Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » ҚОРҚОР ТАРТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ: АҢЫЗ ӘЛДЕ АҚИҚАТ

ҚОРҚОР ТАРТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ: АҢЫЗ ӘЛДЕ АҚИҚАТ

Осы жылдың басында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің бас маманы қоғамдық орындарда қорқор (кальян) тартуға тыйым салған болатын. Дегенмен Алматы қаласында бұл ереже сақталып отырған жоқ. Керісінше бүгінгі күні бұл бизнестің дәурені жүріп тұр. Жастардың арасында кең таралған қорқор түнгі клубтар мен мейрамханалардың  сәніне айналғалы қашан. Тіптен көптеген адамдар қорқордың еш зияны жоқ, оны ермек ретінде тартамыз деген сенімде.   Алайда дәрігерлер оның адам ағзасына қатерлі екендігін айтып, дабыл қағуда.

ҚОРҚОРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МЕН АТАУЫНЫҢ ТАРИХЫ

1775 жылы Уильм Хики деген ағыл­шындық Калькуттаға барады. Сол сапарындағы естеліктерінде ол былай деп түртіп койған екен: «Мен үшін ең керемет қорқорды дайындап қойыпты. Дәмін татып көрдім, ұнамады. Бірнеше мәрте тырысып едім, сонда да жағымсыз болды. Мен бар байсалдылығымды бойыма жинап, олардан: «менің шегуім маңызды ма?»- деп сұрадым, ал олар болса өте сабырлы түрде жауап берді: «Әрине маңызды, егер танымал адам болып, мына ортадан шығып қалғың келмесе. Мұнда барлығы қорқор тартады және онсыз ісің өнбейді, өрге домалауың да екі талай»… Мен адамдардың қорқордан бас тартқанша, түскі асымыздан бас тартамыз дегенін де талай естідім».

Жалпы, алғаш қорқор Үндістанда пайда болып, аз уақыттың ішінде бүкіл мұсылман мемлекеттеріне тарап кетеді. Ал Еуропада қорқорға танымалдылық XIX ғасырда келген. Мемлекеттің әртүрлі болуына байланысты, қорқорлардың да атауы өзгеріп отырған. Араб тілінде Шиша, Наргила, немесе Аргила деген сөздер бар, және олар араб әмірлігінің барлығында қолданыста. Наргиле көбінесе Түркия, Грекия, Әзірбайжан, Ирак, Ливан, Сирия және Израйлде кездеседі. Наргиле деген парсы сөзі «nārghile», «кокос» деген мағынаны береді. Яғни, мұнан пайымдайтынымыз алғаш қорқорды кокос жаңғағының қабығынан кесіп алған болуы мүмкін.

Албания, Босния және Грекияда қорқор «лула» немесе «лулава» деп аталады, Румынша бұл «түтік» деген мағынаны білдіреді.
Иранда қорқорды «galyān» деп атайды. Бұл сөз арабтардың √glā (қайнау, бұрқылдау) деген сөзінен алынған. Бұл атау, сонымен қатар, Ресей, Украина және Белоруссияда қолданылады. Өзбекстанда қорқорды «чиллим» деп атайды. Қорқор (парсыша قلیان‎ – ghalyân, ghalyun)- жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін және салқындатып отырытын, шегуге арналған құрал деген мағынаны береді. Ертеректе қорқор жасауда мыс, жез және қосындылары бар қорытпаларды қолданатын болған. Ал қазір олардың орнына тот баспайтын болаттарды пайдаланады. Икемді түтік терілердің орнын алмастырды және сымдардың орнына силикон резіңкелер пайдаланыла бастады. Жаңа материялдар қорқорды ұзақ сақтауға мүмкіндік берді, оны тартқан кездегі жағымсыз иістер сезілмейтін және пайдаланып болған соң жуғанға да оңайырақ болды.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНЫ

Қазіргі таңда көптеген адамдар қорқорды көңіл көтерудің жақсы жолы деп біледі. Алайда бұлайша көңіл көтерудің қаншалықты зиянды екенінен бейхабар. Қорқорға арналған табактың сыртына әдетте, 0,5 пайыз никотин және 0 пайыз смол бар деп жазылады, бұл жалған. Олардың жарнамалары аттандап, қорқор зиянсыз, оның денсаулыққа тигізер кері әсері жоқ деп тұрады. Шындығына келер болсақ, табактың қандай түрін алып қарасақ та, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Ол ағзаның қандай көлемде табак шеккенін есептеп тұрады. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін, адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді.
Бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқан кездегіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Сондай-ақ оның өкпесіне, никотин мен зиянды заттардың аз болғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түседі. 45 минут бойы қорқор шкекен адам тұншықтырғыш газды, бір қорап шылып тартқан адамнан көбірек жұтады. Оны тарту кезінде күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді екен.
Әдетте қорқорды бірнеше адам болып тартады, яғни қорқордың мундштук аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиян. Сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сынды сырқаттардың жұғуына ықпал етеді. Сонымен қатар қорқор айналадағы адамдарға зиянын тигізеді. Қорқор шеккен адамның жанында отырғандар сол адамның өзінен гөрі көбірек уланады. Айта кетерлік тағы бір мәселе, қорқор тартқан азаматтар, тартпағандарға қарағанда көбіне спиртті ішімдіктерге де әуес келеді. Екі зиянды қатар тұтынғанда, оның ағзаға кері әсері де күшейе түспек.

Американдық ғалымдар да қорқор­дың зияндығын дәлелдеп, дабыл қағуда. Қорқордың қарапайым темекіден бір айырмашылығы оның иісі жұмсақ және жағымды. Сонысымен де ешқашан темекі тартпаған адамдарды қызықтырады. Зерттеушілердің анықтағаны сол, қорқорды тартып көрген студенттердің 22 пайызы ешқашан темекі тартпаған екен.
Жалпы мұндай хош иіс беріп тұратын зат әр түрлі шөптерден жасалған ұнтақ, оны темекі сияқты тартады. Ерте замандарда микстерді бөлме ішін хош иістендіруге арнап жасаған. Алайда жақсының бәрін иіскеп, дәмін татып көруге дағдыланған кейбір азаматтар оны тартып та көрген. Сөйтсе олардың әсері есірткінің әсерінен кем түспейтін болып шығады. Міне, содан бастап адам­зат арасында микстерді де темекі сияқты тартатын әдет қалыптасқан. Бұл микс­тердің құрамына әртүрлі шөптесін өсімдіктермен қатар түрлі синтетикалық заттар болады. Олар микстерге есірткі әсерін береді.
Микс өндірісінің орталығы – Голландия. Ол жақтан түрлі-түсті қаптамаларда оралған қоспалар бүкіл әлемге таралады. Алғашында шөптен жасалған ұнтақтар дәрігерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ешқандай күмән туғызбаған. Дегенмен бұл заттарға деген сұраныстың күн санап артуы оларды алаңдата бастапты.

ҚОРҚОРМЕН КҮРЕС

Әлемдік тәжірбиеде Еуропа мем­лекеттері қорқорға қатысты бір бағытты ұстанған. Мәселен, Англияда қоғамдық орындарда шылым тартуға және қорқор шегуге 2007 жылы тыйым салынған. Бұл тәртіпке бағынбағандарды – 2,5 мың фунт көлемінде айыппұл күтеді. Францияда да мұндай тәртіп 2007 жылы, ал Эстония мен Финляндияда 2008 жылы белгіленген. Сондай-ақ Бельгия, Кипр, Литва, Испания, Словения сынды бірқатар елдерде белгілі бір қонақүйлер мен мейрамханаларда қорқор тартуға тыйым салынған.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШАН   КЕЛДІ

Ал біздің елімізге қорқордың қашан келгенін нақты айту қиын. Алайда Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенділер» деген романында мынадай сөздер кездеседі: «Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында». Романға қарап, қорқор біздің елімізде де бұрыннан келе жатқан жаман әдет екенін түсінуге болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда қорқордың танымалдылығы артуда, бұрынғымен салыстырғанда таралу денгейі де көбейген. Арнайы қорқор клубтары да жұмыс жасауда. Сондай-ақ дүкендер мен интернет сайттар қорқорды жарыса жарнамалауда.

Р.S. Қазақстанда қоғамдық орындарда қорқор тартқан адамдарға  шылым шеккендермен бірдей жаза қолданылатын болды, яғни, 17 мың мен 100 мың теңге арасында әкімшілік айыппұл салынады деп жылдың басынан бері жар салудамыз. Алайда бұл әзірге аңыз болып ғана тұр. Ақиқатында еліміздегі жағдай мүлде басқа…

Гүлнұр ӘЗІМХАН

Алматы

04.11.2013ж

Яндекс.Метрика