Home » № 14//19.04.2013 » Әкемдей болған жан еді…

Әкемдей болған жан еді…

1985 жылдан бастап Целиноград қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ орта мектебінде оқи бастадым. Бұл мектеп қаладағы жалғыз қазақ тілді мектеп болатын. Оқушылар саны да көп емес. Негізінен қаланың маңайындағы қазақ ауылдарының балалары оқиды. Көбі орысша сөйлейді. Сол кездегі Целиноград қазіргі Астана Қазақстанның қаласы деуден гөрі Ресейдің бір шаһарына көбірек ұқсайтын. Жергілікті қазақтар аз еді. Көшеде анда-санда ғана біреуін көресің. Әрі бәрі де орысша шүлдірлейді. Қазақы ауылдан келген мен секілді ауыл баласы үшін алғашқыда қиын болғаны рас. Бірақ кейіннен орысшасын да үйреніп, қалаға да бейімделіп, ақырын-ақырын сіңісіп кете бардық…

Бұрын ауылда жүргенде де әдебиетке жақындау едім, осы мектепке келіп, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, ұстазым Күләш Қайыржанқызының сабақтарына қатысқаннан кейін құлшынысым мен ынтам бұрынғыдан да арта түсті. Әдебиет әлеміне енгізіп, ұлттық мұраны әспеттеуді санамызға сіңіре білді. Оның сабақтарынан қалмауға тырысқанымызбен қоймай, сыныптағы көп оқушылардың жүрегінде әдебиетті сүю сезімі бүр жарды. Алдымыздан өзіміз балалықпен бұрын аңдай білмеген асыл сөздің кені шыға берді, шыға берді…

Қыздарға ақындардың өлеңдеріне «жиендік» жасап, хат жазатын болдық. Шапан киген қазақ өлеңдерін жаттауға құмарттық. Әдебиетке деген ықылас аздап «бірдеңелер шимақтауға» итермеледі. Ұстазымның менің осы талабымды байқап, бейімдеп, баули бастағанынан, алғаш рет облыстық газетке апарып, журналистермен кездестіргеннен кейін ғана менде болашақта журналист болсам деген ой пайда болды.

Ұстазым Күләш Қайыржанқызы өз мамандығына адал, оны өте жетік меңгерген, шәкірттеріне әдебиетті құлшына түсіндіріп, бар ынта-жігерін сала баулитын білімді, мәдениетті жан еді. Мұғалімім сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясының органы «Социалистік Қазақстан» қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің Целиноград облысындағы арнаулы тілшісі, өмірлік қосағы, журналист Ербол Шәймерденұлымен таныстырғаннан кейін журналист болсам-ау деген ойым беки түсіп, Ербол ағамдай білімді, жақсы журналист болсам деп армандай бастадым.

Шын мәнінде білімді, жан-жақты жетілген, мәдениетті, кішіпейіл, зиялы қауымның өкілі деген жандардың қандай болатынын мен ағама, ұстазым Күләш апама қарап түсінгендей болдым. Ағамның бағыт беруімен, көмектесуімен алғаш рет облыстық газетке, «Қазақ әдебиеті» газетіне тұңғыш хабарларым, шағын мақалаларым шыға бастады. Аталған газеттерде кіп-кішкентай ғана хабарым жарияланса да төбем көкке жетіп қуанып, өзімді болашақ нағыз журналист ретінде сезінетінмін.

Мектепті бітіргеннен соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Қазіргідей емес, ол кездері емтиханды бірнеше рет тапсырасың. Шығармашылық конкурс деген бар. Одан өтсең, бірінші күні әдебиеттен шығарма, тағы үш-төрт күн өткенде қазақ тілінен жазбаша емтихан тапсырасың дегендей. Басқа пәндер тағы бар.

Жатақханадан орын алып үлгергендерге рахат. Бір-біріне білмегендерін үйретіп, білгендерін жаттап дегендей қызықты, думанды сәттерді өткізіп жатады. Ал орын ала алмағандары Алматының «жетім бұрышын» жағалап, пәтер іздеп, қаланың қонақ үйін аралап, табанынан таусылады. Ол кезде қонақ үйден нөмір алудың өзі де құдайдың бір азабы. Орын жоқ. Болса да, сенікі емес.

Осы тұста Ербол аға Шаймерденов тағы да көмек қолын созды. Ақ басты Алатаудың айбынын танытатын сұлулығы мен сымбаты қатар өрілген «Қазақстан» қонақ үйінен жайлы нөмірге ие болдым. Алаңсыз сабақ оқуға, емтиханға дайындалуға жақсы мүмкіндік болды. Бірақ жолдамам жоқ екен. Оның керектігін білмегем ғой. Конкурс үлкен. Бір орынға 4-5 бала таласады. Жолдамасыз келгендер қабылданбайды екен деген сөз шықты. Жаман қорқа бастадым. Сөйтіп жүргенде есіме Ербол ағам тағы да сап ете түсті.

Ербол ағам ол кезде облыстағы арнаулы тілшілігінен «Социалистік Қазақстан» газетінің өзіне ауысып жатқан болатын. Бардым. Айттым. Ертеңіне Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінің жолдамасын Абай ескерткішінің жанына шақырып алып, қолыма тапсырды ғой. Бір күнде-ақ сонау мың шақырымнан астам жердегі қаладан сұраған құжатын алдырған ағамның беделіне таң қалдым.

Сөйтіп, емтиханды жақсы тапсырып, студент атандық. Кейіннен студент кезімде де жазған хабарларым, шағын мақалаларым «Социалистік Қазақстанға» шығып жүрді. Тапсырма беретін де, жазған мақалаларымды өңдеп, газетке шығаратын да – Ербол ағам. Ол кезде «сықиған СҚ» аталатын еліміздегі ең беделді, жазғаныңды шығару ең қиыны осы, қазіргі «Егемен Қазақстан» болатын. Жазғаным «Социалистік Қазақстанға» шығатын маған курстастарым таң қала қарайды. Бедел деген жоғары. Осының бәрі әкемдей бола білген, қамқорлығын аямаған Ербол ағамның арқасы еді.

Алматыда студент болып жүргенде де ағамның үйінде болып жүрдім. Сонда бір таң қалатыным, ағамның үйі толған кітап болатын. Орысшасы бар, қазақшасы бар мыңдаған кітап самсап тұратын. Осының бәрін Ербол ағам оқитын болып тұр-ау деп таң қалатынмын. Әдеби кітаптардан басқа әр түрлі экономика, ауыл шаруашылығына қатысты да кітаптар көп еді. Сөйтсем, Ербол ағамның екінші мамандығы да бар екен. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген екен. Сондықтан экономика, ауыл шаруашылығы тақырыптарына сондай сауатты мақалалар жазатындығынан тәнті болдым.

Кейіннен мен оқуды бітіріп, туған жерге қайттым. Ол кісілер Алматыда қала берді. Бірақ мен ағамды, ұстазым Күләш Қайыржанқызын, отбасындағы өзім біраз ойнатқан Ләззәт, Гүлшат, Бақыт атты кішкентай қыздарды ешқашан ұмытқан емеспін.

Ақын, жазушы, танымал рәмізтанушы атанған Ербол Шәймерденұлы адамгершілігі мол, кішіпейіл, үлкенге іні, кішіге аға бола білген білімді, мәдениетті жан болатын. Өмірлік қосағы, менің ұстазым Күләш Қайыржанқызы екеуі маған талай рет шуақты сәттерді сыйлаған, қиналғанда қол ұшын беріп көмектескен, өмірде өз жолымды табуыма бағыт-бағдар берген аяулы асыл жандарым бола білді.

Ербол аға өзінің жұлдыздай жарқырап өткен өмірінде қалың елі қазағы айта жүретін мұраларын, афоризмдері мен әндерін қалдырып, отанды қалай қалай сүю керектігін көрсететін үлкен жүрегін бізге аманаттап кетті…

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика