Home » Партийная жизнь, Южно-Казахстанский обком » Мәжіліс депутаты кәсіподақтар Кеңесінде болды

Мәжіліс депутаты кәсіподақтар Кеңесінде болды

ОҚ облыстық кәсіподақтар Кеңесі мүшелері мен бірлестік төрағалары және бастауыш ұйым басшылары ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ахметбеков Жамбыл Әужанұлымен кездесті.  

 

Кездесу облыстық кәсіподақтар Кеңесінің мәжіліс залында өтті.

Жиынды облыстық кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов ашып, кездесудің мәнін түсіндірді. «Өздеріңіз білесіздер жуырда «ҚР Кәсіподақтары туралы» жаңа Заң қабылданбақ. Күні кеше министр Дүйсенова Тамараның төрағалығымен Жаңа Заңның жобасының тұсау кесерін өткізді. Комиссия алдын ала талқылады.    Әрине барлығы әдемі, төрт жағы түгел бола қалады деп ойламаймыз. 17 миллион халықтың бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Дегенмен жұмыс жүріп жатыр.   Бұл, Елбасының тапсырмасы. Қазір Парламент осы жұмысты қолға алғалы отыр. Сондықтан  көңілде жүрген сұрақтар мен ойлар, ұсыныстарыңыз болса айта отырыңыздар. Әлі де болса кеш емес. Заңның кез-келген бабына қосуға не болмаса алып тастауға уақыт бар»-деді.

 

ШАЛҚАР Әшірбек Қиянтайүлы– Білім және ғылым саласы қызметкерлері облыстық кеңесінің төрағасы.

 

Алдымен  ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ахметбеков Жамбыл Әужанұлына уақыт тауып кәсіподақ мүшелерімен  кездесіп отырғанына алғыс айтты. Сосын, білім және ғылым саласындағы кәсіподақ  бірлестігі облыс түгілі республикада ең үлкен сала екенін,  115 мың кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отырғанын жеткізді.

 

Содан ары, жаңа Заңға қосатын ойларымыз бен ұсыныстарымыз мынадай- деп сөзін жалғастырды. «Жаңа Заңда Кәсіподақ ячейкалары– деген сөз жиі қолданыста жүр. Бұл, бастауыш ұйым -деген сөздің баламасы. Сондықтан көпшіліктің санасын шаршата бермей осындай артық сөздерді алып тастау керек.

Екінші «локальный кәсіподақ» дегендер пайда болды. Неге олар өз алдына бөлінеді. Олар бір жерге яғни, бізге қосылуы керек.

 

Үшінші айтарым 14-бабта салалық кәсіподақтар орталықтың /республикалық кәсіподақтың/ филиалы болсын дейді. Сонда аудандық, қалалық кісіподақтарды не деп атаймыз. Олар да филиал бола ма? Мұндай жағдай да олар күшін жойып алады.  Салалық кәсіподақтар бұрынғыша заңды тұлға болып қала берсін.

Төртіншіден: «33-бабта кәсіподақ заңын бұзған кісілер ҚР Заңына сәйкес жауапты болады» деген. Бірақ қандай жауап, қандай жаза айтылмаған. Ал, Ресей заңында әкімшілік жауапкершілікке, тәртіптік жазаға тартылады деп анық көрсеткен. Біздің бұрынғы заңымыздың 37- бабында осы болған, ендігі өтінішіміз осы баб қалсын.

 

Ордабасы аудандық білім саласы кәсіподағының төрайымы Маханова Зәмира:

 

Біздің де айтпағымыз осы. Жаңа Заңда бастауыш кәсіподақ ұйымдары «заңды тұлға»  болмай қалайын деп отыр.  Онда біздің беділімізден түк те қалмайды. Жұмыстың бәрін атқаратын осы төмендегі ұйымдар. Қаржысыз түк те атқара алмайтынын түсінерсіз-деп, халық қалаулысына аманат айтқандай болды.

 

 

 Рысбеков Сапаралы Тұрдыұлы-облыстық кәсіподақтар Кеңесінің аппарат басшысы.

 

Негізінен жұмысшыны жұмысқа қабылдағанда жұмыс берушімен екі арада екі шарт түзіледі. Оның бірі «Еңбек шарты». Онда «жұмысшы қанша сағат жұмыс істейді», оған «қанша айлық төленеді», «қашан демалысқа шығады» ол «қанша күнге созылады»,- дегендей таза жұмыс бабындағы қызмет түрлері көрсетіледі. Ал, екінші шарт ол «ұжымдық шарт» болуы керек. Онда жұмысшының әлеуметтік жағдайлары тізіледі. Мәселен «автобуспен қатынап істейтіндерді үйіне және жұмысқа апарып-әкелу», «жұмысшының балаларын жазғы лагерге жібергенде жұмыс беруші қанша қаржысын көтереді», «жұмысшының өзі демалысқа шыққанда қандай көмектер көрсетіледі», «жеке үй салуға жер алуға не болмаса тұрғын үй бере алатын мекемелер қалай көмектеседі»-деген сияқты жағдайлар жазылады. Бар қиындық осында. Осы қаржылық қиындықты көтегісі келмеген мекеме басшылары жұмысшысын кәсіподаққа мүшелікке өтерде түрлі сылтаулар тауып қашқақтатады.   Жұмысшылар да арғы, түпкі мақсатты түсінбей кәсіподақты жаудай көреді. Бірақ, бір-екі жылдан соң түрлі жағдайлар қалыптасады да, көмек беретін адамдарды іздей бастайды. Ол кәсіподақ екенін бәрі бір түсінбеген күйі шыдамдылықпен жұмысын атқара береді. Жаңа Заң осы тұсқа көп көңіл бөледі деп сенеміз – деді.

Әбубәкіров П, Еркінбек Б, Әбуов А сынды басқа да кәсіподақ белсенділері мен бірлестік төрағалары осындай ойларын ортаға салды.

 

Кездесу соңында Ахметбеков Ж.Ә – біраз жағдайға көзім жетті. Парламентте кәсіподақ туралы, оның ағымдағы жұмыстары туралы жатқа соғып, ағып тұру міндетті емес. Ең бастысы осы ойларды Заң қабылданар тұста өткізе білуде. Мен өткізуге күш саламын. Ойларыңызды жеткізуге тырысамын-деді, бір жағы уәде бере, екінші жағынан кездесуге қатысып отырғандарды сендіре сөйлеп.

 

Өз кезегінде облыстық кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жамбыл Әужанұлына уақыт бөліп келгеніне және мағыналы да мәнді әңгіме-кеңес  жүргізгеніне облыстық кәсіподақтар Кеңесі және қатысып отырған азаматтар  атынан алғыс білдірді.

 

С.Рысбеков, Шымкент қ.

 

Яндекс.Метрика