Home » № 22//14.06.2013 » Әкелік жауапкершіліктен қашсаң, әкімшілік жауапкершілікке тұтыласың

Әкелік жауапкершіліктен қашсаң, әкімшілік жауапкершілікке тұтыласың

Бұдан былай алимент төлемегендер 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынбақ. Мұны Алматы қалалық прокуратура басқармасының атқару үкіміне бақылау жасау жөніндегі аға прокуроры Әділ Омаров мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, бұл қосымша жазалау түрі жыл басынан бері қолданылып келеді. Әкелік жауапкершіліктен жалтарғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұған қатысты іс мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіліп отырады. Ол үшін себепсіз үш ай бойы алимент төлемеу жеткілікті.

«Егер ол себепсіз соңғы үш айда алимент төлемеген болса, сот атқарушысы борышкерге қатысты әкімшілік хаттама толтыруға құқығы бар. Бап санкциясы 10 тәуліктік әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады», – дейді Ә.Омаров.

Кешіруге болатын себептерге науқастануы, жұмысының жоқтығы, кірісі мен тапқан-таянғаны өзіне жетпеуі жатады.

Алиментке қатысты прокурорлар еркелікті көтермейтінін көрсетті. Мәселен, қаңтар айынан бері 4 борышкер қамауға алынса, 20 іс әкімшілік сотқа жіберілген. «Бұл – тек басы ғана. Бұдан бөлек жұмысқа орналасқысы келмейтін борышкерлер де жауапкершілікке тартылады», – деп ескертеді аға прокурор.

Енді прокуратура қызметкерлері жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сұрау салмақ. Егер борышкерлер ол мекемеге бармаған болса, онда оларға қатысты «жұмыс істегісі келмейді, мойнына жауапкершілікті алмау үшін әдейі жұмыссыздыққа сілтейді» деген қорытынды жасалады. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұл түріндегі жаза алынып тасталмақ. Бұл негізсіз қадам емес. Себебі, борышкерлер онсыз да мойнындағы міндеттемелерін төлемей жүр.

Прокурорлар сот актілерін атқару жөніндегі департаментпен бірлесе отырып, борышкерлерді шетелге шығармау шараларын жүргізіп отыр. Жыл басынан бері мұндай 4 мың шектеу қойылыпты. Қазір алимент өндіру бойынша 12 мың құжат қаралып жатса, 388 іс тәмамдалған.

Санжар Арысов, Алматы

Яндекс.Метрика