Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Әкімшілік вандализм

Әкімшілік вандализм

Посткеңестік кеңістіктегі кеңестік мұралардан «арылу» дәстүрі елімізді де айналып өткен жоқ. Кеңес дәуіріндегі ұлылардың ескерткіштері қазір елеусіз орындарға апарып қойылды. Ендігі кезек – 28 панфиловшылар паркіндегі әйгілі Даңқ мемориалында ойылып жазылған саяси жетекші Василий Клочковтың: «Ресей – кеңбайтақ, бірақ шегінерге жол жоқ, артымызда Мәскеу», – деген сөзіне келіп тұр. Кейбір деректерге қарағанда, жуырда Алматы әкімдігінің ішкі саясат департаментінің қызметкерлері Мәскеуді, Сталинградты қорғап, Берлинді алған ардагерлер бірлестіктеріне қоңырау соғып, атақты коммисардың мәтелге айналған осы сөзінің ауыстырылатыны жөнінде ескерткен. Ол сөздің орнына қала билігі мынадай үш нұсқаны таңдауды ұсынған:

«Қазақстандықтардың ерлігі – халық үшін мұра, жас буын үшін үлгі»,

«Қаһарман-қазақстандықтарға мәңгілік тыныштық!»,

«Отан үшін шайқасқан қазақстандықтың ерліктерін мәңгі жадымызда ұстаймыз!»

Бір қызығы, әкімшілік қызметкерлері бұл бастаманың себебін, кімнің көтергенін түсіндіріп жатпаған. Ардагерлер кеңесі өз байламын 20 наурызда айтуға тиіс. Сосын таңдалған нұсқа Василий Клочковтың сөзін біржолата алмастырмақ.

Әрине, алматылық ардагерлер әкімшіліктің шешіміне қатты наразы. «Панфиловшылар паркіндегі Даңқ мемориалында қашалып жасалған Комиссар Василий Клочковтың: «Ресей – кеңбайтақ, бірақ шегінуге жер жоқ, артымызда Мәскеу», – деген сөзі мәңгі тұруы керек. Мәскеуді қорғаушылар мен панфиловшылардың пікірі осындай», – деп мәлімдеме жасайды ардагерлер.

Шынтуайтында, бұл – вандализмнен өзге ештеңе емес. Жақсы болсын, жаман болсын, тарихтың аты – тарих. Қазақстанның бір кездері Ресей империясының, одан кейін Кеңес одағының құрамында болғаны ақиқат. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қызыл әскердің қатарында талай қазақстандық қоңыр оба – фашизмге тойтарыс беру үшін жан алысып, жан берісті. Өткенді – тарихты өзгерту мүмкін емес. Керісінше, ешқандай өзгеріссіз, әлпештеп, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыста тас-талқан болып жеңілген Германияны мысалға алайықшы. Берлин, Гамбург және тағы да басқа қалаларда соғыстың кесірінен қираған, өртенген архитектурасы көз тамсандыратын тамаша темір жол вокзалдары мен шіркеулердің үйінді-қалдықтары әлі тұр. Оларды қалпына келтіруге Германияның әл-ауқаты артығымен жетеді. Ондағы мақсат – национал-социализмнің сорақылығын, неміс халқының басына қандай нәубет әкелгенін ұдайы жадыда ұстап, сабақ алу. Тіпті, неміс парламенті – рейхстаг ғимаратына бас сұқсаңыз, кеңес әскерлерінің қабырғаға аты-жөнін, туған жерлерін жазып тастаған жазулары әлі күнге дейін тұр. Рейхстагты қалпына келтірген немістер қабырғаларды гипсокартондармен қаптап тастаған. Кейін күрделі жөндеу жасаларда әлгі жазулар қайта көрінеді. «Бұл жазуларды не істейміз? Өшіріп тастаймыз ба, әлде, бетін сылап жібереміз бе?» – деген сұрақ туары заңдылық. Сонда көп талқылаудан соң немістер мынадай шешімге келген: «Жоқ, бұл жазуларды өшірмеу керек, барынша сақтау қажет. Өйткені, бұл – біздің тарихымыз». Гамбургте Сан Паули мөлтекауданына өтетін шағын көшені көрінбейтін етіп темір өткелді Гитлердің өзі салдырған. Оны да қиратқан ешкім жоқ.

Немістер ең сорақы кезеңдерді де ұмытпау керек екені, одан сабақ алу керек екенін жақсы біледі. Ал біз ше? Кеңес одағының күйрегеніне небәрі 20-жылға жуық уақыт өтті. Өткенімізге топырақ шашуға болмайды, кеңес дәуірінің ескерткіштері бүгінгі күнгі буынға керек болмаса да, болашақ үшін керек. Бабаларының қалай, қандай жағдайда өмір сүргенін, осы ескерткіштер арқылы сезіне білуге тиіс. Өзінің туған қаласында жүріп, әр дәуірдің тынысын байқай алуы қажет. Және шынайы баға беруші – қазіргі әкімшілік емес, ертеңгі келер ұрпақ. Біреуге ұнасын, ұнамасын, дәуір ескерткіштері сақталуы керек. Ол дәуір халыққа нәубет әкелсе – сабақ, мақтаныш сезімін ұялатса – үлгі. Бір тарихи дәуірден екінші дәуірге өткен сайын, бұрынғыны мансұқтап қирату тарихты бүлдіру, нағыз вандализм емей немене?

Айта кету керек, 28 панфиловшылар паркіндегі Даңқ мемориалы Жеңістің 30 жылдығына орай тұрғызылған. Мемориалды кешендің ашылуы 1975 жылы 8 мамырда болды. Қаһармандардың моласына Мәңгілік алау жағылды.

Санжар Арыс, Алматы

Сурет http://www.myshared.ru/slide/195209/

Яндекс.Метрика