Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Мерекеге айналған жиын

Мерекеге айналған жиын

Үстіміздегі жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында Қызылорда орталығында орналасқан «Айғаным» кешенінің жиналыс залында ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің кезекті ІІІ пленумы болып өтті.

Пленумға Облыстық комитет мүшелерімен қатар ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков, партия ардагерлері, аудандық комитеттердің хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдары, өңірлік басқарма қызметшілері, партия белсенділері және партия мүшелері қатысты. Жиналыс төралығын ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің ІІ –хатшысы Ж. Опабекұлы жүргізді.

Ең алғашқы болып сөз сұрап, «уақытыңыздың тығыздығына қарамастан келіп отырғаныңызға рахмет», деп Ахметбеков жолдасқа алғысын білдірген Жалғас Егізбаев болды. Әкесі Нағымедин Егізбаев ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-хатшылығын ең алғашқы болып атқарған. Қазіргі таңда ол кісіні бүкіл Сыр өңірі біледі, құрметтейді. Бірнеше кітап шығарған, солардың біршамасын Нәкеңнің баласы Жалғас Егізбаев естелік ретінде Ахметбеков жолдасқа табыстауды жөн көрді.

Әрі қарай пленум өз жалғасын тапты. ҚКХП Қазалы аудандық комитетінің жұмысы туралы аупарткомның І-хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Шамшадин Өксікбаев осы күнге дейін жасалып келген жұмыстары жайында хабарлама жасап, халық оған арыз-шағымдармен көптеп келетіндігін, сол себептен қаржы мәселесін қарастыруды ұсынды. Оның ұсынысын Арал аудандық комитетінің І-хатшысы Алмат Балшамбаев құптады. Арал өңірінде де партия тарапынан депутат болып отырған Марат Жолдасбаев халықпен өте көп жұмыс жасайтындығын және бұл істің нәтижелі болуы тікелей қаражатқа байланысты екендігін айтып өтті. Аудандық хатшылардың айтуы бойынша егер халықпен жұмыс жасауға барлық жағдай қарастырылса, жұмыс алға басатыны сөзсіз. Бұл ұсыныстарға Орталық комитет хатшысы Жамбыл Ахметбеков партиямыздағы қазіргі жағдайдың едәуір жақсарғандығы жайлы және алдағы уақытта одан жақсы болмаса, жаман болмайтындығын атап өтті.

Сонымен, жиналысымыздың басты мәселесіне де келіп тоқтадық. Сонау президенттік сайлаудан бастап, осы күнге дейін ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-хатшысы міндетін атқарып келген Жұмабек Досаев жасының ұлғаюына байланысты өзін осы міндетінен босатуды сұрап, артынан ізбасары ретінде Талғат Рахымұлы Телеубаевты ұсынды. Бірауыздан Талғат Телеубаев ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-хатшылығына сайланды. Жиналысқа қатысушылар тарапынан құттықтауларды қабылдап үлгірмей жатқан Талғат Телеубаев жолдас болса өз ретінде халық қамының жақсаруы және партия жұмысының жақсаруы үшін еңбегін аямайтындығын айтып, көпшілік алдында өзіне көрсетілген сенім үшін ризашылығын білдіріп, сөз сөйледі. Ал, Жұмабек Досаев бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Бұл күні Досаев жолдасқа жылы лебіздерін білдірушілер көп болды. Жамбыл Ахметбеков Орталық комитет және Орталық тексеру –бақылау комитетінің атынан Алғыс хат ұсынып, осы күнге дейін атқарып келген еңбегі үшін алғыс білдірді. Облыстық комитет мүшелері де өз тарапынан сыйлақтары мен гүл шоғын табыстап, ниет-тілектерін айтты.

Осылайша әлеуметтік мәселелерден басталған жиналыс мерекелік жиынға алмасып кетті десек те болар. Барлық алға қойылған мәселелер қаралып, қатысушылар толық қанағаттандырылғаннан кейін, мерекелік көңіл-күйдегі қатысушылардың барлығы түскі асқа шақырылды, әрі қарайғы жолдастық әңгіме дастархан басында жалғасты.

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы Майра Жүнісова

Суреттерді автор ұсынды.

05.03.2013ж.

Яндекс.Метрика