Home » № 21//07.06.2013 » Жылумен қамтамасыз ету қызметінде айтарлықтай мәселелер туындап отыр

Жылумен қамтамасыз ету қызметінде айтарлықтай мәселелер туындап отыр

Парламент Мәжілісінің сәрсенбі күні өткен жалпы отырысында депутат А.Қоңыров ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың атына сауал жолдады. Онда Ақмола облысының әкімшілік орталығы Көкшетау қаласында «Көкшетау жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету қызметінде айтарлықтай мәселелер туындап отырғандығы айтылған.

«Оның негізгі себебі кәсіпорынның контрагенттердің алдындағы 800-900 млн тенге көлеміндегі кредиторлық қарызы. Сонымен қатар кәсіпорынның қызметкерлерінің жалақыларын уақытылы бермеген жағдайлары да орын алған. Қарыздың басым бөлігі пайдаланған электр қуаты үшін болып келеді. Мекеме электр қуатын жеке жеткізушіден сатып алатыны анықталды. Сондықтан жылу үшін жиналған қаражат сол электр қуатын өтеуге жұмсалады екен», дейді ол.

Мәжіліс депутаты бәсекелестікті қорғау заңдарымен МКК жылу үшін тарифтерінің көтерілуіне шектеу қойылғандықтан, кәсіпорын созылмалы қаржы дағдарысынан шыға алмай отырған күйі барлығын айтады.

«Осыған орай, кәсіпорын негізгі стратегиялық мақсаттарын орындай алмай отыр. Онсыз да уақыты жеткен негізгі құралдардың одан әрі тозуы жалғасуда. Сарапшылардың айтуы бойынша, аталмыш мекемені тікелей “KEGOK” акционерлік қоғамының желілеріне қосу арқылы мекеме 2017 жылға қарай 3 млрд тенгеге дейін қаражат үнемдеуі мүмкін. Үнемделген қаражат кәсіпорын құралдарын жаңартып, қызметкерлердің жалақысын уақытылы беруге мүмкіндік туғызады. Бұл мәселе дер кезінде шешілмесе аумақтағы әлеуметтік шиеленісті одан әрі өршітіп, стратегиялық маңызды нысанның құлдырауына әкелуі әбден мүмкін»,- дейді А.Қоңыров.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика