Home » № 19//24.05.2013 » Тек қана шығынды әдістерді қолдана беруге болмайды

Тек қана шығынды әдістерді қолдана беруге болмайды

Мәжілістің өткен сәрсенбі күнгі жалпы отырысында «Халықтық коммунистер» фракциясының мүшесі, депутат Тұрсынбек Өмірзақов Үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына сауал жолдады. Сауалда ол Астана, Алматы және басқа да қалалардағы реттелетін көше қиылыстарының өткізу қабілеттілігін ұлғайту проблемасының өзектілігіне, оны дұрыс шешу керектігіне тоқталды.

«Қазақстанда бұл мәселе негізінен жер асты және жер үсті көпірлері түріндегі инженерлік құрылымдармен, басқа да құрылыстар арқылы шешіледі», дейді ол. Оның айтуынша, көше қиылыстарының өткізу қабілеттілігін тек қана инженерлік тәсілдер арқылы, яғни шығынды әдістермен ұлғайту Президенттің бюджет қаражаттарын тиімді пайдалану бойынша қойған талаптарына сәйкес келмейді.

Астана қаласында іс жүзінде бағдаршамның қызыл түсінің жануы барысында оңға бұрылуға рұқсат етілген. Астанада каналдандырылған қозғалыстың енгізіліп жатқаны белгілі, бұл әрине жанармайды үнемдетеді және осы жерлерден өтетін көліктердің санын ұлғайтады. Бірақ нәтижесінде жаяу жүргіншілер бір жолды кесіп өтудің орнына екі бірдей жүргіншілер өткелінен жүгіріп өтулері тиіс. Астанада осындай көше қиылысының құны мамандардың –ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті офицерлерінің бағалауы бойынша 700 мың АҚШ долларынан басталады, ал көше қиылыстарын жерлерді бөліп беру және ғимараттарды бұза отырып жайғастыру барысында олардың құны миллиондаған долларға жетеді, дейді депутат.

АҚШ-та бағдаршамның тура жүруге тыйым салу сигналы бойынша оңға бұрылуға рұқсат етілген. Бұл ереже Канада, Жаңа Зеландия, Германияда, Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай, Украина мен Литвада қолданылады екен. Осы ережені енді эксперимент ретінде Мәскеу мен Белгород қалаларында енгізу жоспарланған. Жол жүру ережесіне аталған өзгерісті енгізу мәселесі менің тарапымнан Астана қаласы мәслихатының депутаты ретінде осыдан жеті жыл бұрын жол полициясы қызметкерлерінің алдына қойылған, деді ол.

Бірақ олар қазақстандық жүргізушілердің «ерекше» менталитеті барын, бұның біздің елде енгізілуіне әлі ерте екендігін айтады. Осы мәселенің шешілуінің келешегі жоқтығын олар 1968 жылғы Вена конвенциясымен түсіндіруге талпынады, алайда оған қойылған қол Германия үшін өзінің ұлттық саясатын жүргізуге кедергі келтірмейді. Вена конвенциясында жазылғандардың барлығы – ұсыныстар.

АҚШ-та бұл идея Ұлы депрессияға байланысты пайда болып, оны енгізу жанармай шығынын отыз пайызға төмендетіп, кептелістің отыз бес пайызға азайуына әкелген.

Тұрсынбек Өмірзақовтың айтуынша, бағдаршамның қызыл шамына оңға бұрылуға тыйым салудың күшін депутаттар жоя алмайды, өйткені мұндай тыйым салу Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Жол жүру ережесімен реттеледі.

Депутат Үкімет басшысына аталған мәселені жақын арада пысықтау туралы арнайы тапсырма беруін, әлемдік тәжірибе мен еліміздің көше қиылыстарының өткізу қабілеттілігін шығынсыз әдістермен ұлғайту негізінде ҚР Жол жүру ережесіне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Бек Әлиұлы,

Астана

Яндекс.Метрика