия қатарында соғыс ардагерлері болған үлкен мақтаныш, ал олар үшін өздері өмір сүрген советтік кезеңнің бір естелігі. Тура осылардай парт билет пен төс белгіні бағалар адам жоқ шығар.

8 мамыр күні ұлы жеңіс күніне орай облыс басшысы қадірлі ардагерлерімізді құттықтау мақсатымен қаламыздың орталығында орналасқан «Дидар» мейрамханасында «Елдік те, ерлік те – ұрпаққа аманат» атты мерекелік шара өткізді. Ардагерлерге үлкен ас беріліп, сый-сыйапаттар табыс етілді. Біз де өз кезегімізде өзімізге алдын ала бөлінген ардагерлерге

құттықтау сөздерін айтып, сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстадық. Бұл күнді біз толығымен ардагерлерді құттықтауға бөліп, тіпті үйлеріне барып та сыйлықтар сыйладық. Олар үшін ең басты сыйлық партия төсбелгісі болды, ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Телеубаев Талғат Рахымұлы өзі төсбелгіні ақсақалдарымыздың төсіне тағып, олардың ерлігі үшін алғысын білдіріп отырды. Сонан соң ерлік пен батырлықтың символына айналған ардагерлер бізді дастархан басына шақырып, сұрапыл жылдардың әңгімесін айтып, фотоальбом беттеріндегі суреттермен таныстыра отырды. Сонымен қатар, ҚКХП Қызылорда обкомының мүшелері 9 мамыр күні жылдағы әдетінше тағзым алаңына гүл шоғын қоюға шықты. Алаңда жылдағыдан да бетер халық көп болды. Мәңгілік алау алды гүл шоғына толып, әп-сәтте ақ алаң гүлдердің әсемдігінен көрінбей қалды. Салтанатты шеру өтіп, құттықтау сөздер төгіліп жатты. Ардагерлерімізді құттықтау рәсімі осы жерден әрі қарай жалғасты. Аяулы жандар ардагерлеріміздің есімін атамау қателік болар, обком мүшелерінің құттықтаған ардагерлері тізімі:

Шілдебаев Сейітхан 1925 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Соғыс жылдарында барлаушы болған.

Жунусов Төлеген 1923 жылы дүниеге келген.

Бексейітов Бисен 1922 жылы, ақпан айының 2-ші жұлдызында дүниеге келген. Минометчик болған.

Баялимов Мұхамедияр 1935 жылы тамыз айында дүниеге келген. Тыл ардагері.

Байтіков Әбдірахман 27-ші қарашада дүниеге келген. Қатардағы жауынгер болған.

Ер есімі қашан да ел есінде. Ардақты соғыс ардагерлерін құрметтеу әрқайсымыздың парызымыз. Олардың есімдері жүрегімізде мәңгі сақталмақ.

ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің

баспасөз хатшысы Майра Жүнісова

14.05.2013ж.

Яндекс.Метрика