Home » № 18//17.05.2013 » Жауын-шашын болмайды

Жауын-шашын болмайды

Саяси шешімдер институтының (СШИ) болжамына қарағанда, жыл мезгілі ауысарда аздаған ала бұлтты ескермегенде, жалпы елімізде ауа райы қолайлы, шуақты болмақ. Жауын-шашын, бұрқасын, күрт суыну болмайды. Бұл, әрине, табиғатқа емес, саяси-әлеуметтік ахуалға арналған топшылау. Сәуір айындағы негізгі трендтерге қатысты саясат синоптиктерінің қысқа және орта мерзімді қамтитын пайымы. Сонымен, бұл жолы СШИ сарапшылары Парламент Мәжілісі ықпалының өсетіні, патруль және жол полициясының бірігуінің салдарлары туралы да бірқатар болжам айта келе, маңызды деген 4 трендті анықтап отыр.

Енді соларға қысқаша шолу жасап өтейік:

Біріншісі – шағын және орта еңбек ұжымдарында әлеуметтік наразылықтардың бұрқ етуі. Оған негізінен жалақыны кешіктіру түрткі болып отыр. Оның шешімі ретінде сарапшылар әкімдіктер жанынан жалақы қорын құруды ұсынады.

Екіншісі – атышулы зейнатақы реформасына қатысты заң жобасы. Оған қатысты дау-дамай көп жазылып, көп айтылып жатқандықтан, егжей-тегжейлі тоқталып жату – басы артық нәрсе.

Үшіншісі – президенттің денсаулығының сыр беруі және соның салдарынан туған элита арасындағы дүрбелең туралы қауесет. «Билік ауысу процесінің нақтыланбауының салдарынан экономикадағы негізгі ойыншылардың елден активтерін шығарып қана қоймай, ірі компаниялардың акционері қатарынан шығуды ойлай бастады. ENRC мен «Қазақмыс» қожайындарының акцияларының бақылау пакеттерін сатуды жоспарлауы осыны көрсетеді». Желдей есіп жатқан сыбыстың қысқаша мұзмұны осыған саяды.

Төртіншісі – жоғарыдағы мәселеден шығатын идеологиялық алаңқайдағы дүрбелең. Ақпараттық саясатты жүзеге асыруда ұстанымдар мен тәсілдерді өзгертуге ұмтылушылық, ұлттық-патриоттық партияны құру мәселесін қайта көтеру, ЖСДП мен «Азаттың» «ажырасуы», мұның бәрі саяси элитаның идеологиялық кеңістікті басқаша құруды қалайтынынан хабар береді. Ол үшін алдымен қоғамдық пікірді дайындықтан өткізу керек. Мақсат – саяси тәуекелділікті және ішкі саяси тұрақсыздықты барынша азайтып, мұрагерді қабыл алу.

Саяси жауырыншылар болжамына қарағанда, елден кетуді көздеп жүрген алпауыттардың әрекеті билік ішіндегі өз позициясы мен іскерлік болашағына деген субъективті көзқарасынан туындаған. Әңгіме ауанынан: «Кетсе, кете берсін! Тіпті, олардың кеткені біз үшін жақсы!» – деген сыңай байқалады. Сарапшылардың сөз саптауына қарағанда, бұл – элитаны тазартады, Қазақстаннан ың-шыңсыз кеткендер болашақта контр-элитаға серпін бермейтін болады. Яғни, бұлғақтан аман боламыз.

Қайбір күні Алматы жаңбыр құйып тұрғанына қарамастан, синоптиктер радио арқылы: «Алматы да жауын-шашын болмайды, аспан ашық, күн ыстық», – деп міз бақпаған еді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», – дегеннің кері де», – деп көп мән бермедік. Ал сүрінбесе, саясат синоптиктері сүрінбесін деп тілейік. Ауа-райы қолайлы. Лайым солай болғай!

Санжар Арыс

Яндекс.Метрика