Home » № 15//26.04.2013 » Жастар ынтымақтастығы күні аймақтарда аталып өтілді

Жастар ынтымақтастығы күні аймақтарда аталып өтілді

Сәуірдің 24-ші жұлдызы елімізде жастар ынтымақтастығы күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні ҚКХП-ның Қызылорда облыстық комитеті жастар көп шоғырланған жерлерге шығып «Ынтымақтастық күнімен шын жүректен құттықтаймыз» деген жылы лебіздерін білдірді. Қаламыздың «Шұғыла» мөлтек ауданында орналасқан Бұқарбай батыр ескерткіші маңында және Ы.Жақаев көшесінде орналасқан «Студенттер сарайының» ауласында өткізілген іс-шара көптің көңілінен шықты.

Оған алдын-ала арнайы ҚКХП логотиптері бейнеленген сары және қызыл түсті әуе шарлары дайындалып, партияның белсенді мүшелері арқылы таратылды. Міне, осы тұста ол мерекеге айналды, қашан да болса сыйлық жасау мен құттықтау көтеріңкі көңіл-күйдің жаршысы емес пе? Ал, жастарды елеп, осындай көңілді сыйлықтар сыйлаған біз айналамыздың барлығын қуанттық десек те болады.

Мерекелік іс-шарамыз басталмай тұрып, қасымызға келіп «Сіздер қандай шара ұйымдастырмақшысыздар» деп сұраушылар аз болмады, тіпті олардың арасында «Жастар ынтымақтастығы» деген күн жайында білмейтіндер де кездесті. Оларға біз қуана бүгін жай күн еместігін айтып, күтпеген жерден құттықтаудың екі есе жағымдырақ екеніндігін білдік. Ересек жастағы аға-апкелеріміз қалжындап «Біз әлі де болса көңілімізде жаспыз» десіп те жатты. Әрине, көңіл шіркін ешқашан қартаймайды.

Бізді танып, өткен жылдары ұйымдастырған акцияларымызды еске алғандар да болды. «Үнемі жақсы идеялар ұсынып отырасыздар, ақпарат көздерінен сіздердің жұмыстарыңыз жайында хабардар болып отырамын, сіздерге көп рахмет!», – деп Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының 3-ші курс студенті Барлан Төрехан ризашылығын білдіргенде көңіліміз бір жайнап қалды.

Тек совет өкіметі кезеңін көрген азаматтарымыз ғана емес, сонымен қатар жалынды жастарымыздың да саяси біліктіліктерінің артуы қуантады. Сөйтіп, жастарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырған іс-шарамыздың нәтижесінде өзіміздің де көңіліміз бір көтеріліп, марқайып қалдық-, дейді ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінен жазған Майра Жүнісова.

Ал ҚКХП Атырау облыстық комитетінен хабарласқан Гүлжан Инжелованың айтуынша, ұлттың ұлы үміті – жастар. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан ертеңгі елдің бақыты жастардың қолдарыңда деп Елбасымыз сенім артқандай, халық рухы – ел болашағы жастардың, бүгінгі тәуелсіз ұландардың қолында екені даусыз.

Жастардың 24-ші сәуір Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні мерекесіне орай Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясы Атырау облыстық комитеті «Шексіз махаббатпен, халық коммунистері» атты Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының логотипі салынған шарларды «Студенттер» даңғылы бойында тарату акциясын өткізді.

Бұл күн Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясының шешімімен 1957 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Ондағы мақсат – жастар мәселелеріне бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың назарын аудару. 1955 жылы Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясында шешім қабылданғалы бері, 24-ші сәуір – отаршылдыққа қарсылық білдіріп, бейбітшілікті қолдайтын жастардың халықаралық ынтымақтастығы күні ретінде саналады. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі.

Акция барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті әрі ҚКХП Атырау облыстық комитетінің офис менеджері Мәдина Мамбеталиева жастарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Студент жастарға арнайы мерекеге дайындалған 100-ге жуық түрлі-түсті шарлар таратылды. Акцияға бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

 

ҚКХП Қызылорда және Атырау облыстық

комитеттері баспасөз қызметтерінің материалдары бойынша

Яндекс.Метрика