Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » СӘЛЕМ! БҮГІН БҮКІЛӘЛЕМДІК АМАНДАСУ КҮНІ

СӘЛЕМ! БҮГІН БҮКІЛӘЛЕМДІК АМАНДАСУ КҮНІ

       Бүгін бүкіләлемдік сәлемдесу күні. 1973 жылдан бастап аталып өтетін мерекені Американдық Майкл және Брайан Маккормак деген ағайынды жігіттер «қырғиқабақ соғыстың» өршіп тұрған кезде, халықаралық текетіресті күшейтуге қарсылық пен наразылық белгісі ретінде қабылдайды. Қарапайым және қолайлы амал табу керек деген жігіттер әлемнің түкпір-түкпіріне сәлемдеме хаттар жолдаған. Хатта олар сәлемін алғандар екінші адамға жылы шыраймен сәлем берсе деген идеяларын ұсынады. Бұл ойлары қолдау тауып, содан бастап жыл сайын 21 қараша Бүкіләлемдік сәлемдесу күні ретінде тойлана бастайды.

         «Сәлем сөздің атасы» деген қазақ халқыда ежелден амандасуға үлкен мән берген. Ықылым замандардан-ақ әр таптың өз сәлемі, амандасу мәнері болған, яғни әлеуметтік тегіне, байлығына және жалпы өмірдегі алатын орнына байланысты саулық сұрасқан. Мысалы, ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмаған. Ал егер ол қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ, басын иіп келген. Хан немесе күшті әмірші, өзінің қарауындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуі керек, әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп көбіне «Алдияр тақсыр!» деп сәлем берген. Билігі жоқ төрелер мен сұлтандардың сыртынан болса да ізеттілік көрсету өз дәрежесінде болмағанымен, әмірі күштілер алдында ізеттілік шаралары қатаң сақталды.

Қазақтар жолда жолыққанда бір-бірімен мал- жан аман ба? – деп сұрасқан. Мал аман ба? – деп сұрауы олардың тұрмыс-тіршілігі күнкөріс өзегі, шаруашылық қатынастарының негізгі құралы саналған төрт түлікпен тікелей қатысты болуына байланысты малды және отбасы туралы жөн сұрасу қалыптасқан нормаға айналған. Оған қалыптасқан дағдылы жауап: «Құдайға шүкір, өзіңіздің мал-жаныңыз аман ба?» – деп жауап береді. Сондай-ақ «Ассалаумағалейкум» деп дауыстап амандасқан адамға, «Уағалейкум ассалам» деп жауап қайырады. Қазіргі таңда жастардың арасында «Сәлем» деген сөз кеңінен қолданады. Сәлем – арабтың тыныштық, бейбітшілік мағынасындағы ассалам сөзінің тілімізде фонетикалық өзгеріске түсіп, қалыптасқан түрі.

Амандасу қазақ халқында ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем үшін маңызды болып саналады. Себебі көптеген мәселелер адамның қалай сәлемдескеніне байланысты өрбиді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей амандасу шаралары әр елде әртүрлі өтеді. Қарапайым сол созудан бастап, түрлі қимылдар мен ырғақтарға толы амандасу кейбір елдерде үлкен өнер.

Мәселен, көрші Ресейде ер адам бірінші болып амандасады, ал әйел адам (керек деп тапса)  қол созады, ағылшындықтарда керісінше. Ал, ирандықтар келген қонаққа екі қолын бердей беріп, кейін оң қолын жүрегінің тұсына алып барады. Жапон халқы бір-бірін көрген кезде иіліп амандасады. Жастар өзара бастарын изеп, ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек. Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі “коутоу” деп аталады. Сәлемдескен кезде қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі “ваньфу” деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады. “Коутоу” дәстүрі аңызға айналған Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған еді. Сол заманда бұл дәстүр патшалармен амандасқан кезде және неке қию, үйлену сияқты салттарда қолданылған.

         «Сәлемі түзудің әлемі түзу» деген халық емесміз бе, сондықтан бір-бірімізбен жылы шырай танытып, мейіріммен амандасуды ұмытпайық.

Гүлнұр Әзімхан

22.11.2013ж.

Яндекс.Метрика