Home » "Коммунист Казахстана", № 37//01.11.2013 » Төле би Әлібекұлының туғанына 350 жыл

Төле би Әлібекұлының туғанына 350 жыл

Жамбыл өңірінде бүгін қазақ халқының кемеңгер перзенті Төле бидің туғанына 350 жыл толу мерейтойы басталды. Қазақ хандығының мемлекеттік деңгейде нығаюына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданы жеріндегі Жайсаң деп аталатын жерде  дүниеге келген. 1756 жылы, 93 жасында қайтыс болған.

Ал бүгін Тараз қаласының орталығында Төле биге арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ұлы жүздің ұлы биінің ұрпақтарымен қатар еліміздің көрнекті тұлғалары және Жамбыл облысындағы ҚКХП –ның бірінші хатшысы Жанна Мамашева да салтанатты шараға қатысты.

Жанна Мамашева – ҚКХП-ның Жамбыл ОК 1-хатшысы

–         Төле бидің ұлағатты сөздері мен өсиеттері еліміздің алтын қазынасы. Қазақтың дербестік пен тәуелсіздігіне күш-қайратын аямаған, жоңғарлардың басшыларын мойындатқан тұлғаның тарихта өшпес мұрасы көп. Ұрпақтары мен өскелең ұрпақ бұл қайраткердің есімін және мұраларын біліп танығанының өзі керемет.

Салтанат Төреқұлова – студент

–         Төле би біздің тарихты жасаған адам деуге болады. Төле би мына айтты, мынау соның сөзі деген оның қанатты сөздері, шешендік өнері ел аузында.

Ақтөре Мырзахан – қала тұрғыны

–         Орталықта зәулім тамаша ескерткіш бүгін ашылды. Бұл Төле биіміздің ұрпақтары мен оны дәріптейтін азаматтардың оған деген сый-құрметі. Дауды бір сөзбен тоқтатқан, ұлағатты бидің мерейтойы құтты болсын!

Бес метрлік қола мүсін Төле би атымен аталған орталық даңғылда бес метрлік гранит тақтатасқа тұрғызылды. Кемеңгер бидің  ескерткішінің авторлары белгілі суретшілер мен мүсіншілер Аманат Назарқұлов және Тимур Ермеков болып табылады.

Одан басқа бүгін Төле бидің мерейтойына арналған шаралардың қатарында «Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорындылары жасалынып, «Төле би және оның ұлағатты мұралары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференциясы  өткізіледі.  Одан басқа Таразда  кемеңгер тұлғаның құрметіне арналған ұлттық ат спорты ойындары өтеді деп жоспарлануда.

…Қазақ елінің мемлекеттік, қоғамдық өміріне белсене араласқан, қазақ пен жоңғар жауласқан  алмағайып замандарда хандардың, халықтың ақылшысы болған, тайпа-рулардың ынтымақ-бірлігін нығайтуға көп еңбек сіңірген, әйгілі «Жеті жарғы» заңын жасасқан Төле бидің 350 жылдығын ұрпақтары осылай атап өтеді.

К.  Жасқазақова

ҚКХП Жамбыл ОК баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика