Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Сыр өңіріндегі конференция

Сыр өңіріндегі конференция

Мамыр айының 18-ші жұлдызында Қызылорда қаласы «Алтын сарай» кешенінің жиналыс залында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Қызылорда облыстық партия ұйымының кезектен тыс конференциясы болып өтті. Конференцияға ҚКХП Орталык комитетінің хатшысы Ахметбеков Ж.А, ҚКХП қалалық және аудандық комитеттерінен сайланған делегаттар, партия белсенділері, облыстық және қалалық ішкі саясат басқармасының өкілдері қатысты. Конференцияның алдындағылардан ерекшелігі дөңгелек үстел үстінде, толық жолдастық қарым-қатынаста өтті.

ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І хатшысы Телеубаев Талғат жиналысты өзі жүргізді. Облыстық партия ұйымының кезектен тыс конференциясы ҚКХП Орталық комитетінің 2013 жылғы 27 сәуірдегі ҚКХП Орталық комитеті мен Орталық бақылау-тексеру комитетінің кезектен тыс біріккен ІІІ пленумы қаулысына сәйкес шақырылған. Негізгі мақсаты – ҚКХП кезектен тыс съезіне делегаттар сайлау болып табылады. Облыстан аталмыш съезге 3 делегат қатысуы тиіс. Сайлау нәтижесінде съезд делегаттығына Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы – ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, Телеубаев Талғат Рахымұлы – ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І хатшысы, Байзілдаева Гүлшат Жолдасбековна –ҚКХП облыстық комитетінің нұсқаушысы бір ауыздан сайланды.

Жамбыл Аужанұлын Сыр өңірі әрдайым жылы қарсы алады. Сонау президенттік сайлаудан бері оны Сыр жұртшылығы жақсы көріп кетті десек те қателеспейміз. «Каратист» атанып кеткен жылы шырайлы ағамыздың келгенін көрген-білген кісілер онымен кездесуге, жеке жүздесуге асықты. Халық қалаулылары халықпен кездескеніне қуанбаса, ешуақытта ренжіген емес. Халық арасында жүріп, олардың ой-пікірлерін білу ҚКХП мүшелері үшін өте маңызды. Тіпті, жиын барысында да тек саяси ғана емес жан-жақты әңгімелерге Жамбыл Аужанұлы аса назар аударды. Жақында барып келген Қытай Республикасында көрген білгенін айтып, қызықтарымен бөлісе отырды. Қойылады ау деген сұрақтардың біршамасына жауапты Ахметбеков жолдас бірден алғысөзінде ақ айта кетті. Конференцияға қатысушыларды бұл тәнті етті. Жиын аяқталуға таяған шағында «Кімде қандай сұрақ бар?» дегенде бәрі қалжындап «көкейімізде жүрген барлық мәселені айтып кеттіңіз, тек нақтырақ тоқталуыңызды сұрамасақ» десіп жатты. Осылайша дөңгелек үстел үстінде жүргізілген жиыннан қатысушылар жақсы әсер алды десек те болады

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы Майра Жүнісова

20.05.2013ж.

Яндекс.Метрика