Home » "Коммунист Казахстана", №35//18.10.2013 » Өз құқығымызды қорғайық!

Өз құқығымызды қорғайық!

2013 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізілген өзгерістердің біршамасы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға өткізілетін конкурстық іріктемелердің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету мәселесін де қамтыған. Сол өзгерістердің бірі болып конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі маслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, уәкілетті органның қызметкерлерінің қатысу мүмкіншілігі болып табылады.

Осыған орай  2013 жылдың 9-шы қазаны күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті – Тәртіптік кеңесі тарапынан облыстық және қалалық маслихат депутаттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық ұйымдардың  және саяси партиялардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.  Кездесу барысында Департамент басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Ғ.Тұрсынбаев «Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурс өткізу және конкурс комиссиясын қалыптастыру қағидалары» және осы қағиданың талаптарына сәйкес байқаушылардың  конкурстарға қатысу тәртібі және олардың құқықтары туралы түсіндірме жасады.

Кездесу соңында қатысушылар өздерінің бос лауазымдарға өткізілетін конкурстарға байқаушы ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдіріп, байқаушылардың құқықтарына байланысты сұрақтарын қойып,  біршама ұсыныстар жасады.

Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Серік Теңізбаев бақылаушыларға көптеген тыйым салынатындығын, бұндай жағдайда әділ өтуі-өтпеуі екіталай екендігін айтты. Қағидада:

-әңгімелесу барысында фото, аудио, видеотүсірілімдер жүргізуге;

-конкурсқа қатысушылардың жеке басына байланысты деректерін жариялауға;

-әңгімелесу өткізу процессіне араласуға, конкурс комиссиясы отырысының барысына кедергі жасауға;

-конкурс қатысушыларына қандай да бір жәрдемдесуге;

-конкурс комиссиясының мүшелеріне олардың шешім қабылдауына әсер етуге;

-нақты конкурс қатысушысы туралы, оның жеке қасиеттері туралы жария етуге, бағалауға және пікірін білдіруге құқығы жоқ делінген.

Қандай да бір құқық бұзушылық байқалған жағдайда, бақылаушы оны тек қарапайым сөзбен, тестілеу аяқталған соң ғана айтуға мүмкіндігі бар екен. Ал, дәлелсіз ол бақылаушы қалайша құқық бұзушылық болғандығын мәлімдемек? Сол себепті Теңізбаев мырза «фото, аудио, видео түсірілімдерге рұқсат берілуі керек» деп ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, Тұрсынбаев мырзаның дөңгелек үстелге қатысушыларға «барлықтарыңызды конкурстарда бақылаушы болуларыңызға шақырамыз» деген шақыруына  ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-ші хатшысы Телеубаев Талғат «конкурстың өтетіндігі жөніндегі ақпараттың таралуын қамтамасыз етіңіздер» деп жауап берді. Осыған орай қатысушылар пікірталас өткізіп, конкурс өтетіндігі, оның барысы жөнінде жеке сайт ашылсын-деген ұсыныс білдірді. Қандай да бір бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға өткізілетін конкурстар жайында мәлімет облысымыздағы қазақ тілді«Сыр бойы» және орыс тілді «Кызылординские вести» газетінде таралады екен. Қатысушылардың айтуы бойынша бұл ақпарат аздық етеді, себебі аталған газеттердің тиражы жеткіліксіз. Бүкіл облыс көлемінде ескертілуі керек ақпаратты бүгінгі күні тек мемлекеттік жұмыста қызмет ететіндер ғана алып отыр деп есептейді жиынға қатысушылар. Олай деулеріне себеп, «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерін көбіне мемлекеттік қызметтегілер оқитындығында. Ал, сайт немесе кез-келген электронды ақпарат көзінде конкурс өткізілетіндігі жарияланатын болса, бұл қызығушылық танытатындардың барлығына ыңғайлы болар еді. Бұл ойды қатысушылардың барлығы дерлік қолдай кетті. Сонымен қатар Талғат Рахымұлы мемлекеттік салада қызмет етіп жүрген, әсіресе кейбір басшылар тарапының жұмыс уақытында орнында үнемі болмайтындығын, қанша күн мекемесінің табалдырығын тоздырсаң да олармен жолыға алмаған жағдайлардың болғандығын айтты. Бұған Тәртіптік кеңестің төрағасы, «бұл мәселені шешу біздің қолымыздан келеді» деп жауап берді. тек қана жұмыс уақытында жұмыс орнынан табылуын ғана емес, сонымен қатар жұмыс жасау сапасын да қазіргі таңда олардың тексеріп жатқандығын білдік. Қажет болған жағдайда «өзім бастап, кез-келген мекемеге рейд жүргіземін» деді Тұрсынбаев мырза. Бір сөзбен айтқанда жиналысты ұйымдастырушылар мен қатысушылар бір-бірін жақсы түсініп, толықтырып отырды. Сөз соңында Тұрсынбаев жиын барысында айтылған ұсыныстардың барлығы қаралып, жақын күндері арнайы хаттама жасалатындығын айтты. Сонымен қатар тағы да бірқатар сұрақтарға жауап берген тәртіптік кеңес төрағасы жиналыс соңында қатысушылардың барлығын компьютермен жабдықталған кабинетке шақырды. Бұл жерде қонақтар мемлекеттік лауазымдарға орналасуға арнайы дайындалатын тестілеу қандай жүйеде өтетіндігімен таныс болды.  сұрақтарының барлығына мардымды жауап алған қонақтар алда өтетін тестілеу жүйелеріне қатысуғы қызығушылық білдіретіндерін, әлі олардың талай кездесетіндіктерін айтып, тарасты.

 

                                                                                                                                                                          Майра Жүнісова

ҚКХП Қызылорда

Яндекс.Метрика