Home » № 12//05.04.2013 » «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген

«Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген

Елімізде «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен 2020 жылға дейін 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл бағдарлама бойынша бір шаршы метрдің құны 80 мыңнан 100 мыңға дейінгі теңге аралығында белгіленген. Ал салынбақ пәтердің аумағы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейін болады. Ай сайынғы төленетін сома 50 мың теңгенің айналасында болмақ.

Бағдарламаның негізгі көздеген мақсаты екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй сатып алуға қауқарлары келмейтін азаматтарға қолдау көрсету. Өйткені қазіргі уақытта еліміздегі үлкен қалаларда баспананың қымбаттап кеткені соншалық оны жай қатардағы қызметкер немесе жұмысшы сатып алуға шамасы жетпейді. Ал халықтың басым бөлігі орташа ғана жалақы алатыны белгілі. Банктердің ипотекалық несиелері де қымбат. Қоятын талаптары да жоғары.

Ал қалалы жерлерде жер алып, үй салып ала қояйын десең, жер де берілмейді. Барлық кезде жер беру үшін бірінші кезекте инфрақұрылым болуы, яғни ол жерде жол салынған, ыстық, суық су тартылған болуы керек деп сылтау айтады. Ал сол инфрақұрылымды салып жатқан әкімдікті тағы көрмейсің. Таяуда Жер ресурстарын басқару агенттігі бұдан былай қарай еліміздің азаматтарының үй салу үшін 10 сотық жерді тегін алуға құқы бар деген заң талабын қайта қараймыз деп мәлімдеді. Енді бұдан кейін баспана бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін.

Астана мен Алматы қалаларында баспананың қымбат болуы бірінші кезекте ол қалаларда жұмыс орындарының болуы өз септігін тигізіп тұр. Еліміздің аймақтарынан жыл сайын қаншама мыңдаған адамдар жұмыс іздеп үлкен қалаларға келеді, келеді де жұмыс тауып, жағдайын түзеп, енді осы жерде орнығып қалуды мақсат етеді. Содан баспанаға деген сұраныс өседі. Ал сұраныс көп болған жерде ұсыныс та қымбаттай береді.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының әзірше тиімді жақтары көп. Сондықтан да болар оған өткен жылдың басында жергілікті атқарушы органдарға 142 мың адам өтініш берсе, қазіргі кезде бұл тізім 215 мыңға дейін жетіпті. Алдағы уақытта да көбейе бермесе, азаятын түрі байқалмайды.

Қазақстан Республикасы аймақтық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй коммунальдық шаруашылық комитетінің мәліметтері бойынша, өткен жылы мемлекеттік меншіктегі мекемелер мен кәсіпорындар 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салған екен. Соның тек 6 пайызына ғана республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Яғни, егер де мемлекет қолдаса баспана салатын ұйымдар да қарап қалмақ емес.

Жалпы аталған бағдарлама аясында елімізде 2020 жылға таман салынатын баспананың көлемін 10 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген. Әр түрлі коммерциялық мақсаттағы жеке меншік ұйымдарының салып жатқан тұрғын үйлері бұл санатта жоқ. Олар бұл көрсеткіштен 5-6 есе артық салуда. Егер де қолдаушы табылса олар бұл қарқындарын тағы да еселей түсетіндеріне сөз жоқ.

Ал бағдарлама бойынша 2015 жылдан бастап мемлекеттің қолдауымен жылына 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй салу көзделіп отыр. Егер де бұндай қарқын сақталып отырса жалақылары орташа азаматтар, мемлекеттік және бюджет қызметкерлері, жас отбасылардың үйлі болу мүмкіндіктері де анағұрлым жақсаратындығы сөзсіз. Тек, әттеген-айы бөлінген қаражатты уақытында игере алмай жатқандар да баршылық екен. Бұрын ақша жоқ деген сылтау еріксіз төмен қаратса, қазір бар ақшаның өзін уақытылы жаратуда кемшіліктер бар. Мысалы, республикалық бюджет қаражатына жалға берілетін және несиелік баспана салу еліміздің барлық аймақтарында бірдей табысты болмаған. Ақмола облысы бөлінген қаржының 92 пайызын ғана игерсе, Ақтөбе облысының көрсеткіші 94 пайыз ғана, ал Павлодар облысы болса 85 пайыз ғана көрсеткішке жеткен. Яғни, бұл жерде де жылдамдату, екпінді арттыру қажеттігі туындап отыр.

Өткен жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша тұрғын үй салу мен оны сатуға республикалық бюджеттің несиелік қаражаты есебінен 42 миллиард теңге бөлінсе, оның тек қана 81 пайызы ғана игерілген. Ең төмен көрсеткіш Павлодар мен Маңғыстау облыстарының еншісінде. Бұл облыстар аталған қаражаттың 45 пайызын ғана іске асырған екен. Осындай кестенің бұзылуы қаншама отбасылардың уақытылы баспаналы болсам деген жоспарларының бұзылуына әкеліп отыр.

Тағы бір атап кететін нәрсе, мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатқан үйлердің сапасына да көбірек көңіл бөлудің керектігі. Асығып әрі қаражат үнемдеу мақсатымен барынша арзан материалдарды қолдануға тырысу деректері де кездесіп жатады. Бұның ақыры тұрғындардың арыз-шағымдарына келіп ұласып жатады.

Биылғы жылы да тұрғын үй салуға қомақты қаржы бөлінбек. 2013 жылы тұрғын үй құрылысының барлық негізгі 4 бағыты бойынша республикалық бюджет 94 миллиард теңге ақша бөлмек. Ағымдағы жылы 6,6 миллион шаршы метр баспана тапсырылса, оның 850 мың шаршы метрі мемлекеттің қолдау білдіруімен салынған жалға берілетін және несиеге сатылатын тұрғын үй болмақ.

Жалпы, аталған деректерден көріп отырғанымыздай мемлекет қаржы бөлуін уақытылы істеп отырса да оны жергілікті атқарушы органдардың дер кезінде игере алмаушылығы мәселесі әлі күн тәртібінен түспей тұр. Негізгі себептің бірі мердігерлік ұйымдардың уақытында үлгере алмаушылығы, кестеден қалып қоюшылық. Сондықтан тендерде құрылыс компанияларының белгіленген кестеден шықпауын қатаң талап қылып бекіту керек. Егер де аталған компания бұрын белгіленген талаптарды бұзса, келесі жолы оны тендерге жібермеу жағы да қатаң бақылануы керек. Сонда ғана қолжетімді баспананы сарылып күтіп жүрген азаматтардың үміттері дер кезінде ақталмақ.

Бұндай барлық кезде де өзінің өзектілігін жоймайтын мәселеге жан жақтан қатаң бақылаудың болғандығы да істің табысты болуына септігін тигізеді. Әзірше «Қол жетімді баспана -2020» бағдарламасы арқылы көптеген отандастарымыздың үйлі болып, қуанышқа бөленетіндігі қуантады.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика