Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Qazaq tili ham latyn qarpi

Qazaq tili ham latyn qarpi

Латын қарпіне көшетініміз туралы саяси шешім шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасын қоғам сан қилы қабылдады. Елімізде түрлі мәдени, тілдік, этникалық сегменттердің бар екенін ескерсек, бұл – қалыпты жағдай. Әсіресе, орыстілді қауымның наразылығы – заңдылық. Бір қызығы, қазақтілді, әсіресе, ұлттық-патриоттық бағыттағы қауымның арасында да бұл мәселеге қатысты пікір сан алуан болып шықты. Бұл көп азаматтардың әлі күнге дейін латын қарпіне көшудің саяси мағынасын толық түсінбей жатқанын көрсетеді. Біреулер: «Бұл – биліктің кезекті ойыны ғана. Біз латын қарпіне ешқашан көшпейтін шығармыз», – деген пікір айтып жүр. Мұның астарынан латын қарпіне көшуге қарсылық емес, оппозициялық көзқарастағы азаматтардың билікке сыну көзбен, сенімсіздікпен қарауын байқауға болады.

Екінші бір топ латын қарпін қоя тұрып, алдымен қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл етуді қолдайды.

Үшінші топ болса, көне руна немесе төте жазуға көшу керек деген пікір айтып жүр.

Шынтуайтында, латын әрпіне көшу – заманның талабы. Жаңа технологиялардың талабы. Бұл іске тіл мамандары ат салысуы керек. Байыпты зерттеу жүргізіп, көшу жолдарын ұсынып, бағыт-бағдар беруі тиіс. Бізде қолында билігі бар шенеуніктер кез келген іске араласып, өз «үлесін» қосып қалуға құмар екені аян. Сондықтан қоғам бұл істе, мамандарымызға сенім артып, шенеуніктерді араластырмауға күш салғаны жөн. Жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне жүгінсек, олардың жүз пайызы дерлік латынға көшуді қолдап отыр.

Біріншіден, латын қарпіне көшу арқылы халықаралық қауымдастыққа жақындап, бүкіл ғылыми зерттеу еңбектерін оқуға мүмкіндік ашылады. Яғни, ағылшын тілін үйрену, жаңа технологияларды меңгеру оңай болады.

Екіншіден, қазақы орта жастарының бірігуіне ықпал етеді. Біз қазір шетелде өмір сүретін қандастырымызбен ақпарат алмасуымыз қиын болып тұр. Өйткені, әр елдегі қазақтар әртүрлі әліпби қолданады. Егер латынға көшсек, ақпарат алмасу жеңілдер еді. Олар әлемде кең таралған латын қарпінде елімізде болып жатқан барлық жаңалықтарды біліп отырады. Бұл бәрімізге де ыңғайлы.

Үшіншіден, тіл мәселесін көтеріп жатқанда, қаржыны аяп қалуға болмайды. Рас, бұл – экономикалық тұрғыдан қымбат жоба. Қордаланған әлеуметтік мәселелерді шеше алмай жатқан да, бұл да экономикаға елеулі салмақ түсіреді. Өйткені, міндетті түрде аударылуға тиісті дүниелер аз емес. Қазақстан қағазды қолданудан адам басына шаққанда бірінші орын алады. Өйткені, екі тілде жазамыз. Оған үшінші қаріп келіп қосылатын болса, она жағдайымыз не болмақ? Десе де,келешек үшін 25000 кітапты аудару ЭКСПО-ға кететін қаражаттан әлдеқайда аз шығын әкелетіні анық.

Скептиктерге айтарым, белгіленген мерзімде латынға көшеріміз анық. Елбасы Жолдауында бұл мәселені бекер қозғаған жоқ. Президент болу оңай емес, оның көксегені, сөз жоқ, қазақтың мүддесі. Латын қарпіне көшу туралы шешімін жариялау арқылы Елбасы қоғамға белгі беріп отыр. Мұнысы: «Ақсақалдар, орындарыңды босатыңдар. Жастарға жол берейік», – дегенді білдіреді. Мемлекет басқаруға жастарды араластырғысы келетінін байқатады. Астана қаласының бір ауданында 26 жасар жас жігіттің әкім болып келуі – осының нышаны. «2050 стратегиясы» жас буынға арналған. Латынға көшу – жастарға орын беру деген сөз. 60-70-тен асқан азаматтар латын қарпін үйренуі қиынға соғады.

Десе де, латынға көшуде асығыстыққа ұрынуға болмайды. Қазір газет-журналдар мен кітаптардың 90-95 пайызы орыс тілінде. Латын қарпіне жедел көшер болсақ, уақытша қиыншылықтың кесірінен орыс тілінде ақпарат алу ерекше белең алып кетуі ықтимал. Қазақ тілін үйрену мәселесі де құлдырап кетуі ғажап емес. Сол себептен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп барып, өскелең ұрпаққа 1-сыныптан бастап үйретіп, латын қарпіне бірте-бірте көшу қажет. Сонда ғана 2025 жылы латын қарпінде мүлтіксіз оқып, жаза алатын жас буын пайда болады. Ащы да болса шындық, зиялы қауым қазақ тіліндегі басылымдарды оқитын болса, таксист, құрылысшы және басқа да мамандық иелері, яғни халықтың 90 пайызы «Колесо», «Крыша», «Из рук в руки» секілді басылымдардан өзгені оқымайды. Тіпті, күнделікті тұрмысқа қажет басылымдардың қазақша нұсқасы да шыға қойған жоқ. Халықтың көп бөлігі кіретін әлеуметтік желілердің барлығын дерлік қазақшаландыру керек. Содан кейін барып қана, латынға көшуді ойлағанымыз жөн.

Баса көрсететін жайт, әліпби өзгергенмен, тіл өзгермейді. Кирилица арқылы енген басы артық әріптерден құтыламыз анық. Бірақ, оның жағымсыз тұстары болатынын айтпай кетуге болмас. Латын қарпіне көшкеннен кейін еліміздің ұлттық біртұтастығына нұқсан келеді. Өйткені, әлі күнге дейін халықтың басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлемейді. Қазақша сөйлемейтін орта орыстілділігін сақтап қала бермек. Қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болсақ, әңгіме басқаша болар еді. Мұндай ахуалда Ресейдің немесе орыс мәдениетінің ықпалынан құтыламыз деген ой дәйексіз болып шықпақ. Латын қарпіне көшкеннен кейін тілдің бөлінушілік өрши түсу де бек мүмкін.

Қазір шетел әдебиетінен 100 шығарманы аудару қолға алынып жатыр. Сонда бұл кітаптар бізге бес-алты жыл үшін ғана керек болғаны ма? Қаншама еңбектің, қанша қаржының еш кеткені. Өз басым әліпбиді жедел ауыстыру – тілді жоюмен пара-пар нәрсе деп білемін. Өзге де түркі халықтары жіберген қателіктерге қайта ұрынатын боламыз. Туыстас халықтардың әліпбиінде басы артық таңбалар, нүкте-ноқаттардан аяқ алып жүргісіз. Мәселен, латын қарпіне қысқа мерзім ішінде өткен түрік жазуы бұған дәлел. Егер біз осыған жол берсек, өзге

тілдерде кездеспейтін қазақ дыбыстарын компьютерде кирилицамен теру қазір қандай қиындық тудырса, латын һәрпіне көшкенде де солай болып қала бермек. Бұдан біз ештеңе ұтпайтын боламыз. Сондықтан әліпби қабылдамастан бұрын өзге түркі халықтарының тәжірибесін зерттеп, олардың жіберген қателіктері мен олқылықтарынан сабақ алуымыз керек. Барынша ыңғайлы, оқуға оңай, ықшам етіп жасау қажет. Осы 26 әріптің шеңберінен шықпаған жөн болар деп ойлаймын.

Латын қарпі біздің ойлау жүйемізді де өзгертеді. Әріп – символ. Көптеген мәдени элементтер символ арқылы беріледі. Латын әрпіне көшкен кезде ресми тілдің қызметі де тоқтауы керек те, толықтай мемлекеттік тілге көшу қажет. Латын қарпінде қабылданған бағдарламалар, жобалар, яғни болашаққа жасалған қадамдар өте сапалы болу керек. Онысыз тілімізден де, ұлтымызан да айырылып қаламыз. Мемлекеттік тіл өз тұғырына қонбаса, латын қарпіне көшкеннен ештеңе ұтпаймыз.

 

Елнұр Бейсенбаев

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің хатшысы

Яндекс.Метрика