Home » "Коммунист Казахстана", № 36//25.10.2013 » Мектеп балаларының, жастардың спортпен қамтылуы алаңдатарлық жағдайда

Мектеп балаларының, жастардың спортпен қамтылуы алаңдатарлық жағдайда

Елімізде «бірінші байлық – денсаулық» деген қанатты сөз бар. Рас, денсаулық болмаса мына өмірдің қызығы да болмай қалады. Денсаулық болғаннан кейін ғана адам жұмыс істейді, көңіл көтереді, бір сөзбен айтқанда толыққанды өмір сүреді. Ал денсаулығыңнан айырылсаң мына өмір тозақ болып көрінеді. Ал денаулығың жақсы болуы үшін спортпен дос болу керек. Осы жағы бізде қалай жолға қойылған?

Жуырда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың айтуынша, елімізде әскерге шақыртылатын он баланың жетеуі медициналық тексеруден өте алмайды екен. Сондай-ақ жыл сайын мектеп оқушыларының арасында дене шынықтыру бойынша нормативтерді, президенттік тесті табысты тапсыратындар көрсеткіші төмендеп барады. Мәселен, былтырғы жылы президенттік тест тапсыруға қатысқан 613 мың мектеп оқушысының тек 3,6 пайызы ғана оны үздік орындаған. Ал «жақсы» бағаға тапсырғандар он пайыздан сәл асса, қалғаны бұл сынақты мүлдем тапсыра алмаған.

Иә, бұл алаңдататын көрсеткіш екен. Яғни, өскелең ұрпақтың денсаулығы, спортпен айналысу жағы нашар деген сөз.

«Әскери бөлімдердегі медициналық тексерулерге келсек, мұнда да шақыртылған он баланың жетеуі біздің әскерге қызмет етуге жарамсыз деп танылады», дейді ол. Бұл жерде нақты бір нәрсені біліп алу керек секілді. Мүмкін әскери орындар, военкоматтар әскерге алынатын балалардың санын шектеу үшін осылай кедергілер келтіріп жүрген болар. Өйткені Қазақстан армиясының саны шектеулі. Бәрін бірдей қатарына ала бермейді. Әлде нормативтер талабы қатал ма?

«Қазіргі күні агенттік нормативтерге өзгерістер енгізу жұмыстарымен де айналысып жатыр. Сонымен қатар, жеті мыңнан астам жалпы білім беретін мектептердің тек бес жарым мыңы ғана спорттық залдармен қамтылған. Алайда, олардың материалдық техникалық жабдықталуы көңіл көншітпейді. Тіпті ауылдық жерлерде қарапайым спорт құралдары да жетіспейді», дейді Е. Қожағапанов.

Былтыр еліміздегі спорт секцияларымен қамтылған мектеп оқушыларының саны 27 пайыз ғана  болған, ал әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш мектеп оқушыларының 80 пайызынан астамын қамтиды екен. Яғни, бізге әлі әлемдік тәжірибенің ауылы алыс деген сөз.

Енді осыны қалай түзеуге болады? Агенттік төрағасының айтуынша, мектептердің сабақтан тыс оқытулары үшін азаматтық қызметкерлерге жалақы төлеу базалық жалақысына 40-50 пайыздық үстемеақыны құрайды.

«Зерттеулер көрсеткеніндей, бұл үстемақы шамамен 8 мың теңгені құрайды. Осының өзі елдегі, оның ішінде ауылдағы мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты жаппай дамытуға кері әсерін тигізіп отыр. Дене шынықтыру мұғалімдерін де сабақтан тыс спорттық шаралар ұйымдастыруға, жарыстарға жастарды апаруға ынталандырмайды», дейді Е. Қожағапанов.

Ал әлемдік тәжірибеде бұл жағы басқаша дамып отыр екен. «Мәселен, Канадада сабақтан тыс спорт секциялары бойынша мұғалімге мектеп оқушыларының тікелей санына қарай жалақы төленеді», деді Спорт агенттігінің төрағасы.

Бұдан бөлек, агенттік басшысы мектептердегі оқу сағаттарында дене шынықтыру сабақтары апталық көрсеткішінің екі сағатқа кемігеніне де алаңдаушылық білдіреді.

«Бұндай қысқарту халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейді. Халықаралық спорттық стандарттар апталық 3-6 сағатқа артық. Ал біздегі сағаттарды қысқарту жасөспірімдердің дене шынықтыруы мен спорттық көрсеткіштеріне кері әсер етуі мүмкін», – деді Е. Қожағапанов.

Әсер етуі мүмкін емес, әсер етіп отыр десе дұрыс болар еді мемлекеттік шенеуніктің. Өйткені көрсеткіштердің өзі осыны көрсетіп отырған жоқ па?

«Бүгінгі таңда халқының 70 пайызы спортпен шұғылданатын әлемдегі жалғыз ел Финляндия екен. Бұл мемлекеттің мектептерінде дене тәрбиесінен аптасына бес сағатқа дейін міндетті түрде сабақтар өтеді. Польшаның Сеймі күн сайынғы дене шынықтыру сабақтарын мектептің бағдарламасына енгізу туралы заң қабылдады. Ал АҚШ Сенаты бастауыш мектептің оқу жоспарына күн сайын өтетін дене шынықтыру сабағын енгізген», дейді ол. Ал Қазақстанда спортпен шұғылданатын азаматтар саны ел халқының 21,6 пайызын құрайды екен. Бұның қаншасы шын, қаншасы қосып жазылғандығын бір құдайым ғана біледі.

Ал жалпы өскелең ұрпақтың, жастардың денсаулығынан ақша аяудың қажеті жоқ. Мектептерді спорт құралдарымен, заманауи спорт залдарымен қамтамасыз ету, мұғалімдердің жалақысын көтеру экономикасы дамып келе жатқан біздің ел үшін еш қиындық тудырмайды. Тек назар аудару, көңіл бөлу жетіспей жатқан сыңайлы.

 

Аман Іргебай

Астана 

Яндекс.Метрика