Home » "Коммунист Казахстана", № 36//25.10.2013 » ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ, ТӨМЕН ТАРИФТЕР!

ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ, ТӨМЕН ТАРИФТЕР!

19 қазан күні Алматы қаласы Сары-Арқа кинотеатырының жанындағы гүлзарда халықтық коммунистер «Жақсы өмір сүру үшін» тақырыбында митинг өткізді. Митингке ҚР Парламент депутаттары Г.А.Баймаханова, Ж.А. Ахметбеков, А.О.Қоңыров қатысты. Жалпы жиынға үлкенді-кішілі 300 жуық адам жиналды.

Бүгінгі таңда Қазақстан 50 дамыған елдердің қатарына кірді. Алайда еліміздің әлеуметтік жағдайы әлі де болса шешімін таппай тұр. Мәселен, елімізде ең төменгі жалақы 18 660 теңгені, ал ең төменгі зейнетақы 19 066 теңгені құрайды екен. Егер еліміз бойынша ең төмен деңгейдегі тұтыну қоржынының құны орташа есеппен 18 670,56 теңге екенін ескерсек, алатын жалақы және зейнетақы өте төмен. Сонымен бірге мемлекетімізде жұмыссыздық мәселесі, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, коммуналдық төлемдердің бағасының жыл өткен сайын шарықтай түсуі  күрделі мәселеге айналған.

ХАЛЫҚ ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРУГЕ ЛАЙЫҚТЫ

Сондықтан осы мәселелерді назарға ала отырып халықтық коммунистер Сары-Арқа кинотеатрының жанындағы гүлзарға жиналды. «Біз қарапайым халықтың лайықты өмір сүру деңгейін жоғарылату үшін осында жиналып отыр. Мақсатымыз биліктің және қоғамның назарын қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелеріне аударту. Митингті күз мезгілінде ұйымдастыруымыз бекер емес. Қазір жылу жүйелелерін іске қосу науқаны басталды, яғни дәстүрлі түрде монополистер коммуналдық қызметтердің бағасын шарықтатып жіберетін уақыт» – деді ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы ЕлнұрБЕЙСЕНБАЙ.

Сондай-ақ Е.Бейсенбайдың сөзі бойынша коммуналдық қызметтердің қымбатшылығы, тоқтаусыз өсуі және әлеуметтік қорғалмаған халық үшін қандай да бір жәрдемақының қарастырылмауы қазақстандықтар үшін ең басты қиындық болып тұр.

Галина БАЙМАХАНОВА, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

Егер халық елімізде және әлемде болып жатқан ақпараттан құлақдар болса, олар болып жатқан мәселелерге түсіністікпен қарар еді. Қазіргі таңда елімізде «Тұрғын үй-коммуналық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы мақұлданды. Жалпы бұл бағдарлама өте жақсы және 2020 жылға дейін есептелген. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға  триллиондаған қаржы бөлінген. Осы бағдарлама бойынша тұтынушы мемлекетке не үшін ақша төлеп отырғандығын анық білуге тиіс. Сондықтан елімізде қоғамдық бақылаушылар құру керек. Бұл бақылаушылар қарапайым тұтынушының құқын қорғайтын болады.

Сонымен бірге депутаттар билік басындағылар мен халық арасында байланыс жоқтығын айтты. Елімізде бай мен кедейдің арасы алшақтап, қарапайым тұрғынның қалтасынан қағылған ақша жемқорлардың қалтасына түсіп, елдің тоналып жатқандығын ашына мәлімдеді.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,  ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

Біз мұнда өзіміздің ойымызды халыққа жеткізу үшін келіп отырмыз. Бұл шеруге басқада саяси партиялардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшыларын шақыраған болатынбыз, алайда көріп отқандарыңыздай олар келмеді. Бұл дегеніміз басқа партиялардың негізгі мақсаттарын көрсетеді. Әлеуметтік мәселеге келгенде, халықтың мұң-мұқтажына келгенде олар үнсіз қалуда.

Көптеген газет, журналда, теледидарда тамаша өмір сүріп жатырмыз деген сөздер айтылып жүр, алға қойған мақсат дұрыс, алайда артта қалған халық қалай өмір сүріп жатыр, онда биліктегілердің біреуінің басы ауырып отырған жоқ. Өз қалтасы тоқ болса, онда оның өзгеде шаруасы жоқ. Бізде қазір байлар мен кедейлердің арасы алшақтап барады, 5-6 % бай бар деген мәліметке сенбеңіздер. Егер бай адамның жалақысымен кедей адамның жалақысын салыстырар болсаңыз, арасындағы айырмашылық 20-30 есеге дейін артық. Яғни, сіздердің зейнет ақыңыз 20 мың теңге болатын болса, олардың зейнетақысы 10 пайызбен есептеген күнде 200 мың, ал 200 мың деген жалақы ешқандай байда жоқ.

Айқын ҚОҢЫРОВ, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

Билік өзінің дәрменсіздігінің салдарынан халықтың есебінен мәселелерді шешіп отыр. Бұл дұрыс емес. Үкімет басшылығына берілетін есептің жалпы мазмұны мынадай: келесідей мәселелер бар, жалпы алғанда барлығы жақсы. Қиыншылықтар туралы үнсіз қалуға болмайды, оларды шешу керек. ҚКХП қарапайым халықтың мүддесі үшін қызмет ететін болады. Бізге дауыс беріңіз. Халыққа билік берілсін, біз әлеуметтік әділеттілік үшін күресеміз.

Митингке Алматылықтардан өзге Тараз және Талдықорған қалаларынан да адамдар келді. Олар еліміздегі жалақының төмендігін және тарифтердің жоғарылығына өздерінің қарсылықтарын білдірді.

ХАЛЫҚ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Жанна МАМАШЕВА, ҚКХП Жамыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы:

Біз жақсы, тұрақты кезеңде өстік. Алайда неге қазір менің ата-анам қарапайым ем алу үшін, өзінің дене-мүшесін сатуға тиіс? Медицинаның қазіргі жағдайы өте қиын. Студенттердің мәселесі де жетерлік, оларға жатақхана жетіспеуде. Олар жалға пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал, жейтін тамағы қытайдың тез дайын болатын сорпасы. Сондай-ақ олардың оқу ақысын төлеулері керек. Сол себепті олар қосымша жұмыс істейді. Мен біздің резолюцияға мемлекеттен студенттерді ыстық тағаммен қамтаммасыз ету, жатақхана беру  тармағын қосуды ұсынамын.

Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» қозғалысының көшбасшысы:

– Бізде әлеуметтік мәселелерді көтеруге келген кезде қоғамның өзі, қоғамның ішіндегі саяси күштердің өзі бөлініп кетеді. Яғни, айналып келгенде олар халықтың жағдайын немесе әлеуметтік мәселелерді көтеру емес, өзінің саяси мүддесін ойлап тұр, бұл өте қауіпті жағдай. Біз ақ пен қараны ажырат білуіміз керек. Кім халық үшін, ал кім өзі үшін жұмыс істеп жатыр, міне осыны білу керек. Коммунистік партия әлеуметтік мәселелерді шешіп жүр. Мәжіліс депутаттары халық алдына келіп отыр.  

Митингтің соңында резролюция қабылданды. Біз биліктен келесіні талап етеміз: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің бағасына мораторий жариялау; Зейнеткерлер, мүгедектер және әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар үшін коммуналдық төлемдер бойынша жәрдемақылар енгізу; Жас отбасыларды, әлеуметтік жағдайы төмен халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету; Жұмыссыздық деңгейін төмендету. Тұрақты жалақы төленетін жұмыс орындарын құру; Ең төменгі күн көріс минимумын 20 АЕК дейін көтеру, тұтыну қоржынын қайта қарау; Азық-түлік бағасының өсімін тоқтату; Әлеуметтік төлемдерді (жалақы, зейнетақы, шәкіртақыны) көтеру, мүгедектердің әлеуметтік жәрдемақысын жоғарылату және т.б.; Ана және баланы жан-жақты көмекпен қамтамасыз ету, көпбалалы аналардың жәрдемақысын 10 АЕК дейін көтеру, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың жәрдемақысын 1 АЕК ден 10 АЕК дейін көтеру; Қазақстан бойынша ең төменгі жалақы көлемінің деңгейін 90 000 теңгеге жеткізу, сонымен бірге бюджеттік қызметкерлердің, оқытушылар, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру.

Жалпы шараға жиылған халықтан депуттардың атына көптеген өтініштер келіп түсті. Жиынның қорытындысы ретінде резолюция оқылып, келген сауалдың барлығы билікке жолданатын болып шешілді.

Гүлнұр Әзімхан.

Яндекс.Метрика