Home » № 1603.05.2013 » «Халықтық коммунистер» ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді

«Халықтық коммунистер» ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді

Әлемде адамдардың санының соңғы кездері күрт көбейіп келе жатқанына байланысты, сосын көптеген ауыл шаруашылығы жерлерінің қуаңшылыққа ұшырап, шөл-шөлейт жерлердің де артып келе жатуымен жыл өткен сайын астыққа, азық-түлікке деген сұраныс жоғарылап келеді. Соның ішінде ет, сүт секілді мал шаруашылығының өнімдері де бар. Күріш те көп сұранысқа ие. Бұның бәрі біздің елімізде өндіріледі. Азия халықтарының негізгі бөлігі күрішті азық қылатынын ескерсек, бидаймен бірге аталған дақылды да көптеп өндіру пайдалы іс екендігін өмірдің өзі дәлелдеп келеді.

Еліміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясында ауылшаруашылық өнімдеріне деген жаһандық сұраныстың артып келе жатқандығына байланысты ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту мәселесін ерекше атап көрсетті. Сондықтан Үкіметке биылдың өзінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенін 2020 жылға дейінгі дамуының бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Сарапшылардың есептеуінше, бұл жаңа бағдарлама жүзеге асуы үшін 8 жыл ішінде 3 триллион 122 миллиард теңге жұмсау керек екен. Яғни, үкімет ауыл шаруашылығын қолдауды алдағы уақытта 4,5 есеге арттырады деген сөз.

Дұрыс-ақ. Қуанарлық жағдай. Бірақ осы қыруар қаржы ауыл шаруашылығына тиімді салынса ауыл еңбеккерлерінің жағдайы дұрысталып, еңбек өнімділігі артып, жалақылары көбейер еді-ау. Сонда олар жұмыс іздеп үлкен қалаларға шұбыруды доғаратын болар деп ойлайсың. Ауыл еңбеккерлерінің проблемалары Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттарының жіті назарында деп айтуға болады. Атап айтқанда, депутат Жамбыл Ахметбеков үнемі ауыл еңбеккерлерінің жайын ойлап, оларға үкіметтің көмек қолын созуы керектігін, жекелеген диқандар мен шаруашылықтарға жергілікті билік органдарының жағдай жасауы қажеттігін үлкен мінберден айтуын айтып-ақ келеді. Бірнеше рет депутаттық сауалдар да жолдады. Бірақ тиісті жерлерден нақты, тұшымды жауаптар кешігіп жатады. Ал депутат Владислав Косарев болса шенеуніктердің ауыл шаруашылығына жеткілікті мөлшерде назар аудармай отырғандығын айтып, жіберген кемшіліктерін сынап, бірнеше рет қатты мәлімдеме жасады.

Елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының дұрыс игерілмей жатқанына мысалдар да жеткілікті. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігінің шетелдерден асыл тұқымды мал бастарын сатып алу бағдарламасын алайық. Бұл бағдарламаның негізгі көдеген мақсаты еліміздегі мал тұқымдарын асылдандыру, сол арқылы бір бастан алынатын ет, сүт көлемін арттыру болатын. Бірақ кейінгі кездері орын алған жағдайлар бұл мәселелерде өкінішті жәйттердің орын алғандығын көрсетті. Австриядан қыруар қаржыға сатып алынған қара малдардың барлығы да ауру болып шығып, олардың көздері жойылды. Қаншама ақша желге ұшты. Кінәлі адамдар жазаланған жоқ. Тек енді ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды малдарды АҚШ, Канада, Австралиядан ғана сатып аламыз деп оңай құтылғандай болды.

Ал енді суармалы егістіктің жайына келейік. Өткен ғасырда біздің республикамызда 2,3 миллион гектардан астам жерге суару жүйелері жасалған екен. Осы жерлерден еліміз бойынша өндірілетін егін өнімдерінің 25 пайызы алыныпты. Күріш, мақта, жеміс-жидек секілді бағалы өсімдіктер тек қана суармалы жерлерде өсіріледі. Соңғы 20 жылда осыншама жердің 1 миллионнан астам гектары айналыстан шығып қалыпты. Ьұның бәрі жердің азып-тозуына әкелуде. Яғни, суды үнемдеу және су қорларын басқару ісі сын көтермейді деген сөз. Бізде суды пайдалану көрсеткіші дамыған елдермен салыстырғанда 6-8 есе төмен екен. Сондықтан суды үнемдеу, суару жүйелерін жаңғырту, су қорларын басқаруды мемлекеттік реттеу өзекті мәселе болып отыр.

Солтүстік облыстардағы бидай өсіретін шаруашылықтар жыл сайын бірде өте көп, бірде аз астық жинап келеді. Бір өкініштісі астық мол шыққан жылы оның бағасы өте төмен түсіп кетеді де, аз шыққан жылы қымбаттап кетеді. Үкімет диқан астықты көп алған жылы да, аз алған жылы да зардап шекпейтіндей етіп, олардың астығын тиімді сатып алу механизмін жеткілікті ойластырса дұрыс болар еді.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика