Home » № 21//07.06.2013 » Жалған жанармай

Жалған жанармай

Алматыда сапасы сын көтермейтін «жалған» жанармай сатылып жатыр. Осы уақытқа дейін жанармай бекеттерінің үштен бірі осындай өнім сатып келіпті. Табиғат қорғау жөніндегі прокурорлар осындай тұжырым жасап отыр. Алматы жанармай бекеттерін жаппай тексеріс нәтижесінде 55 тоннаға жуық жарамсыз жанармай тәркіленді. Сатушылар жанармай түрлерін араластырып жібереді, жалған маркамен сатады.

Табиғат қорғау прокурорларының, метрологтар мен салық қызметкерлерінің алматылық жанармай бекеттеріне жіті бақылауға алғанына үш айдың жүзі болған. Осы уақыт ішінде тексерушілер 20-дан аса жанармай бекетін аралап шығып, олардың 30 пайызынан көбі өрескелдікке жол бергенін анықтаған.

Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Нұрсұлтан Рақыштың айтуынша, жанармай бекеттерінің жартысынан астамы бейкондициондық мұнай өнімдерін сатып келген. Бұл, сараптама қорытындысы анықтап бергендей, АИ-80, АИ-92 және дизельді отын ретінде октаны аз жанар-жағармай материалдарын ұсынған. Сондай-ақ, тексерушілердің сөзіне қарағанда, Алматы жанармай бекеттерінің қожайындары мен сатушыларының қулығына құрық бойламайды екен. Қымбат жанармайға арзанын араластырып, оңды-солды сатып жатқан.

Мұның автокөліктің қозғалтқышына, жүргізушілердің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға кері әсері барын айтып жату – артық болар. Тұрғындардың, әсіресе, балалардың денсаулығына өте қауіпті. Мұнай өнімдеріне сараптама жасау орталығының директоры Ақмарал Қалмұратова былай дейді: «Алматы қаласында жылына ауаға 190 тонна зиянды түтін шығарылады. Біз осы ауамен демалып жүрміз».

Айта кету керек, Алматыда 200-ге тарта жанармай бекеті бар. Тексерушілер оңтүстік астанадағы барлық бекеттерді жаппай тексеруге уәде беріп отыр. Сосын көтере сатушыларды нысанаға алмақ. Өйткені, жанармай былығына кінәлі сатушылар ма, әлде жеткізушілер ме, ол жағы беймәлім қалып отыр. Бір қызығы, осыншама өрескел факті анықталғанымен, жалған жанар сатушылардың үстінен бары-жоғы 8 әкімшілік іс қозғалған.

Санжар Арыс, Алматы

Яндекс.Метрика