Home » № 15//26.04.2013 » Студенттерге жеңілдік!

Студенттерге жеңілдік!

Үстіміздегі жылдың 17-ші сәуір айында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Қызылорда облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Студенттерге жеңілдік» атты дөңгелек үстел жиыны болып өтті.

Жиынның алға қойған мақсаты қаламыздың оқу орындарындағы студент жастардың қалалық автобустарда жол жүру ақысын арзандату, немесе қандай да бір жеңілдік жолдарын көрсету жолдары жөнінде пікір алмасу болды. Республикамыз бойынша белгілі болғандай бірқатар қалаларда студенттеріміз бен зейнеткерлерімізге 50 пайыз жеңілдік көрсетілген, ал біздің шаһарымызда бұндай жеңілдіктер атымен жоқ.

Осыдан бір ай бұрын коммуналдық қызмет және азық-түлік бағаларының тоқтаусыз қымбаттауына байланысты өткізілген жиын барысында пікір алысуға қатысқан жастар тарапынан қаладағы автобуста жүру ақысының студенттер үшін қымбаттығы, олардың сабақ барысында бір ғимараттан екіншісіне қатынауы, кітапханаларға баруы күніне кем дегенде 200 теңге тұратыны жөнінде әңгіме көтеріліп осы мәселенің атқарушы органдар тарапынан оң шешім табуына қозғау салу ұсынылған болатын.

Аталған жиынан кейін ҚКХП облыстық комитеті бұл мәселені зерттеп, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігімен бірге осы мәселені атқарушы органдар алдына қою туралы мәмілеге келген болатын.

Қазіргі кезде қаламыздың жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында статистикалық мәлімет бойынша 29 мыңға жуық жастар білім алуда. Солардың 10 пайыздайы ғана жеңілдетілген жол жүру билеттерімен қамтамасыз етілген. Ал, қалған студенттеріміздің жағдайы жайында ешкім алаңдаулы емес.

Жиналысты ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-ші хатшысы Телеубаев Талғат Рахымұлы ашты. Алғы сөз барысында ол жиынның басты мақсаты мен талаптарын айтып өтті. Сонан соң Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Молдабаев Марсбек Рүстемұлы сөз сөйледі. Ол өз кезегінде жеңілдік қарастырылуы үшін жағдай жасалуын қолдайтындығын да айтып өтті.

Келесі болып қалалық маслихат депутаты Мастеков Бауыржан сөйледі. Ол өзінің жастармен соның ішінде студентермен жұмыс жасап жүргендігін, бұл мәселенің де қараусыз қалмауын қадағалайтындығын айтты.

Сонан соң студенттер өздерін толғандырып жүрген мәселелері мен күнделікті өмірде кездесетін қаржылай қиындықтары жайында айта кетті. Республикамыздың бірқатар қалаларындағы секілді біздің Сыр өңірімізде де қоғамдық көлікте жүру 50 пайызға жеңілдетілсе, бұл студенттерге өте көп көмек болатындығы анық. Біз өз тарапымыздан бұл мәселенің оң шешім табуына өз үлесімізді қосуға әрдайым даярмыз.

Қуантарлық жағдай дөңгелек үстелге қатысушы азаматтарымыздың барлығы студенттердің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қолдайтындығы. Ең бастысы жиын осы күйінде ұмытылып кетпей, жабулы қазан жабулы күйінде қалып қоймай, қандай да бір оңтайлы мәселеге қол жеткізсек дейміз.

ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің

баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика