Home » № 1603.05.2013 » ҮКІМЕТТЕН ӨЗ МІНДЕТІН ДҰРЫС АТҚАРУДЫ ТАЛАП ЕТУ ҚАЖЕТ

ҮКІМЕТТЕН ӨЗ МІНДЕТІН ДҰРЫС АТҚАРУДЫ ТАЛАП ЕТУ ҚАЖЕТ

Алматыда «Сарыарқа гүлзарында» ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің ұйымдастыруымен «Бізге əлеуметтік жауапкершілігі бар мемлекет қажет» атты митинг өтті. Оған 120-дан аса қала тұрғыны қатысып, еліміздегі əлеуметтік ахуалдың ушығуына наразылығын білдірді. Айта кетерлік жайт, ҚР Парламенті Мəжілісінің ҚКХП фракциясының депутаттары да наразылық акциясына келіп, қарапайым халықтың мүддесін қорғауға дайын екенін білдірді. Жылдар бойы күтетін ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін Алматы қаласында жекеменшікке өткен, басқа мақсатқа пайдаланып жатқан балабақшаларды қайтару, жаңа балабақшалар салу, коммуналдық қызмет тарифтерін қайта қарастырып, мүмкіндігінше төмендету, отбасы үшін шынайы қолжетімді баспана салу, жұмыссыздықты азайтып, жалақыны көтеру жəне тағы да басқа мəселелер қамтылып, олар митинг соңында қабылданған қарарда көрініс тапты.

Халықтық коммунист Елнұр Бейсенбай бұл мəселелердің түйінін тарқату мақсатында ҚКХП-ның қолда бар мүмкіндікті пайдаланып жатқанын айтты.

«Алматы су», «Алматы жылу», «Алматы қуат тарату» – бұлар бизнес көзі емес, халыққа қызмет ететін стратегиялық нысандар. Оны басқарып отырған азаматтар міндеттерін дұрыс атқара алмаса, ол нысандарды мемлекетке, халыққа қайтарсын!

Қоғамдық бақылау негізінде басқарылсын. Бүгінгі митингте көтеріліп отырған басты мəселенің бірі – осы ТКШ- дағы тарифтердің көтерілу мəселесі. Осы митингіде тарифтердің көтерілу бағасына мараторий жариялау қажет деп есептейміз!– деді Елнұр Бейсенбай.

Митингте ерекше назар аударылған екінші мəселе – балабақша. Қазіргі таңда Алматы қаласында 45 мың бала кезекте тұр. Халықтық коммунистер 1,5 млрд халқы бар Қытайда балабақша мəселесі 100 пайыз шешілгенін мысал етіп көрсетті. Биліктің «Экспо – 2017» үшін 2 млрд. доллар жұмсап, балабақшаға қажетті 1 млрд. долларды қимағаны да тілге тиек етілді.

ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты Айқын Қоңыров ҚКХП фракциясының бұл мəселеге қатысты атқарған жұмысы туралы сөз қозғады.

Оның сөзіне қарағанда, əйелдердің зейнеткерлік жасын ұзарту мəселесіне қатысты былтыр 21 желтоқсанда фракцияның ашық отырысына Ұлттық банктің жəне басқа да билік өкілдері шақырылған. Бірақ Ұлттық банк өкілдері бұл шақыруды елемеген. Сол кезде ҚКХП Елбасының атына зейнеткерлік жасты ұзартуға қарсы хат жолдау туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ өткен айда тұрғын үй коммуналдық қызметке қатысты еліміздің əр өңіріндегі облыстық комитеттерге митинг өткізу туралы ұсыныстар жіберілген болатын. Нəтижесінде 4 өңірде ғана митинг өткізілді. Басқа өңірлер қарсы болды. Ал митинг өткізілген аймақтардағы БАҚ бұған қатысты ақпараттарды бір жақты ғана берген. Тіпті бұл митингті ҚКХП ұйымдастырғаны да көрсетілмеген.

Депутат мұндай жағдай неліктен орын алып жатқанын былайша түсіндіріп берді:

«Біз Кеңес үкіметі тарқаған соң нарықтық экономика құруға көштік. Бұл жолда бізге Əлемдік банк жетекшілік етті. Зейнетақылық жүйеде, экономикалық жүйедегі болып жатқан өзгерістер – солардың ұсыныстары. Зейнетақылық жүйе құрып бара жатыр деуге болады. «Төңкеріс» сөзін əрдайым коммунистерге тəн деп есептейді. Ал 2009 жылы үкімет нағыз төңкеріс жасады. Олар: «нақты тарифтерді белгілеп, оған жыл сайын үстеме қосамыз, ол қаржы модернизациялауға кетеді», – деп, ұсыныс жасады. Ал шын мəнісінде мүлде олай болған жоқ. Модернизацияны алға тарту арқылы халықты қаржылай қанап жатыр. Біз үкіметтен өз міндеттерін дұрыс атқаруды талап етуіміз қажет. Ана мен бала мəселесіне де билік немқұрайлы қарап отыр. Бізді оппозициялық партия деп атайды. Ал кеңестік терминмен айтатын болсақ, қазіргі билік те отырған министрлер де – зиянкестер. Олар өздері көтеріп отырған мəселеге, жасап отырған іс-əрекеттеріне халықтың қарсы екенін білмейтіндей кейіп танытады. Біздің фракцияның негізгі міндеті – осындай қитұрқы қадамға барып отырған адамдарды жауапқа тарту, – деп түйіндеді Айқын Қоңыров.

«Ар-намыс» РҚБ Алматы қалалық ф и л и а л ы н ы ң төрайымы Ирина Смирнова осы келеңсіздіктің бəрі де қоғамның үнсіз келісімімен жасалып жатқанын айтты.

«Біз қарсылық танытпаймыз. ТКШ тарифтерді көтеріп жатыр, ал біз үндемей отырмыз.

Біздің əрқайсымыздың Парламентке қарсылық білдіріп, хат жіберуге мүмкіндігіміз бар. Тіпті, кедей деген Қырғызстанда жарық құны 3 теңге, ал судың құны одан да төмен. Ол елде мұнай өндірілмесе де жағармай құны біздің елдегідей. Ал бізде жағдай мүлде басқаша»,– деп Ирина Смирнова халықты өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырды.

Санжар Арыс, Алматы

Яндекс.Метрика