Home » № 11//29.03.2013 » Əйелдердің зейнетке шығу жасын екі жылға көбейтіп, ерлердікін үш жылға шегеріп, екеуін тең қылу керек

Əйелдердің зейнетке шығу жасын екі жылға көбейтіп, ерлердікін үш жылға шегеріп, екеуін тең қылу керек

Соңғы кезде қоғамда əр түрлі талқылаулар туғызып жатқан екі мəселенің əлі нүктесі қойылған жоқ. Бірі – барлық зейнетақы жинақтау қорларын біріктіру болса, екіншісі –əйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту. Адамдардың осы мəселе бойынша ой-пікірлері əр түрлі болғанымен, бір нəрсе анық, ол – Үкімет қолға алған екен, ерте ме, кеш пе, солай болады. Яғни, қазіргі кезде зейнетке 58 жаста шығып жүрген біздің апаларымыз бен аналарымыз таяу болашақта құрметті демалысқа ерлермен бір жаста, яғни 63 жаста шығатын болады. Қалалық жерде зейнетке шықса да еңбек етіп жүрген əйелдер де, ер адамдар да көп.

Бұған зейнетақының аздығы мен қалада өмір сүрудің қымбаттығы өз əсерін тигізбей отырған жоқ. Жұмыс болса, денсаулық мұрсат берсе еңбек еткеннің еш сөкеттігі жоқ. Тек ауылдық жерлерде қиынырақ болайын деп тұр. Ауылдық жерлерде істей қоятын жұмыс та жоқ. Көбі мал басына, бау-бақшаға қарап отыр. Зейнеткердің аздаған пұлы қант-шайды айыруға сеп еді, көптеген отбасылар тек соны ғана талғажау етіп келді де. Енді аналарымызға бұндай ақшаны бес жыл ұзағырақ күтуге тура келетін болады.

Зерттеушілер көптеген елдердегі зейнетке шығу жасын ұзартудың ең бір нақты себебін қазіргі кезде əлемде адамдардың бұрынғыларға қарағанда көбірек өмір сүретіндігімен түсіндіргісі келеді. Экономикасы мықты, дамыған, экологиясы мен денсаулық сақтау жүйесі жақсы жолға қойылған елдерде бұл түсінікті де. АҚШ, Еуропа, Жапония елдерімен біз өзімізді салыстыра алмаймыз ғой. Олар дамыған елдер қатарында болса, біз əлі дамып келе жатқандардың ішінде жүрміз.

Жалақы мөлшері, денсаулық сақтау жүйесі салыстыруға келмейді. Əсіресе экология қатты ушығып тұр. Еліміздегі кейбір зерттеу агенттіктері қазақстандықтардың зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығына зерттеу жүргізгенге ұқсайды. Əлемдегі 60-тан астам елдердегі осы жағдайларды салыстырғанда Қазақстан 53- інші орын алыпты. Яғни, біздің отандасымыз орташа алғанда зейнет жасының «рахатын» бар болғаны тоғыз-ақ жыл көреді екен. Бұл зерттеуде ерлер мен əйелдердің өмір сүру ұзақтығы бірге есептеліп жіберілгенге ұқсайды. Анығында, елімізде əйелдер көбірек, ал ер адамдар азырақ өмір сүретіндігі бүгінгі күннің шындығы екені рас. Негізінен ер адамдардың көбі зейнет жасына дейін жете алмайды, ал жеткендері екіүш жылдан соң-ақ қайтыс болып кетеді. Сондықтан негізі əйелдердің зейнетке шығу жасын екі жылға көбейтіп, ер адамдардың зейнет жасын үш жылға шегеріп, екеуін осылайша тең қылу керек еді. Сонда қасқыр да тоқ, қой да тыныш болар еді. Біздің ақылымызды Үкімет сұрап жатпағаннан кейін, амал жоқ, не істесе де көнуге тура келеді.

Əлемдегі елдердің ішінде ең кеш зейнетке шығатын əйелдер жапондықтар екен.

Олар 70 жаста құрметті демалысқа кетеді. Ал зейнет жасында ең ұзақ өмір сүретіндер с и н г а п у р л ы қ т а р болып шықты. Олар зейнетке шыққаннан кейін де 22 жыл өмір сүреді. Яғни, орташа өмір сүру ұзақтығы 84 жас екен. Ал зейнетке əйелдер де, ерлер де 62 жасқа толған соң аттанады. Содан кейінгі ең ұзақ өмір сүретіндер италиялықтар мен француздар болып отыр. Бұл елдермен қоса Канада, Германия, Данияда зейнетке шығу жасы 65 жас. Бұл дамыған елдерде адамдар бізге қарағанда ұзағырақ өмір сүретіндері айтпаса да түсінікті. Бір қызығы, көршіміз Қытайда əйелдер 50-55 жасында-ақ зейнеткер атана береді екен. Ал ер адамдар болса 60 жаста демалысқа кетеді. Орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 75 жас. Сонда жоғарыдағы қай елді алып қарасақ та адамдар құрметті демалысқа шыққаннан кейін орташа алғанда 20 жылдай өмір сүреді екен.

Бізбен тұрмысы ұқсас, мал шаруашылығы негізгі кəсібі моңғолдар да қазақтарға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді екен. Тұтастай екі жыл. Ал жалпы Моңғолия аталған рейтингте 46-ыншы орынға жайғасыпты. Бір қызығы осы зерттеуде Өзбекстан 21-інші орында тұр.

Бұған себеп ерлердің 60 жаста, əйелдердің 54 жаста құрметті демалысқа шығатындығы болса керек. Кеден одағы елдерінің ішінде Беларуста да, Ресейде де əйелдердің зейнетке шығу жасы əзірше – 55 жас.

Яғни, көршілерімізге қарағанда Қазақстанда қазір де əйелдер демалысқа кешірек шығады екен. Енді оған 5 жылды қоссаңыз, иə, оңай шаруа емес…

Бір шүкір дейтініміз, Үкімет əйелдердің зейнетке шығу жасын бірден көтеріп тастамай, бірте-бірте істемек ойда. Яғни, жыл сайын жарты жылға ұзартып отырмақ. Сонда енді бір он жылдан кейін Ұлттық банктің төрағасы Г.Марченконың сөзімен айтсақ, бұл салада да гендерлік теңдік орнамақ.

Ресей де, Беларус та таяу болашақта зейнетке шығу жасын қайта қарамақ, дейді зерттеушілер.

Бұған экономикалық ахуал мəжбүрлейді. Қазірдің өзінде бұндай əңгіме жүріп жатқанға ұқсайды. Жалпы, əйелдердің ертерек құрметті демалысқа шығуы еліміздегі көптеген отбасылар үшін жақсы болып келген еді. Көптеген ауылаймақтарда үлкен адамдардың зейнетақысымен ғана əупірімдеп күнін көріп отырған отбасылар жетерлік. Бұрын да ауылдарда зейнеткерлер мен мұғалімдердің қадірі мықты еді.

Енді əйелдерге бұрынғыдай «қадірлі» болу үшін тағы да бес жыл күте тұруға тура келмек…

Жалпы осы тізімде еліміздің төменірек орналасуына ең басты себеп азаматтарымыздың аз өмір сүруі, өмір сүру ұзақтығының қысқалығы болып отыр. Бұндай жағдай Ресейге де, Қырғызстан мен Тəжікстанға, Молдоваға да тəн екен. Азаматтарымыз арақ ішу жағынан Ресейден басып озды деп таяуда интернеттен бір «қуанышты» хабарды оқығаным бар. Бұл жағынан Орталық Азияның басқа елдерін де артқа тастаппыз. Бұған темекі шегу, сапасыз су ішу деген секілді жəйттарды қоссаңыз, жағдайдың неге бұлай екеніне көзіңіз жете түседі. Сондықтан салауатты өмір сүру ұзақ өмір сүрудің шарты екендігін амалсыз мойындайсың.

Аман Іргебай Астана

Яндекс.Метрика