Home » № 1603.05.2013 » Үкімет егде жастағы адамдарға жұмыс табуға көмектеспек

Үкімет егде жастағы адамдарға жұмыс табуға көмектеспек

Кейінгі кезде қоғамда орта жастан асқан адамдарға жұмыс табудың қиындығы туралы пікір қалыптасты. Расында да көптеген мекемелер мен ұйымдардың жұмысқа жастарды ғана алуға тырысуы бұған себеп болса керек. Осы мәселені депутаттар да көтерген болатын. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов Парламент қабырғасында азаматтардың жұмысқа тұру кезінде жасына байланысты құқығының тапталуының алдын алу үшін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізудің керектігін айтқан болатын. Осыдан кейін осындай заң жобасы заң шығарушы органның құзырына ұсынылды да. Оған бұндай келеңсіздіктер алдағы уақытта болмауы үшін бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді міне, осы мәселенің жаңғырығы Үкіметтің құлағына да жеткен секілді. Үкімет мүшелері 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуға көмектесудің кешенді жоспарын қабылдады.

«Экономикалық белсенді халықтың 6,3%-ын 55 жастан асқан жұмысшылар құрайды. Статистика агенттігінің ақпаратына сәйкес, олардың қоғамдағы үлесі жас көрсетікішінің артуына байланысты азайып отырады. Бұл жас санатындағы азаматтардың үлесін арттырып, қажетті зейнетақы жинақтарын жинауға қол ұшын беру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін министрлік бірқатар шаралар жүргізуді ұсынады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов.

Оның айтуынша, министрлік егде жастағы тұлғаларға жұмысқа тұру мүмкіндігін беруді, қарт адамдардың әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан қосқан үлесін мойындауды, ауылдық аймақтардағы инфрақұрылым мен өмір сүру жағдайларын жақсартуды, үздіксіз білім беру және кәсіби даярлық пен қайта даярлықты жүргізуді, сонымен қатар жұмыспен қамту және кәсіптік бейімделу бойынша қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді, зейнетке шыққалы отырған адамдардың арнайы білімдері мен әлеуетін олардың жинақтаған тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында қолдануды ұсынады.

Егер де министрдің бұл айтқандары шын болса егде адамдарға алдағы уақытта жұмыс табудың машақаты азая түспек. Бұдан былай жұмыс берушілерге жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар бергенде адамдардың жас мөлшерін, жынысын, ұлтын көрсетуге және т.б. ерекшеліктерін атауға тыйым салынады. Бұны бұзған тұлға қатаң жауапқа тартылады.

Үкімет қабылдаған кешенді жоспар бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды қарастырады. Нақты айтқанда, ҮИИДМБ-ға әйелдердің барынша мол қатысуы, «БЖК-2020» аясында 50 жастан асқан тұлғаларды кәсіпкерлікпен айналысуға ынтыландыру көзделген екен.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен жеке қосалқы шаруашылықты дамыту мақсатында мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы мен өндірілетін өнімді қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыру көзделген», – деп толықтырды ол сөзін.

Яғни, жоспарда ауылдық жерлердегі егде адамдарды жұмыспен қамту жағы да қарастырылған деген сөз. Тек бұл жоспар қағаз жүзінде қалмай нақты іске ассын дейік.

Тұрсын Бекұлы

Астана

Яндекс.Метрика