Home » № 21//07.06.2013 » Жемқорлық спортқа қол салды

Жемқорлық спортқа қол салды

Елімізде спорт қазір қарқынды дамып келеді. Олимпиадаларда көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды айтқызып жүрген спортшыларымыз аз емес. Демек, үлкен нәтижеге қол жеткізу үшін соңғы жылдары спортқа қыруар қаржы бөлініп жатыр. Жері құнарлы, су мол жерде жеміс-жидекпен қатар арам шөпте мол өсетіні анық. Осы секілді спорт саласы байыған сайын сыбайлас жемқорлыққа тұншыға бастады. Кейбір спорт төңірегінде жүрген мамандардың айтуынша, жемқорлықтың кесірінен нағыз таланттардың жолы жабылып, кейбір спорт түрлерінің дамуы кенжелеп барады.

«Ашыққаннан құныққан жаман» деген сөз бекер айтылмаса керек. Спорт саласындағы былықтар ашылып, сала басшылары қамалып, темір торға түсіп жатса да, аяғын тартып жатқандар аз. Мәселен, күні кеше еліміздің үш өңірінің басшылары Спорт саласына бөлінген бюджет қаржысын жаппай жымқырғаны анықталды. Қаржы полициясының хабарлауынша, Атырау, Батыс Қазақстан және Алматы қаласының спорт және туризм басқармаларының басшылары жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып, 300 миллион теңгені қалталарына басқандары үшін үстілерінен қылмыстық іс қозғалды.

Оңтүстік астана – Алматының қаржы сақшылары «Алматы» воллейбол клубының директоры Нұрпейісова ханымға қатысты істі қарап, сот шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айырған. «Ол 2009-2010 жылдары команданың жаттығуына бөлінген 10 миллион теңгеден аса қаржыны жымқырды, – деп айыпталыпты. Сондай-ақ, тергеу барысында қылмысын толықтай мойындап, қалтасына басқан қаржыны мемлекет қазынасына қайтарған.

Тағы бір айтары, қазіргі таңда велошабандоздар клубының жетекшісі Осиповқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол қызметін асыра пайдаланып, 12 спортшымен 2 бапкердің жаттығуына бөлінген 1,5 миллион теңгені қымқырған көрінеді.

Бұл фактілер спорттағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін анық көрсетеді. Спорт – дарындылардың бағын асырып, елдің абыройын асқақтататын сала. Оны жемқорлардан тазартпасақ, ертең бәрі де кеш болмақ. Тазартудың бір жолы, әрине, бақылауды күшейту.

Санжар Арыс, Алматы

Яндекс.Метрика