Home » № 18//17.05.2013 » Сот орындаушыларының мәселесі әлі де пысықтай түсуді қажет етеді

Сот орындаушыларының мәселесі әлі де пысықтай түсуді қажет етеді

Сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Дулат Рашитұлы Құсдаулетовтың айтуы бойынша, заң жобасының мақсаты атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру, сот орындаушыларына борышкерлерге әсер етудің нақты тетіктерін беру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою, заңды күшіне енген сот актілерінің абсолютті түрде орындалуына қол жеткізу болып табылады.

Жалпы сот орындаушыларының мәселесі, шындығы керек, әр уақытта өткір күйінде қалып келеді. Сот шығарған шешімдерді орындаумен айналысатын сот орындаушылары күнделікті өз жұмыстарында көптеген қиыншылықтарға тап келеді. Олардың өкілеттіктерінің мардымсыз, жалақыларының аз болуы да сот актілерінің уақытылы орындалуына кедергі келтіріп, кадрлардың тұрақтамауына негіз болып отыр. Мысалы, өткен жылы отыз пайыз сот шешімдері орындалмай қалған. Жеке сот орындаушылары институтын енгізу де біраз мәселелердің бетін ашты. Олар бірінші кезекте өздеріне пайда беретін ғана сот шешімдерін орындауға тырысады. Ал пайда әкелмейтін актілер мемлекеттік сот орындаушыларының мойынында қала береді. Және бұл институттың енгізілуімен барлық тәжірибелі де сауатты сот орындаушылары сол жаққа кетіп қалған. Соның кесірінен мемлекеттік сот орындаушыларының қатары тәжірибесі аз, біліктілігі төмен мамандармен толығуда. Осыған байланысты депутаттар арасында бұл жеке меншік сот орындаушыларына деген теріс пікір де айтылып қалды.

Депутат Тұрсынбек Өмірзақов сот орындаушыларының мәртебесін көтеру керектігін айтып, дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінді. Кейбір депутаттар олардың жұмыстарының қауіптілігін де баса айтты. Сот актісін орындауға полиция ерітіп бармаса таяқ жеп қайтатын да оқиғалар аз емес. Сонымен қатар, сот орындаушысы келіп, сот үкімін орындағанша борышкер өзінің барлық мүлігі мен ақшасын сатып немесе басқа адамға ресімдеп үлгеріп жатады. Бұның алдын қалай алуға болады, әсіресе алимент мәселесі өткір күйінде қалып тұр. Бір әйелге үйленіп, кейін онымен ажырасып, басқа әйел алып, онымен да қош айтысып, тағы да шаңырақ көтеріп, балаларға алимент төлемей, қашып жүретін әкелер көбейіп барады. Осыларға қалай әсер етуге болады? Алдыңғы әйелінің балаларына алимент төлеп, қарызынан құтылмайынша келесі некелерін тіркемей қоятын шара енгізсе қалай болар еді? Мысалы, мемлекеттік авто инспекцияда бір құжатты ресімдеуге барсаң алдымен қарызың бар ма, соны қарайды, болса, соны өтейсің, болмаса ғана ресімдеп береді. Осы тәжірибені неге пайдаланбасқа? Сондықтан заң жобасындағы сот орындаушыларының мәселесі әлі де пысықтай түсуді қажет етеді.

Жалпы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанымен алдағы уақытта онымен біраз жұмыс істеліп, кемшіліктері түзеліп, екінші оқылымға дейін осы жәйттер ескеріледі деген ойдамыз.

Тұрсын Бекұлы

Астана

Яндекс.Метрика