Home » Партийная жизнь, Фракция "Народные коммунисты" » Мәжіліс депутаты коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтеріне алаңдаушылық білдірді

Мәжіліс депутаты коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтеріне алаңдаушылық білдірді

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков Ақмола облысы Қорғалжын ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты. Бұндағы негізгі мақсат су, жарық, жылуға бекітілген тарифтер мәселесін талқылау болатын. Кейінгі кездері жұртшылықты көбірек толғандырып жүрген тариф саясаты жөнінде өткен дөңгелек үстелге аудан әкімі К.Рыскельдинов, «ҚР Агенттігінің Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті»  МБ басшысы Т.Максилов, «Өрлеу» МКК директоры К.Мұхамеджанов, «Ақмола су арнасы» МКК директоры К.Жанпейісов, бас маман Н.Жұмажановтар қатысты.

Ауданда коммуналдық жүйелер, жарық желілері, су құбырлары әбден тозған. Жарық, жылу, су үшін қымбат тарифтерді бекіткен алпауыт кәсіпорындар тек пайда табуды ғана көздеп, жүйелер мен желілерді оңдап, ретке келтіру жағына онша бас ауырта қоймайтын секілді. Таза ауыз су проблемасы да жетерлік.

Мәжіліс депутатының ойынша, коммунальдық қызметтерге деген жоғары тарифтер адамдардың қалтасын қағып, олардың табыстарының қомақты бөлігін сыпырып алады. Және ол үнемі өсу үстінде. Неге? Қалай? Не үшін? Ол жағын түсіндіріп жатқан мекеме немесе билік өкілін көрмейсің.

Депутат Жамбыл Ахметбеков коммунальдық қызметтерге бағаның үнемі өсе беруін биліктің халық үшін аса маңызды болып табылатын коммуналдық секторды жеке меншіктің қолына беруімен түсіндіреді. Жеке меншік қожайындар халықтың есебінен барынша көбірек пайда тауып қалуға тырысады. Ал билік болса үнсіз. Өз құқығын қорғамақ болған тұтынушыларды сотқа арызданыңыз деген жалпы жауаппен шығарып салады. Осылайша не билік тарапынан, не мәслихат жақтан қолдау көрмеген тұтынушы коммуналдық қызметтерді жеткізіп берушілердің талауына түседі.

«Қазір жоғары тарифтер жұмыссыздықпен қатар халықтың кедейлене түсуіне ықпал етіп отыр. Өйткені тапқан табысыңның, зейнетақыңның, жәрдемақыңның едәуір бөлігін жұтып қояды. Зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы отбасылар мен бюджет саласының қызметкерлері үшін де ауыр жүк болып тұр», деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Ақмола су арнасы» МКК басшылығының табиғи монополиялар мен реттелетін нарық туралы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысын қанағаттанғысыз деп тапты. Сонымен қатар бір ай ішінде «Ақмола су арнасы» МКК тарифтерді оңайлатылған ретпен бекітуге ұсынуы тиіс. Жаңадан қабылданған нысандар бойынша Сабынды, Қорғалжын, Абай, Майшұқыр, Жантеке, Шалқар секілді елді мекендерді сумен қамтамасыз ету қызметіне де бағаларды келісуі қажет. Сондай-ақ «Өрлеу», «Ақмола су арнасы» МКК қаржы-шаруашылық жүйесіне сараптама жүргізіліп, дәлелсіз шығындар қысқартылуы керек. Олар  нормативтік-техникалық шығындарды да азайтудың жолдарын қарастыруы тиіс. Энергияны көп тұтынатын қондырғыларды да энергияны тиімді пайдаланатын сорғылар мен механизмдерге ауыстыру ұсынылды.

Аман Іргебай

Астана

04.11.2013г.

Яндекс.Метрика