Home » "Коммунист Казахстана", № 40//22.11.2013 » Мәжіліс «Шетпе-Ақтау» көлік жолын жаңғыртуға арналған келісімді бекітті

Мәжіліс «Шетпе-Ақтау» көлік жолын жаңғыртуға арналған келісімді бекітті

Жуырда Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасында 2013 жылы  18 маусымда қол қойылған қарыз беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл келісім бойынша Азия даму банкі ұзындығы 170 шақырым болатын «Шетпе-Ақтау» көлік жолын жаңғыртуға 371,3 миллион АҚШ доллары қарыз береді. Қарызды қайтару уақыты жиырма жыл болып табылады. Оның бес жылы жеңілдік кезеңі. Сондай-ақ республикалық бюджеттен 45,9 миллион АҚШ доллары бөлінеді. Бұл келісімді іске асыру халықаралық көлік бағыттарын Қазақстан Республикасы мен Маңғыстау облысы арқылы өтуін қамтамасыз етеді. Ал бұл болса өз кезегінде адамдарға жұмыс, сауда мен туризмнің дамуына ықпалын тигізеді. Әрі ел экономикасына оң ықпал етеді. Мәжілістің комитеттері келісімге оң баға берген.

      Қазақстан Республикасы соңғы жылдары елдегі жолдарға баса назар аударып, ескілерін жаңартып, жаңаларын салып жатқаны белгілі. «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» жолы да үлкен қарқынмен салынып жатыр. Бұл жол іске қосылған соң Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия көліктері Қазақстан аумағы арқылы тікелей Еуропаға шығатын болады. Сөйтіп, Қазақстан бюджетіне жыл сайын қомақты қаржы түсіп тұрмақ. Қазірдің өзінде жолдың басым бағыты салынып бітті. Оған Азия даму банкі мен халықаралық қаржы ұйымдары қаражат бөлуде. Аталған келісімдердің Парламентте ратификациядан өтуі заңды құбылысқа айналған. Алда тағы да осындай бірнеше келісімдерді бекіту бар. Шымкент-Ташкент күре жолына да ақша бөлінген, енді тек жол құрылысын бастау қалды. Осының бәрі еліміздегі жолдардың жағдайын жақсартып, экономиканың көтеріліп, елдің имиджін нығайтуға қызмет етпек.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика