Home » № 24//28.06.2013 » ҚКХП басшыларын Венесуэланың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі өз еліне сапарға шақырды

ҚКХП басшыларын Венесуэланың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі өз еліне сапарға шақырды

Жуырда ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Венесуэла Боливариандық Республикасының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Х.Рохас өз өтініші бойынша ҚКХП ОК хатшылары Ж.А.Ахметбековпен, Д.М.Легкиймен және А.О.Қоңыровпен кездесуге қызығушылық білдірді. Осыған байланысты Мәжіліс ғимаратында ҚКХП ОК хатшылары Ж.Ахметбеков, А.Қоңыров және Д.Легкий Венесуэла Боливариандық Республикасының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Хосе Мигель Муньос Рохаспен кездесті.

Қазақстан мен Венесуэла арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы 8 мамырда орнаған болатын. 2012 жылғы 18 маусымда Астанада Венесуэланың дипломатиялық өкілдігі ашылды. 2012 жылғы 19 қарашада Венесуэла Астананың «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізу құқығын қолдады. Ал Қазақстан жағы болса БҰҰ-ның бағдарлама және үйлестіру комитетіне 2015-2017 жылдары мүшелігіне Венесуэланың кандидатурасын қолдауға шешім шығарды. Ал 2013 жылғы мамырда Венесуэла Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдады.

Мәжіліс депутаты, ҚКХП ОК хатшысы Жамбыл Ахметбеков өзара түсіністік және достық жағдайында өткен отырыс барысындағы өз сөзінде екі ел арасындағы қалыптасқан сауда-экономикалық, саяси байланыстарға тоқталып өтті. Қазақстан мен Венесуэланың арасындағы сауда-экономикалық байланыстар екі елдің бір-бірінен географиялық жағынан алыстығына байланысты әлсіз дамыған. Атап айтқанда, 2012 жылы Қазақстанның Венесуэламен тауар айналымы небәрі 38,4 мың АҚШ доллары болған.

Венесуэла Боливариандық Республикасы соңғы кезде әлемдік сахнада өз лидері марқұм болған Уго Чавестің саясаты арқылы танымал болды. Ел сыртқы саясатта Ресей, Қытай, Куба, Беларус, Иран елдерімен ынтымақтастыққа басым бағыт беріп келеді. 2013 жылы билік басына келген президент Н.Мадуро бұрынғы мемлекет басшысы Уго Чавестің бағытын жалғастырып келеді. Ж.Ә.Ахметбеков Венесуэла Боливариандық Республикасы Президенті Н.Мадуроның атына құттықтау папка тапсырды.

Кездесу барысында Венесуэланың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Хосе Мигель Муньос Рохас Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясы басшыларын өз еліне сапарда болуға шақырды. Шақыру зор ықыласпен қабыл алынды.

Бек Әлиұлы,

Астана

Яндекс.Метрика