Home » Партия тынысы, ҚКХП Орталық комитеті » КАЗБЕК ТАЙСАЕВ: «Бізге бірге дамудан басқа жол жоқ»

КАЗБЕК ТАЙСАЕВ: «Бізге бірге дамудан басқа жол жоқ»

РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, РФКП ОК хатшысы, КПО-КОКП  төрағасының бірінші орынбасары Казбек Тайсаев дамудың социалистік жолына сенеді және оны ең ұтымды жол, Қазақстан мен Ресейге  бұл жолды бірге өту белгіленген дейді. Оның  жаңа буын ізашарларға қарағанда алғыр болатынына сенімі мол.  Бұл сұхбат осы және өзге де тақырыптар төңірегінде өрбіді.

ТАЙСАЕВ

- Ресейлік және қазақстандық коммунистердің ынтымақтастығы туралы нақтырақ айтып берсеңіз. Біз бір бірімізден не үйрене аламыз? Қазақстандықтар ресейліктерден, және керісінше.

- Біз үнемі бір бірімізден үйреніп келеміз. Мен бұл жайында толығырақ біздің Парламенттеріміздің жұмыс тәжірибесі негізінде айтып бере аламын. Жуырда мен үлкен депутаттық құраммен Астанада болдым. Мен коммунист Леонид Калашников басқаратын ТМД істері бойынша комитеттің құрамындамын.  Біздің  комитет толық құраммен алғаш рет Астанаға келді. Біз осы жақтағы әріптестеріміздің жұмысымен таныстық, тәжірибе алмастық.

Турасын айтсақ, бізде ортақ нәрсе өте көп. Себебі біздің тарихымыз ортақ, бізді көп ғасырлық достық байланыстырады. Біз көп уақыт бойы бір мемлекеттің аясында өмір сүрдік. Қазіргі таңда біз ТМД одағының құрамында дамып келеміз. Сондықтан бір бірімізден үйренетініміз мол.

Сіздердің жетістіктеріңіз көп нәрсеге үйретеді. Астана деген керемет қала. 10 жылдың ішінде мұндай қала тұрғызу ақылға сыймайтын факт. Бірақ сіздердің қолдарыңыздан бұл келді.

Бізде де сіздермен бөлісетін тәжірибеміз өте көп. Ресей – әлемдегі ең ірі держава. Американдықтар қанша жерден байбалам салғанымен, адамзаттың барлық игі жетістіктері біздің, нақтырақ айтсақ, біздің ортақ елімізбен байланысты. Біздің кеңес Одағымен, Қазақстанмен, Ресеймен. Ғарышты игеру – адамзат үшін үлкен жаңалық. Бүкіл Одақтың күш-жігерімен алғашқылардың бірі болып біз ғарышқа аттандық. Біз бір бірімізге қол ұшын беріп отырдық, бірлесе еңбек еттік.

Бейбітшілік атомын бағындыруды, тың игеруді естеріңізге түсіріңіз. Мұның барлығы бірлесе отырып қол жеткізген жетістіктер.

Сонымен қатар бізді Ұлы Жеңіс біріктірді. Фашизмді басқаша жеңу мүмкін емес еді. Ол кезде біздің елге бүкіл Еуропа қарсы тұрды. Біз отанды қорғай алдық. Бүгінгі таңда американдықтар біздің жастарымызға Екінші дүниежүзілік соғысты олардың жеңгендігі туралы қаншалықты сендіргісі келсе де, кімнің жеңімпаз екенін біз білеміз ғой.

Біздің мақтан ететін дүниелеріміз де көп. Бауырлас халықтардың одағы, соның ішінде коммунистік партиялар одағы, осы немесе басқа формада болса да, бірақ оның өміршеңдігіне мен сенемін. Ол қазір де бар, ол нығайып келеді. Бізде бірлесе дамудан басқа дамудың  жолы жоқ.

Біздің әріптестер соңғы кездері Ұлы Қазан социалистік революциясына жала жабудың ауқымы кеңейіп бара жатқандығы туралы бірнеше мәрте айтты.  Қазақстандық коммунистер бірнеше рет батыстың үлгісі бойынша жазылған қазіргі оқулықтарға, ондағы кеңес заманының тарихын бұрмалауға қатысты Парламентте сауалдар жолдады. Мұнымен қалай күресуге болады?

- Бұл біздің ортақ қасіретіміз. Ортақ мәселеміз. Революцияға қарсы шығып жүрген идеологтар оның басты идеясын жоққа шығарады. Олар Ұлы Қазан идеясын айтудан бас тартады. Революция еңбек адамына бостандық берді. Ол кезде бұл ұлы социалистік жетістік еді. Отан үшін еркін жұмыс істеп, интернационал атанған тәуелсіз адам болмағанда көп нәрсе басқаша болушы еді. Біз алпауыт интернационалды ел болғандықтан соғысты жеңдік. Қазіргі таңда бұған күмән келтірушілер бар. Барлық ұлы жетістіктерге тек бірлесе ғана қол жеткізуге болады. Біздің басқа партиялардан ерекшелігіміз, біз қазір де еңбек адамының игілігі үшін жұмыс істейміз. Адам өз жерінде өзінің еңбегінің арқасында жақсы өмір сүруі тиіс. Ол өзінің отбасын асырап, ұл-қыздарын өсіру мүмкіндігіне ие болуы керек. Біздің балаларымыз бақытты балалық шаққа ие болулары қажет. Біздің қарттарымыз қамсыз кәрілікке лайықты. Бізде жоғары сапалы медицина мен білім болуы тиіс. Әрбір адам ата-аналарының кім екендігіне, қаржылық жағдайына қарамастан өз өзін жетілдіру мүмкіндігіне ие болуы қажет. Адамдар өз идеяларын іске асыру үшін бірдей мүмкіндікке ие болулары тиіс. Адамзат бұдан асқан игіліктерді әлі ойлап тапқан жоқ. Жалаға қарсы не істеуге болады? Сөзсіз, күресу қажет. Біз Ұлы Қазан революциясының 100 жылдығына орай біраз кітаптарды жарыққа шығардық. Бұл істе бізге Қытай коммунистері үлкен көмек көрсетті. Бұл жай ғана кітап емес, мұны кеңес билігінің, Ұлы Қазан революциясының барлық жетістіктері баяндалған оқулық деп атауға болады. Коммунистік партиялар, біздің фракциялар мен біздің депутаттардан басқа бұл жаламен ешкім күреспейді.

Егер біз тарихты қайта жазуға мүмкіндік берсек, біз балаларымызды жоғалтамыз. Қазіргі таңда Батыс, американдықтар мен біздің либералдар онсыз да осы іспен айналысып жүр.

Сондықтан біз Ресейде, сіздер Қазақстанда мұнымен күресеміз. Біздің балалар білім алып жүрген тарих оқулықтарында қазіргі заманғы Украинаның оқулықтарындағыдай  дүниелер жазылмас үшін күресеміз. Олардың оқулықтарында Шухевич пен Бандера батырларға баланып жүр. Бірақ біз олардың кеңес халқы үшін қанша қасірет әкелгенін білеміз. Еуропаның өзі фашизмнің зардаптарын ұмытқан. Қазіргі таңда олар шырақты шерулер мен бұл ағымды жандандыру әрекеттерін елемейді. Барлығы үндемейді және ештеңеге мән бермейді. Мұндай жағдай 30 жылдары да болған. Егер қазіргі таңда тарих қайталанса, ол бұрынғысынан бетер қанды, қатыгез формада қайталанады. Әрине, біз бұған жол бермеу үшін қолымыздан келгенін жасаймыз.

- Коммунистерге сіздің әріптесіңіз, Мемдуманың депутаты Наталья Поклонскаяның «Матильда» кинотуындысымен күресу әдістерін басшылыққа алудың кезі келген шығар, қалай ойлайсыз?

- Мен Поклонскаяны тарихи шындық үшін күрескер деп санамаймын, мен оны жақсы білемін. Ол өте белсенді және өзінің көзқарастарын ашық жеткізеді. Мен оның көзқарастарына қосылмаймын. Поклонскаяның бізге қарағанда жағдайы өте тиімді, оның эфирлік уақыт пен БАҚ-қа қолжетімділігі шексіз. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ болады.

Мен бізге де осындай белсенділіктің жетіспейтініне келісемін. Біз қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Бізде «Красная линия» телеарнасы бар. Әзріге ол интернет-телеарна форматында жұмыс істейді, бірақ біз алдағы уақытта спутниктік таралымға қол жеткіземіз. Сол кезде біздің қатарымызда да өз пікірінде тұра алатын жарқын тұлғалар мен шешендер бар екенін көрсетеміз.

– Алдыңғы сұрақтан туындайтын тағы да бір сұрақ. Біздің жастар… жаңа буын өкілдерінің санасына қалайша ой тастауға болады?  Жастар үлкен азаматтарға қарағанда үнемі революцияшыл. Әзірге мұны Алексей Навальный сияқты күмәнді саяси көшбасшылар тиімді пайдаланып жүр.  

- Мен мұнымен келіспеймін. Иә, Навальный интернет кеңістігінде белсенді жұмыс істеді әлі де істеп келеді. Кей кезде жастар оның арбауына түсіп жатады. Бірақ барлығы емес. Бір мысал келтірейін. Ресейде бір оқушыны мектептен шығару шешімі шыққан. РФКП көшбасшысы Геннадий Зюганов бұл оқушыға болысты. Жағдай былай болған. Тарих сабағы барысында оқушы Кеңес Одағына күйе жағып, бүкіл кеңес тарихын жоққа шығарған ұстазбен сөзге келген. Оқушының отбасында коммунистер жоқ. Ол өзі тарихқа қызығушылық танытқан. Қажетті ақпаратты өзі тауып алған. Өзі қорытынды шығарып, дауласқан.

Либералдардың мемлекетіміз артта қалды, ешқандай жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізген жоқ дегендеріне қарамастан,   жастар өз елінің жетістіктерін мақтан етеді. Бізде ГУЛАГ, жаппай ату, бөгеуші отрядтар және осы сияқты дүниелер болған  дегендерге жастар  сенбейді. Жастарды бейсаясаттылыққа тәрбиелеу үшін барлық амалдар жасалынды. Мектептерден октябрь, пионер, комсомол ұйымдарын алып тастады. Оның орнына жаңа ештеңе ұсынылған жоқ. Комсомол да, пионерия да жастардың бойында патриоттылықты тәрбиелеген, сол үшін де олар жабылды. Қазіргі кезде сырттан алынған дүниелер көп. Бірақ жағдай бұрынғыға қарағанда жақсарып келеді. Бізді кезінде сағыз бен кока-коламен қызықтырып алды. Біз бірнеше сатқындардың арқасында ұлы тарихты кока-кола, сағыз бен джинсыдың алпауыт еліне алмастырдық. Бірақ қазіргі таңда біздің балаларды мұндаймен сатып алу мүмкін емес. Бізде лайықты жас буын өсіп жатыр.

–Сұхбатыңызға рахмет.

ҚКХП ОК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Яндекс.Метрика