Home » № 5//08.02.2013 » МЕКТЕП СПОРТ ЗАЛДАРЫН КОММЕРЦИЯЛЫҚ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК…

МЕКТЕП СПОРТ ЗАЛДАРЫН КОММЕРЦИЯЛЫҚ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК…

ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков еліміздегі мектеп спорт залдарын коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салуды ұсынды төменгі палатаның жалпы отырысында.

Адамзат баласының өркениетке жетуі, ұлттың жарқын болашағы қоғамдағы жəне мемлекеттегі жүргізілетін салауатты өмір салтына, жас өскелең ұрпақтың тəрбиесіне тікелей байланысты екені сөзсіз.

Өз халқының болашағына селқос қарамайтын кезкелген мемлекет бала тəрбиелеуге, жұртшылық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға əсіресе, жастардың дене шынықтыру тəрбиесіне, бұқаралық спортқа баса мəн беруі тиіс. Алайда, елімізде спорттық ғимараттарды пайдалану ісінде оның мүмкін болмай отырғаны белгілі.

Бүгінгі күннің ащы да болса шындығы сол, спорт ғимараттарының есігі қазір спортпен шұғылданамын деген жастар үшін жабық, дəлірек айтсақ жалдау ақысы тым қымбат. Мысалы, Балуан шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынының бір сағаттық жалдау ақысы сағатына 60 мың теңге. Бұқаралық спортты айтпағанда спортпен тұрақты айналысатын спортшылар, жаттықтырушылар спорт залдарына жақындай алмай жүр. Спорт залдарының бұқара халыққа қолжетімді болмауы бұқаралық спортты дамытуға ең басты қол байлау, ең басты кедергі болып отыр. Міне осы жайттардан сауалын бастаған депутат министр мырзаның назарына спортқа қатысты біршама дүниелерді құлаққағыс етті.

«Мемлекет спорт сарайларын коммерциялық пайдадан гөрі ұлттың, болашақ ұрпақтың денінің саулығы үшін пайдалануы тиіс», -деп сөзін жалғастырған Жамбыл Əужанұлы Серік Нығметұлының назарына спорттың жағдайын жақсарту үшін төмендегідей етіп 4 топқа бөліп ұсынды.

Сонымен:

1) дене шынықтыру жəне спорт саласын реттейтін заңнамаларға (олар: «Дене шынықтыру жəне спорт туралы» заңы, «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді əлеуметтік қорғау туралы» заңы т.б.) салауатты өмір салтын насихаттайтын, спорттық объектілер мен спорт ғимараттарын тек спорттық, дене шынықтыру, жаттығу, сауықтыру мақсаттарында ғана пайдалану, өзге мақсаттарға мысалы, эстрадалықцирктік қойылымдарға, медициналы қ – халық шаруашылығы көрмелері секілді іс-шаралар өткізудің басымдығын шектеу;

2) мемлекеттік немесе коммуналдық меншікке қарайтын спорт объектілерінің баға саясаты осы спорттық объекті тұрған аумақтағы əлеуметтік қорғалмаған халықтың, соның ішінде мүгедектердің де қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, жергілікті əкімдікпен келісіле отырып белгіленуі тиіс;

3) орта білім беретін мектептердің спорттық алаңдары мен спорт залдары жалпы білім беретін уақыттан өзге мезгілдерде бірінші кезекте жастардың, балалардың, жасөспірімдердің спорттық секциялары мен спорттық үйірмелерінің жұмысына пайдаланылуы тиіс, мектеп директорларына өзге коммерциялық мақсаттарға пайдалануына қатаң тыйым салу қажет

4) ҚР Қылмыстық, Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне талаптарды сақтамайтын спорт саласының басшыларына жазаны қатайтатын өзгерістер енгізіп, талапты күшейтуміз қажет.

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың биылғы халыққа жолдаған жолдауында халықтың денсаулығының кепілі бұқаралық спортты дамытуға баса мəн берілуді атап өткені көзі қарақты көрерменнің назарында.

Елбасы бұқаралық спортқа халықтың кемінде 30% тартылуы тиіс деп тікелей міндет қойды. Жасөспірімдер мен балаларды спортқа тарту осы ұлы міндетті жүзеге асырудағы жүйелердің біреуі ғана екені сөзсіз.

«Жалпы білім беру мектептеріндегі спорт алаңдары мен спорт залдары оқудан тыс уақытта ең алдымен жастардың, жасөсіпірімдер мен балалардың спорт секциялары, үйірмелері үшін пайдаланылуы керек. Мектеп директорларына оны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салу керек», – деді Ж. Ахметбеков ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтың атына жолдаған депутаттық сауалының түйінінде.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Астана қаласы

Яндекс.Метрика