Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Төсбелгі жинап, ұпай жина

Төсбелгі жинап, ұпай жина

Маусым айының 21-ші жұлдызы барша халық коммунистері үшін мерейлі күн. Себебі, осыдан 9 жыл бұрын тура осы күні Қазақстан Коммунистік Халық партиясының құрылған күні. Осы күнді тойлауға барша қазақстандық коммунистер қауымы кірісті. ҚКХП Қызылорда облыстық комитеті де өз кезегінде барша партиялас бауырларын құттықтап, жергілікті партия мүшелерін де шет қалдырмады. Ең алғашқы құттықтауды партия ардагерлерінен бастауды ұйғарған обком мүшелері ең алдымен соғыс және тыл ардагерлерінен бастады. Ең үлкен құрметке ие нағыз осы кісілер болып табылатынына ешкімнің де күмәні бола қоймас. Тек жеңіс күні қарсаңында ғана емес, осы күн секілді елеулі мерекелерде де бұл азаматтарымызды естен шығармау біздің борышымыз десек те болады. ҚКХП Қызылорда обкомының І-ші хатшысы Телеубаев Талғаттың бастауымен біз қолымызға гүл шоқтарын алып, соғыс ардагерлеріміздің үйлеріне аттандық. Ұлы жеңіс күні қарсаңында кезіккенімізде бірнеше ардагер ақсақалдарымыз «Біз совет үкіметі кезеңінде коммунистік партия қатарында болдық, біздің жанымызға жақын оның ұстанымдары, сіздерді құптаймыз», дегендерін құлағымыз шалып қалған. Партия қатарына қосылуларын сұрағанымызда олар еш қарсылық білдірген жоқ, қайта керісінше бірі комсомол болғанын, ал екіншілері әлі кезге дейін совет үкіметі кезеңінен парт.билеттері сақталып келе жатырғандығын айтты. Сол себепті біз партияның құрылған күні осы ардақты ардагерлерімізді құрметтей отырып оларға ҚКХП парт. билеттерін ұсындық. Бұл, бір көзбен қарағанда жай ғана қызыл кітапшаның қадірін түсінетін бірден-бір адамдар осы кісілер болып табылады. Ал, біз үшін олардың партия қатарына мүше болуы үлкен мәртебе.

Сонымен қатар, ҚКХП Қызылорда облыстық комитеті ұйымдастыруымен обком офисінде «Төсбелгі жинап, ұпай жина» атты байқау өткізілді. Бұл байқау обком тарапынан маусым айының бастапқы кезінен бастап ойластырылған болатын. Алдын-ала ақпарат құралдарына және арнайы жерлерде хабарландырулар ілініп, халықты хабардар еткен болатынбыз. Кейін бірнеше адам телефон шалып, қатысқысы келетіндіктерін және ойынның шарттары жайында сұрастырды. Байқаудың шарттары бойынша кеңестік заман кезеңінен қалған (СССР) октябрят, пионер, комсомол т.б. төсбелгілер, жалаушалар, басқа да коммунистік рәміздерге арналған белгілерді жинап, обком кеңсесіне келіп өткізу керек болған. Және де 21 маусым күні кеңсеге келіп, партия өмірбаянынан алынған арнаулы сұрақтарға жауап беру керек болған.

Обком кеңсесінде жиналған 8 адамның ішінде ерекше көзімізге 20 жасар Нұртуған түсті. Ол сұрақтарға белсене жауап беріп, партия өмірі жайында аз білмейтіндігін байқатты. Әсіресе, соңғы уақытта болып жатқан партия жаңалықтарынан жақсы хабардар екен. Жиналған төсбелгілер атасының көзі екендігін айтып, өзінің саясатқа құштарлығын да жасырмады. Бірауыздан жеңісті осы жеткіншекке беруді ұйғардық. Қатысушылар да қолдай кетті. Сөйтіп, жеңімпазымызға сыйға обкомымыздың І-хатшысы өз қолымен сыйлық табыстады. Бізге комсомол қатарына осындай белсенді жастар қажет екенін жасырмаған біз өз ретімізде оны партия қатарына қабылдап, алғашқы жеңісімен құттықтадық. Жиын соңында дастархан жайылып, қатысушылардың жылы лебіздері мен құттықтауларын қабыл алдық.

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы Майра Жүнісова

21.06.2013ж.

Яндекс.Метрика