Home » № 19//24.05.2013 » Шілде айында «Астана – Қарағанды» автобаны салына бастамақ

Шілде айында «Астана – Қарағанды» автобаны салына бастамақ

Елімізде «Астана-Бурабай» тұңғыш автобаны салынды. Содан бері осы бағытта болатын жол-көлік оқиғалары азайды. Оған себеп, екі жолақты жолдарда автокөліктердің бірін бірі басып озуы оңай. Әрі екі бағыттағы жол ортасынан бөлінген. Яғни, соғысып қалу мүмкін емес. Сондықтан қайғылы оқиғалар да жоққа тән. Енді міне, жуырда Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов аталған жолды ақылы қылу мәселесін айтты. Бұл туралы бұрын да айтылып келген. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ол автобанмен қатар тағы да бір жолдың жоқтығы. Әр жүргізушіде таңдау мүмкіндігі болуы керек. Егер де ол ақылы жолмен жүргісі келмесе немесе ақшасы болмаса тегін жолмен жүруіне болады. Бірақ ол жоқ. Яғни, қаласа да, қаламаса да ақша төлейді. Бүйтпесе жолды ұстап тұру қиын екен. Мемлекеттік бюджет те, жергілікті бюджет те оны жөндеуді мойнына алғысы келмейді.

Сонымен қатар таяуда, атап айтсақ, шілде айында «Астана – Қарағанды» автобаны салына бастамақ. Бұл жолдың біраз бөлігі қазір де бар. Енді тұтас екі жолақты болады. Яғни, Қарағанды мен Астананың арасы жақындай түседі.

Үкімет отырысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуы бойынша, сондай-ақ «Астана-Павлодар» мен «Алматы – Қапшағай» бағытындағы жол учаскелерінде құрылыс жұмыстары басталады.

Алматы мен Қапшағайдың арасындағы жол бүгіндері жол-көлік оқиғалары ең көп болатын участок. Бұдан енді екі жолақты жол құтқарады деген үміт жоқ емес.

Министр Қазақстандағы алып жобалардың бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қатысты да есеп бере кетті.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынша бүгінде айтарлықтай дамуға қол жеткіздік десе болады. Осы уақытқа дейін жолдың 915 шақырымы пайдалануға берілсе, биыл 806 шақырымы пайдалануға беріледі. Қосымша 483 шақырым жол төселеді. 60-тан астам жол салатын компаниялар тартылып отыр. 35 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған», – деді министр.

Бұл жолдың жұмыс орны аз оңтүстік өңірлер үшын дәл қазір жақсы болып тұрғаны рас. Құрылыс біткеннен кейін босайтын жұмыс күштерін басқа да жолдардың құрылыстарына тарту қажет. Бұрынғыдай емес біраз тәжірибе жинақтаған біздің жігіттердің қандай жолды болсын салып берері анық.

Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, министрлік үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі ғана емес, басқа да жолдар маңызды болып табылады. Мемлекет басшысының «Орталық – Оңтүстік» бағытын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында алдағы шілде айында «Астана–Қарағанды», «Астана–Павлодар» және «Астана–Қапшағай» учаскелерінде құрылыс жұмыстары басталады, – деді ол.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика