Home » "Коммунист Казахстана", № 34//11.10.2013 » «Жасыл экономиканы» дамыту мемлекеттік мүддемізге сәйкес келетін саясат

«Жасыл экономиканы» дамыту мемлекеттік мүддемізге сәйкес келетін саясат

Қазіргі кезде қоршаған ортаны қорғау мәселесі біздің елімізде ғана емес бүкіл дүние жүзі бойынша адамзат баласын алаңдатып отырған аса маңызды мәселеге айналып отыр. Табиғатқа көзқарасымыз, оның энергия ресурстарын тиімсіз пайдалану, ормандарды аяусыз отау, жер қойнауындағы қазбаларды орасан мөлшерде өндіру, өнеркәсіптерден шыққан парник газдың жерді «тұншықтыруы» жарық дүниедегі тіршілік атаулыға үлкен қауіп-қатер әкеле жатқандығын енді ғана сезініп, енді ғана түсіне бастағандаймыз. Дүние жүзінің ең мықты деген ғалымдары қазір осы бір маңызды сұрақтың жауабын іздестіруде. Оған қоса, әлемдегі барлық мұнай қорының, көмір қорының және газ қорының, яғни бүкіл отын қорының жартысы сарқылды деген пікірлер де естіле бастады. Адамзат баласы таңдау алдында тұр. Бұдан шығатын жол қайда?

Осы тұрғыдан алғанда бұл аса маңызды мәселенің Қазақстанда да қолға алынып, мемлекетіміздегі интеллектуальдық ақыл-ойлардың осы аса маңызды мәселеге бағытталуы өте құптарлық іс, болашақта жететін үлкен жетістігіміздің басы. Елімізде Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «жасыл экономикаға» ауысу бойынша әзірленген Тұжырымдама мемлекеттік деңгейде басталған осы үлкен істің бастамасы болды. Тұжырымдамада бірінші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттер тізбесі ұсынылды.

Болашақтың экономикасының арқауы болатын «жасыл экономикаға» арналған жаһандық көрменің – «EXPO-2017»-нің Астанада өткізілуіне қол жеткізу Қазақстанның ХХІ ғасырдағы сыртқы саясаттағы басты жеңістерінің бірі, еліміздің үлкен дипломатиялық жеңісі деп есептеймін.  Бұл көрме елімізге осы саладағы ең заманауи, ең озық технологияларды алып келеді. Яғни, осы саладағы ең озық жаңалықтарды елімізге кіргізуге осы көрменің қожасы ретінде бізде зор мүмкіндік бар.

Жалпы, қарапайым халық «жасыл экономика» ұғымымен онша жақын таныс емес. Бұқара халық «жасыл экономика» мәселесін негізінен желдің қуаты мен күн сәулесінен энергия өндіру деп қана түсінеді. Негізінен бұл дұрыс та. Өйткені қазіргі біздің санамызға жасыл экономика жетістіктерін одан әрі көзге елестету қиын, оны санамыз әлі де онша қабылдай алмайды. Ал бірақ, бұл саланың болашағы өте зор, әлем ғалымдары қазір найзағайдың жарқылын ұстап алып, одан электр қуатын алудан бастап, жердің термалдық жылуын сорып халық шаруашылығына пайдалану мен әрісі ғарыштың тұңғиығынан энергия суырып жерге жеткізу секілді тың идеяларды сараптауда. Әлемнің озық ойлары осындай идеялармен жұмыс жасауда және оған жақын болашақта қол жеткізуі әбден мүмкін. Жаһандық көрме  – «EXPO-2017»-нің біз үшін басты пайдасы да сол, әлемдегі осы озық идеялармен танысу болмақ.

«Жасыл экономиканы» дамыту тұжырымдамасымен таныса отырып, ауыл шаруашылығы саласындағы басымдықтарға баса назар аудардым. Қазақстанның кең-байтақ жерін толық игеріп, халық игілігіне жарату үшін, елімізде ауыл шаруашылығын дамытуда  «жасыл экономика» мүмкіндіктері, күн, жел энергиясын пайдалану аса қолайлы жағдай туғызбақ.

Бұл салада негізгі бағыттың бірі органикалық егін шаруашылығын дамыту болмақ. Яғни, бірінші кезекте бағыттың аталмыш түрі әр түрлі азық қоспаларынан, синтетикалық тыңайтқыштардан (пестицидтерден) бас тартуды қарастырады. Дақылдық өсімдіктердің шығымдылығын, өсуін қамтамасыз ету үшін органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдалану туралы сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығында органикалық өнім алу, табиғи қорларға зиян келтірместен, халықты экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл біздің және болашақ ұрпағымыздың денсаулығының кепілі. Тұжырымдаманың ауыл шаруашылығы үшін  маңызды бағыттары, ол – жердің құнарлылығын басқару мен суды тиімді пайдалану.

Осы өмірлік маңызы бар салаларды  «жасыл экономиканың» жетістіктерімен дамыту қажет-ақ. Бұл біздің экономикалық, тіпті мемлекеттік мүддемізге сәйкес келетін саясат. Яғни, еліміз қазіргі заманнан, қазіргі озық технологиядан қалыс қалмауы үшін Үкімет тарапынан осы шаралар қамтамасыз етілуі тиіс.

«Жасыл экономиканы» дамыту еліміз үшін, мемлекетіміз үшін үлкен тарихи маңызы бар мәселе. Сондықтан ол үшін қажетті заңнамалық құжаттарды әзірлеуге, талқылауға депутаттар қауымы әзір, тіпті қажет болса белсенді түрде атсалысуға қатысады деп ойлаймын. Өйткені бұл бүгінгі күннің талабы, ал ертең ол кеш болуы мүмкін.

 

Ж.АХМЕТБЕКОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Астана

Яндекс.Метрика