Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Ұлыстың ұлы күні – халықпен бірге!

Ұлыстың ұлы күні – халықпен бірге!

Мұсылман қауымы үшін ең асыл айлардың бірі Наурыз айының күн мен түн теңелетін 22-ші жұлдызы күні Қазақстанның бүкіл аумағы ұлы мереке Наурыз тойын атап өтті.

Әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Наурыз – жыл басы. Табиғаттың өзі де «Көктем келді, жаңа жыл келді!» деп айқайлап тұрғандай болып, күн шуағына бөленіп тұрды. Облысымыздың түгел дерлік барлық жерінде тойлауды әлдеқашан бастап кеткен. Әсіресе, ауылдарымызда кез-келген үйдің ішінде Наурыз мерекесінің дәстүрлі асы- Наурызкөже дайындалып, дастархан жайылып, бауырсақ пісірілді. Қала жұртшылығы болса таңның атысымен қаламыздың орталық алаңына асықты. Ата-бабамыздың кезеңінен қанымызға сіңген салт-дәстүрлер мен тұрмыс-тіршілігін тамашалауды ешкім өткізіп алғысы келмейтін сыңайлы. Шапан жамылған аталарымыз бен кимешек киген әжелеріміздің мейірімді жүздері жадырап, наурыз көже ұсынған қолдары молшылық пен жомарттықты, ырыс-берекені білдіргендей. Алаңды қоршалай тігілген киіз үйлердің маңы думанға, күлкі мен қуанышқа толы. Қазақ салты бойынша ұлттық киім киген өнерпаздарымыз халықты ән мен күйге, мың бұралған биге, тамаша көңіл-күйге бөлеп жатты. Ұлттық ойындар, спорттық бәсекені тамашалаушы халық тіпті көп. Осының барлығын бақылай келе қазақ болып туылғаныңды мақтан тұтып, бір марқайып қалатының рас.

Осынау ұлы тойдың қызықты кезеңін халықпен бірге көріп, тілектес ағайындарымызбен көңіл көтеру мақстаныда Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Қызылорда облыстық комитетінің мүшелері де орталық алаңға шықты. Тұрғылықты халқымыз қызыл киген коммунистермен танысып, ал осы уақытқа дейін білісіп келгендері мерекемен құттықтап жатты. Бір байқағанымыз бұл күні қабақ түйіп жүрген бір адам кезіктірмедік. Лайым елімізді бейбітшілік болып, халқымыз әрқашан осындай көңіл-күймен жүрсе игі. Тек өнерпаздарымыз ғана емес, сонымен қатар ақсақалдарымыз да сәнді шапандарын киіп, көздің сәніне айналып жүрді. ҚКХП Қызылорда обкомының мүшелері ұлттық киім киінген қарияларымыз бен қыз-келіншектермен бірге суретке түсіп, мерекеден кейін суреттерді алдын ала алынған мекен-жай бойынша таратты. Соның ішінде бөліп-жарып Төлеген атамызды айта кеткіміз келіп отыр. «Ата, біз коммунистік партияның мүшелеріміз», дегенді естігеннен атамыз көзіне жас алып, «Айналайындар өркендерің өссін, мақсаттарыңа жетіңдер»деп салды. «Коммунист» деген сөзді естіп қариямыз «коммунистік кезең» ол үшін өте ыстық екендігін, осындай ұлы тойда халық қамын ойлаушы партия мүшелерімен танысқандығына қуанышын білдірді. Мерекеден соң өзімізге жылы қабақ танытқан Төлеген атамыздың үйне қуана бардық. Наурыз мерекесінде түскен суретті алып келгенімізді естігенде ақсақал қатты қуанып кетті. «Алла денсаулық берсін, ұзақ ғұмыр берсін» деп батасын беріп, жүрегінде әлі коммунистік кезеңнің оты өшпеген қариямыз партия қатарының бір мүшесі болуға қуана келісті. Біз өз кезегімізде жүрегі мейірімге толы Төлеген атамызға әлі де келетінімізді, салтанатты түрде партия төс белгісі мен билетін табыстайтынымызды айтып, немере шөберелерімен бірге естелікке суретке түстік. Өмірдің қуанышы мен қиындығын көрген, талай жазы мен қысын басынан өткерген қарияларымыздан бата алу біз үшін үлкен қуаныш, ал олардан алғыс алу тіпті мәртебе.

М. Жүнісова

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы

Яндекс.Метрика