Home » "Коммунист Казахстана", № 41//29.11.2013 » ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ – ХАЛЫҚҚА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ – ХАЛЫҚҚА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің жанында бірнеше жыл көлемінде Қоғамдық қабылдау жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында халықтық коммунистерге қала халқынан көптеген арыз-шағым келіп түсті.

Қоғамдық қабылдау қызметінің басты мақсаты қоғамымызда болып жатқан түрлі шиеленісті жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау. Бұл тұрғыдан партияның жұмысы ауыр. Себебі сеніп келген әр азаматқа жанашырлық танытып, олардың мәселесіне бей-жай қарамау кез келгеннің қолынан келетін шаруа, алайда оған көмек қолын созу, сол мәселені шешуде белсене жұмыс атқару күрделі процесс.

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің заңгері Тұңғатов Серіктің айтуынша келген өтініштердің басым көпшілігі заңды кеңес беру, комму­нал­дық тұрғын үй шаруашылығы мәсе­лелері, әлеуметтік мәселелер  – жәрдемақы, зейнетақы, білім беру, денсаулық сақтауға қатысты. Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекеті­не наразылық білдірген тұрғындардан да шағым түскен.

Күнделікті біздің партияға бірнеше адамнан түрлі мәселелер бойынша шағым түседі. Әрине олардың барлығын шеше алмаймыз. Дегенмен қолдан келген көмектің барлығын көрсетуге дайынбыз. Мәселен, Игинбаева Х.А. деген зейнеткерден Алматы қаласында орналасқан бір суқоймасына (водоканал) қатысты арыз келіп түсті.  Даудың басы Игинбаеваның үйіне қарыз ретінде 4333 теңге көлеміндегі сомма жазылған түбіртектің келуінен басталады. Ай сайын ақшасын төлеп отырған үй иесі, түсінбеушілік болар деп, мәселені шешуге суқоймасына барады. Онда ол кісіге салқын су есептеуіш құралын ауыстыруыңыз керек еді, бұл жөнінде біз түбіртектің төменгі жағында ескерткенбіз дейді. Алайда, ұсақ әріптермен жазылған ескертуді көрмеген зейнеткер 2010 жылдың сәуір айында ғана су есептеуіш құралын ауыстырған. Дегенмен оған суық суды өшіріп тастаймыз деген қоқан-лоққы сөздермен түбіртектер келуін тоқтатпаған. Міне, осы мәселе бойынша біз «Бастау судың» басшыларына барып, заңгерлерімен кездестік. Оларға мен жағдайды түсіндіріп, үлкен кісіге ескертуді неге ұсақ әріптермен, ал айыппұл төленетінгігі жөнінде үлкен әріптермен жібердіңіздер деген сұрақ қойдым. Оларда өз қателіктерін түсініп, мәселенің анығына жетіп, зейнеткердің қарызын төлемеуге рұқсат етті- дейді С.Тұңғатов.

Бұл Алматы қалалық комитетке келген шағымның біреуінің ғана шешімі болатын. Ал, ондай шешімін тапқан мәселелер қаншама, шешімін таппағаны да жетерлік. Пар­тияның негізгі мақсаты да халық пен билік арасында көпір орнатып, олардың арман-тілегін, мұң-мұқтажын есту, естіп ғана қоймай олардың орындалуына аз да болса көмегін тигізу.

Қала тұрғындарынан келген алғыс хаттар, Алматы қалалық комитетінің кеңсесіне келіп, арнайы ризашылықтарын білдіргендері, тілектері халықтық комунистердің еңбегінің көрінісі.

Шляхтова Александра, шағымданушы:

–  Мен заңгерлік көмек бойынша ҚКХП Алматы қалалық комитетінің заңгері Тұңғатов Серікке жүгіндім. Ол маған үлкен көмек, қолдау көрсетті, ал ең бастысы ісіміз алға жылжыды. Сондықтан халықтық коммунистерге жауапкершіліктері, қайрымдылықтары, біліктіліктері және сауаттылықтары үшін үлкен алғысымды білдіремін. ҚКХП Алматы қалалық комитетінің жанындағы Қоғамдық қабылдауға бар болғандарыңыз үшін рахмет айтамын!

Халықтан келген хаттар еңбегіміздің жемісі, нәтижесі дейді ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

–  Осы уақыт аралығында атқарылған шаруа аз емес. Алайда, біз ешқашан бұл жұмыстармен мақтанбаймыз. Себебі халық үшін жасалғанның барлығы, біздің партияға сенім артып, дауыс берген күннен бастап,  бізге артылған міндет, сенім деп білеміз. Керісінше  біз халықтың сенімі үшін алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ қоғамдық қабылдаудың әрі қарай жұмыс істейберетіндігін жеткізгім келеді.

Әзімхан Гүлнұр,  Алматы қалалық комитеттің баспасөз хатшысы

Яндекс.Метрика