Home » "Коммунист Казахстана", № 39//15.11.2013 » Үкімет барлық бағдарламаларды біріктірмек

Үкімет барлық бағдарламаларды біріктірмек

Үкімет аймақтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың барлығын бірыңғай бағдарламаға біріктіруді жоспарлап отыр екен. Бұл туралы Үкімет басшысы Серік Ахметов ҚР Парламенті Мәжілісінің жуырда өткен жалпы отырысында мәлім етті.

      Бәрімізге белгілі, соңғы кезде Үкімет қабылдаған әр түрлі бағдарламалардың нашар жұмыс істеп жатқандығы мен бюджет қаржысының толық көлемде игерілмегендігі қоғамда әр түрлі сөздердің тууына әкеліп, Үкімет қатты сынға ұшыраған болатын. Солардың бірі аймақтарды дамытудағы олқылықтар. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осы мәселелерді сөз етіп, сынға алып, тапсырмалар берген  еді.

      Енді, міне Үкімет аталған сыннан қорытынды шығарып, бірнеше іс-шараларды іске асырмақ. Соның ішінде осы кезге дейін қабылданған бағдарламаларды біріктіру де бар. «Біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар жасауымыз керек. Қазіргі кезде барлық 46 бағдарламаға ревизия жүргізілуде. Оның бесеуі мемлекеттік бағдарламаға, қырық бірі салалық бағдарламаға жатады»,-деді Үкімет басшысы Серік Ахметов аталған отырыста сөйлеген сөзінде.

      «Бұл көптеген бағдарламалар қысқартылады дегенді білдіреді. Бұл мәселелер бойынша нақты ұсыныстар бар. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында бірінші кезекте бағдарламалардың әлеуметтік салаға бағытталғандығына, сапалы жұмыс орындарын ашуға арналғандығына, еңбек өнімділігінің өсуіне әсер ететіндігіне  баса назар аударылып, солар критерий ретінде алынбақ», – деді ол.

Енді белгілі бір салаға және бір бағыттағы бағдарламалар біріктіріледі. Атап айтқанда, аймақтарды дамыту бойынша бізде салалық алты бағдарлама қабылданған екен. Бұлар өте маңызды «Қол жетімді баспана», «Ақ бұлақ», моноқалалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықын дамыту секілді маңызды бағдарламалар. Бірақ олардың барлығы аймақтарды дамыту бойынша бір салалық болып келеді. Сондықтан осылардың барлығы бір үлкен мемлекеттік бағдарламаға топтастырылуы мүмкін.

Сонда Өңірлерді дамыту минитрлігі бюджет қаржысын бөлу аясында оларды бір үлкен бағдарлама аясында қарастыратын болады. Бұл бюджет қаржысын тиімді және толық игеру кезінде де өз септігін тигізбек. Бірнеше бағдарламаны орындаудан гөрі бір бағдарламаны орындау оңайырақ әрі оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, бақылап отыру да тиімді болмақ.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл жұмыстар ағымдағы жылғы қараша айында аяқталып, желтоқсан айында депутаттар талқысына шығарылады. Сосын  Мемлекет басшысына нақты ұсыныстар айтылмақ.

Бек Әлиұлы,

Астана

Яндекс.Метрика