Home » "Коммунист Казахстана" » «Мұғалім болғаннан сақтасын»… Бұл қалай?

«Мұғалім болғаннан сақтасын»… Бұл қалай?

«Білікті ұстаз білімді ұрпақ кепілі, білімді ұрпақ жарқын болашақ кепілі»,- дейміз де, артымызға күдікпен қарап ойланамыз. Себеп көп, ал оның алдын алуға жасалып жатқан істер аз. Бүгінгі таңда ұстаздан қадір, шәкірттен ар кетті? Неге?

Тіліміз былдыр-былдыр енді шығып, өмірдің не екенін білмей тұрған кезде үлкендердің «өскенде кім боласың?» деген сұрағына ойланбастан, бала көңілмен «мұғалім» дейтінбіз, мақтанып. Ал қазір ше? Мұғалім болам деген баланы көрсек таңқалатын күнге жеттік. Себебі қазір бесіктен белі шықпаған баладан кім боласың деп сұрап көріңіз міндетті түрде депутат, әкім, заңгер, журналист… осылай ірі-ірі мамандықтардың тізбегі тізіле береді. Болсын, қазақ жастары өссін-өркендесін оған таласта-тартыста жоқ. Деседе көңіліңе қаяу салатын тағыда бір жайт үлкендер тарапынанда «балам мұғалімдікті қайтесің, босқа миыңды ашытқанша онанда пәленше бол»,-дейді. Дәп сол бір пәленше мамандығынан миы ашымайтындай-ақ. Осыған қарап  тұрып ұстаз деген ұлыққа кір келтіріп алған жоқпыз ба деген ойға кетеміз еркісіз. Қоғамдағы пікірді алып саралай бермей, нақты дәлелдерге де көз салалықшы.

Статистикалық мәліметтер бойынша еліміздегі 89 педагог даярлайтын университет, институттардан 34 мың мұғалім мамандығын алып шығатын жастардың, тек қана 10 мыңы мектепке ұстаз болып барады екен. Сондықтан 2011 жылдан бастап 49 білім ошағын педагогтарды даярлауға болмайды деп танып, тек 40 ЖОО-на болашақ ұстаздар даярлауға мүмкіндік берілгені белгілі. Ал бұл сандық көрсеткіш қаншалықты пайдасын келтіре алуда. Бұл шешімін таппас таласты сұрақ.

Білім және ғылым министірі Бақытжан Тұрсынұлы: «Біз мектептерді қаншалықты көркемдеп, заман талабына сай етіп жабдықтағанымызбен ұстаздардың берері аз болса, онда бізге келер пайда жоқ»,- деген болатын. Министр сөзіне сенсек педагогика мамандығын таңдайтындарға алдағы уақытта талап пен тәртіп күшейетін болады. Себебі педагог мамандығы өзге де қарапайым мамандықтардан да төмендеп, ҰБТ-да төмен ұпай жинаған кез-келген екінші түлек ұстаздықты таңдайтын көрінеді.

Қоғамдағы осы бір келеңсіздікке ел болып жол бердік. Себебі бала  мектептегі соңғы жылында тағдырын аманаттайтын, оқушының 11 жылдық білімін сарапқа салып бағамдайтын ҰБТ бар. Бар жиған-терген білімді бірақ нүкте шешетін кез. Мінекей осы кезде басталады ғой қызықтың бәрі. Жоғарғы ұпай жинағандар көктегі мамандыққа қол созады. Төменгі ұпай алғандар өз-өзімізді «болмаса мұғалімдікке тапсырам»,-деп жұбатамыз. Ақыры солай болып шығады. 11 жыл мектептегі соңғы партада жатып ұйықтайтындары, оқуға келмей ата-ана, ұстазды әбігерге салатындары ЖОО немесе колледждерде қайта жалғасады. Аман-есен қолына дипломын алады, сосын «мен мұғалім болмайын»,-деп шалқайады. Егер көкесінің қалтасы терең болса. Ал көбі амалдың жоқтығынан ауылға барып ұстаз болады. Бәріненде қызығы үнемі ұстазынан сөгіс естіп, тақта алдында тұратын батырлар мен бикештер арада төрт-бес жыл өткен соң «ҰСТАЗ» болып шағады.

Оқушысынан білімі сәл жоғары, замандастарымыз шәкіртімен бірге 11 жылдықты қайта оқып шығады. Бұдан кейін балаларымызды қандай ұстазға сеніп тапсырамыз? Болашақта білімді ұрпақ өсіп шығады дегенге сенудің өзі қиын…

Қарлығаш Хашымқызы

Астана

Яндекс.Метрика