Home » № 21//07.06.2013 » Әлеуметтік мәселе ушығып барады

Әлеуметтік мәселе ушығып барады

Көлік рулінде күйеуі, артқы орындықта әйелі отыр. Екеуі қызу әңгімеге кіріскен. Әйелі телеарналардан көрген жаналықтар туралы айтып келеді. Күйеуі ара-тұра оған қатысты пікірін білдіріп қояды. Бір кезде әлгі әйел:

* Алматыда халық шулап жатыр. Ахметжан Есімов қызметінен кетсін дейді. Оның не істеп қойғанын түсінбедім. Не істеп қойды екен ол?

Күйеуі жұлып алғандай:

* Ештеңе! Ол ештеңе істеген жоқ, – деді қулана жауап берді.

Бұл ойдан шығарылған анекдот емес. Бүгін таксиде көзіммен көрген, анекдотқа бергісіз қызық жайт.

Сонымен, Алматы әкімдігінің алдына халық жиналып дүрлігіп жатыр. Олар Ахметжан Есімовтың отставкаға кетуін талап етті. Наразы топ: «Үлескерлер мәселесі мен жер, баспана дауын шешпек түгілі, әсем Алматыны алып ауылға айналдырған әкім орнынан кетсін” – дегенді айтты. Қала әкімдігі ғимаратының алдына жиналған халықтың талабы Ахметжан Есімовпен тікелей кездесу болды.

Жұртты дүрліктірген – әлеуметтік мәселелер: ерлер мен әйелдердің зейнет жасының теңесуі, тарифтердің шарықтауы, жұмыссыздықтың көбеюі. Араларында тақырға отырған үлескерлер мен ұлтарақтай жерге таласып жүргендер де бар. Төмендегі шенеуніктер арқылы шеше алмай шаршаған жұрттың соңғы үміті тек Есімовте болды…

–Төрт бес адам келсе, де милиция қаптап кетеді. Шаңырақтықтар жер мәселесімен сегіз жыл жүр, әлі жауап жоқ, – дейді ызалы бір алматылық.

Халық алдына шыққан қатардағы атқамінер “Есімовтың қолы бос емес, халықпен кездесе алмайды, арыз-шағым жазыңыз, қабылдаймыз” – деп кесіп айтты.

Әр айдың соңында әкімдік алдына жиналып, әкімнің жүзін көре алмай кететін халық “Есімовтың қарапайым жұрт үшін қабылдау күндері де жоқ” – деп шулады. Наразылардың айтуларынша, «қала әкімі тарифтерді тақымдап, жұмыссыздықпен күресуді қойып, Алматыны қоқыс қаласына айналдырып жіберген».

Алайда, Ахметжан Есімовтың орнына прокурорлар келіп, наразы халықты таратпақ болды… Қала әкімдігінің алдына жиналған халық Ахметжан Есімовпен кездесуді қанша талап еткенмен, әкім төбесін көрсетпеді.

Санжар Арыс, Алматы

Яндекс.Метрика