Home » № 15//26.04.2013 » Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050 Стратегиясында» азаматтарды мемлекеттік шешім қабылдау және оларды жүзеге асыру үрдесіне қатыстыруға, сондай-ақ жергілікті маңызды мәселелерді өз бетінше шешу мәселелеріне ерекше маңыз бергені белгілі.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасының ережелерін заңнамалық деңгейде іске асырудың күн тәртібінде тұрғанына ерекше тоқталды.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Айгүл Соловьеваның атап өткеніндей, заң жобасы, халықтың жергілікті қоғамдастық жиыны мен жиналысы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент, ауыл әкімдерін мәслихаттардың сайлауы арқылы олардың сайланбалығын енгізуге, жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуде төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігін кеңейтуге және нығайтуға бағытталған.

Айгүл Соловьева сондай-ақ Елбасы бекіткен Тұжырымдамада жергілікті басқару үрдістерін енгізу екі кезеңге бөлініп қарастырылғандығын, бірінші кезең 2013-1014 жылдарға есептелгендігін және қазіргі төменгі деңгейдегі басқару жүйесінің әлеуетін кеңейтуді көздейтіндігін жеткізді. Осыған байланысты, жұмыс тобында тәртіптерді, процедураларды, сондай-ақ жиындар мен жиналыстарды өткізу тәртібін жетілдіру мен жақсартуға бағытталған қызу талқылау өтуде.

Әсіресе, жергілікті басқарудың экономикалық жағына қатысты нормаларға басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта жергілікті басқаруды одан әрі дамытуды көздейтін Тұжырымдаманың екінші кезеңіне дайындық үрдісі басталды, деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, заң жобасы басқа да депутаттардың қызу талқылауына түсті. Оларды негізінен ауыл әкімдерінің қалай сайланатындығы, олардың бюджеттерінің қалай құралатындығы, қаншама болатындығы секілді мәселелер қызықтырды. Ауыл әкімінің жергілікті қаржыны басқаруы барысында сыбайлас жемқорлықтың орын алу-алмауы, кәсіпкерлер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты қаншама жұмыс орнының құрылатындығы, жоғары билік органдарынан қаншама мемлекеттік қызметкерлердің ауылды жерлерге жіберілетіндігі, олардың қандай мәселелермен айналысатындығы да әлі де нақтылай түсуді керек ететіндігі жасырын емес.

Ал жалпы заң жобасын қоғамның көптен бері күтіп отырғандығы рас. Бірақ осыған байланысты қажетті заңнамалардың асығыс қабылданбауы да керек. Бұл мәселеге өз сөзінде палата төрағасы Нұрлан Нығматулин де арнайы тоқталды.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика