Home » № 15//26.04.2013 » Қымбатшылықтан үнем ғана құтқарады

Қымбатшылықтан үнем ғана құтқарады

Жасыратыны жоқ, елімізде коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы жұртшылық арасындағы пікірталасқа өзек болып отыр. Рас, Атыраудағы ахуал республиканың өзге өңірлері мен салыстырғанда көп ілгері. Бірақ, мұнайлы мекен тұрғындарының да тариф саясатына қатысты айтары бар. Бұл Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Атырау облыстық комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел басындағы әңгімедеде кеңінен қозғалды. Сонымен…

Ерболат Дәулетқазиев, ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы: «Біз өз тарапымыздан осы мәселеге орай халық арасында сауалнама жүргіздік. Оған қатысқандардың дені көтеріңкі тарифті төлеудің қиындығын айтады».

Бақытбек Қабзулдинов, «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы: «Осы мәселе наурыз айы туғалы айтылып келеді. Тесік құбыр, жарық тұрбадан су далаға ағып жатыр. Оның шығынын кім өтейді?»

Меңдібай Сүмесінов, облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі: «Елбасының өзі де коммуналдық қызметтердің арзан болмайтындығын, сондықтан үнем мәселесіне ден қою қажеттігін айтқан».

Ал, аз қамтылған отбасыларын қолдауға келетін болсақ, оларға берілетін заң мен белгіленген жәрдем бар. Кейбір деректерге қарағанда, осы бағытта бөлінген қаражат игерілмей қалатын көрінеді. Өйткені, мұқтаж жандардың өзі барып алмайды. Себебі, сондай жеңілдік барын олар білмейді.

Елеусін Сәрсенбиев, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы: «Түрлі партиялардың қоғам өміріне белсене араласуы дұрыс. Қазір бізге рухани байлық жетіспей жатыр. Мәселен, сырқат адамды емдеу орындары қабылдап болмайды жолдама сұрап, сенделтіп қояды. Өзі науқас адам оған қалай шыдайды? Ау, сонда қарапайым адамгершілік қайда? Осындай оралымсыздықты жоғарыға жеткізген жөн».

Ағила Молдағалиева, Қазақстан Патриоттар партиясы облыстық бірлестігінің төрайымы: «Аз қамтылған отбасыларына көмек туралы айтылды. Расында да, соны көп адамдар білмеуі мүмкін. Сондықтан, газет беттерінде тағы бір айтып өткен орынды. Оның үстіне, бізде инвесторлар көп. Солардың көмегімен бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешілуде. Бірақ, осы инвесторлар мұқтаж жандардың тізімін ғана ұсынып, соларға лайықты қолдау көрсетуді талап ету қажет. Олардың санатына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерін, зейнеткерлерді, жалғызілікті жандарды, көп балалы отбасыларын, т.б. жатқызуға болады».

Құдабай Ғаржауов, «Руханият» партиясы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы: «Расында да, халықтан жиналған қаражат қалай жұмсалуда? Қымбатшылық барлық салада да сезілуде. Оның бәрін қарапайым халыққа көтеру қиын. Міне, осы жайларды билікке жеткізуіміз керек».

Райхан Мизамғалиева, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облыстық департаменті бастығының орынбасары: «Ал, ашықтыққа келетін болсақ, біз инвестициялық бағдарламалардың орындалуын тұрақты қадағалап отырмыз. Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарды жоспарлы түрде аралап, бұл шараға жұртшылықты кеңінен қатыстыруға тырысамыз. Сіздерді де соған шақырамыз. Тарифтерді таразыға тартатын сараптамалық кеңестің мүшесі бола аласыздар. Жақында монополия мекемелер халықалдында кезекті есебін береді. Соған келіп, өз пікірлеріңізді білдіре аласыздар».

Меңдібай Сүмесінов: «Қазір тарифті тағайындаған да заңды тұлғаларды бюджеттік мекемелер және кәсіпкерлік нысандары деп айырып, төлемдерін бөлек тағайындайды. Міне, осындай айырманы жеке тұлғаларға да қолданған жөн. Мәселен, мұғалім мен мұнайшының жалақысын әлі де теңестіруге болмайды. Ендеше, бюджеттік мекемелерге сәл жеңілдетілген тариф беріледі екен, осындай қамқорлық неге оның қызметкерлері не істелмейді? Міне, осыны халықтық коммунистер өздерінің Парламенттегі өкілдері алдына алдына қойғандары жөн».

Ерболат Дәулетқазиев: «Меніңше, бүгін мәнді отырыс болған тәрізді. Дөңгелек үстел мақсаты – биліктің жасаған жақсылықтарын жоққа шығарып, оған орынсыз күйе жағу емес. Керісінше, онымен бірлесіп, мына белең алып бара жатқан қымбатшылықты тізгіндеуге ұмтылу. Халықтың әлеуметтік әлсіз тобының қиналып қалмауына септігімізді тигізу».

Гүлжан Инжелова,

Атырау

Яндекс.Метрика