Home » № 7//22.02.2013 » Зілзала Һәм зауал

Зілзала Һәм зауал

«2013 жылы Алматы облысында таулы аймақтарда 6 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін». «Сейсмология институтының» директоры Таңатқан Абақановтың осы сөзі Алматы халқын тағы бір дүрліктірді. Бірақ, мегаполиске тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. «2013 жылға арналған сейсмологиялық қауіпті аймақ Алматы аумағы үшін орта мерзімді болжам қаңтар айында жасалды. 7 жыл бойы болжамдарымыз дәл келіп отырды. 4 баллға дейін жер сілкінісі Талдықорған, Жаркентте болуы ықтимал. Алайда, бәрі биыл маусым айында анықталады», – дейді бас сейсмолог.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ұялы байланыс операторларымен тұрғындарды қысқа хабарламалар арқылы ескерту жасау үшін кеңес өткізбек. Десе де, алматылықтардың жер сілкінісінен қатты алаңдайтыны құпия емес. Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің бірінің хабарлауынша, Алматыда жер сілкінген соң Астанадан пәтер алуға тілек білдіргендердің саны едеуір өсіп кететін көрінеді. Тұрғындардың қаупі негізсіз емес. Тарихқа жүгінсек, ең ірі жер сілкінісі 10 баллға жеткен. Бұл Верный қаласының жер бетінен екі рет жойылып кетуіне дейін әкеп соқты. Күшті зілзала Верныйда 1888 жылы, Шелекте 1889 жылы, Кемінде 1911 жылы болған.

Қапшағай сауалы

Тағы бір қауіп, геодезия мамандары Қапшағай жасанды су қоймасының салынуы Алматының сейсмикалық жағдайына үлкен қауіп төндіріп отыр деп есептейді. Тіпті, Американдықтарда мынадай мақал бар екен: «Егер жасанды су қоймасын салатын болсаң, жер сілкінісіне дайындала бер». Өйткені, өзендердің арнасын бұрудың салдарынан жер астындағы көлдер суалып, бос кеңістік пайда болады. Жер сілкінгенде опырылып құлап, зілзала күшін үдетіп жібереді. Ғалымдар Алматыдан 50 шақырым қашықтықтағы Қараой ауылының жанында жарты миллион адамға арнап молалық жер әзірленгенін де ашық жазып жүр. Әйткенмен сейсмологтар геодезия мамандарының қаупін жоққа шығарады. «Қапшағай – сеймикалық қауіпті таулы аймақтан біршама алыс жатыр. Су қоймасының салынғанына 40 жылдан астам уақыт өтті. Зілзала қаупін күшейтерлік жағдай туындаған жоқ», – дейді Сейсмология институтының Аймақтық сейсмика зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы Алла Садықова.

Шығайбай-компаниялар

Алматы – үлкен мегаполис. Мұнда 1,5 миллионға жуық халық тұрады. Айналасындағы қалалар мен елдімекендерді қосатын болсақ, 4 миллионға жақындайды. Кеңес үкіметі кезінде Алматыда көптеген жерлерді «қауіпті» деп санап, ғимараттар салуға рұқсат етілмеген. Ал қазір ескерусіз қалды, түрлі ғимараттар бой көтеріп жатыр. Қазір кейбір мамандардың пікірінше, егер жер сілкініп, апат болса, қалаға сырттан құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, әскерилер көмекке келе алмайды. Себебі, қала тым тығыз орналасқан. Бұған сейсмологтарды қаланың бас жоспарына қатыстырмауы тікелей себеп болып отыр.

Алматы қаласында ықшамаудандар салуға қатысты 1983 жылы жасалған сейсмикалық карта ескірген. Егер басқа бір жерлерде маңызды бір нысан салынатын болса, сейсмологтар ол жердің сейсмикасы туралы мәлімет беруге тиіс. Бір қаланың өзінде аудандардың жер ерекшеліктеріне орай сейсмоберіктік әртүрлі болып келді. Құрылыс барысында неше балды есепке алу қажеттігін жазып, қорытынды мәліметті жобалаушыларға берілуі қажет. «Алайда дағдарысты алдыға тартып, қосымша материалдық шығын шығарғысы келмейтін құрылыс компаниялары сейсмологтарды шақырмайды. Себебі, оларға да еңбегінің ақысын беру керек болады», – дейді А. Садықова.

Жағалау жұмбағы

Әрине, құрылыс салудың бекітілген ережелері бар. Оған сүйенсек, өзеннің айналасында, жағалауларда 50-60 метрге дейін құрылыс салуға болмайды. Жер селкінісі кезінде өте қауіпті аймаққа айналады. Бірақ ол ережені ескеріп жатқан әкімшілік те, құрылыс компаниялары да жоқ. Өзен бойларында сәулетті коттедж де, көп қабатты үйлер де тұр. Мәселен, 1990-жылдары бой көтерген Әл Фараби даңғылындағы ҚазМУ-ден бастап, Академия қалашығына дейінгі үйлерді қараңыз.

«Билік органдары сейсмологтардың айтқан сөздеріне құлақ аспайды. Ғимараттардың сәулетіне таңырқаймыз, бірақ ол үйдің қожайындарының тағдырына қатты алаңдаймыз. Себебі жер сілкінісі болғанда, ең алдымен қирайтын да – сол нысандар», – дейді сейсмологтар. Осыдан кейін құрылыс салу ережелерін белден басу, тоғышарлығымыз түбінде зауал болып тисе, кімге өкпелемекпіз? Қауіпті аймаққа құрылыс салуға не жетеледі? Әкімдік неге рұқсат берді? Бұл сұрақтар жауабы оңай табылатын жұмбаққа ұқсайды.

Түйін

Қауіптің бары рас болса да, сейсмологияны дамытуға мемлекет тарапынан құлық болмай тұр. Елімізде сейсмологтар дайындайтын бірде-бір оқу орны жоқ. 2004-2005 жылдары құрылған сейсмология кафедрасы көп ұзамай жабылып қалды. Бұл – бір. Екіншіден , елімізде сейсмостансалар оңтүстік және оңтүстік-шығыста ғана орналасқан. Қалған облыстарда станса жоқ. Мәселен, мұнай-газды қарқынды өндіріп жатқан батыс өңірінде зілзала қаупі болса да, зерттелінбей отыр. Бұл мәселелер туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мәселе көтерген болатын.

Айта кету керек, Қазақстанның оңтүстік бөлігі өте жоғары сейсмобелсенді аймақта орналасқан. Сейсмикалық аудандар – өмір сүруге өте қолайлы жерлер. Себебі, мұнда климат жақсы, таза ауыз су да бар. Сол себепті де, соңғы жылдары Алматының халқы да, аумағы да өсіп келеді. Түйіндей келе айтарымыз, сүйікті қаламызда зілзала қаупі бар екенін ескеріп, тұрып жатқан үйіміздің беріктігіне зер салып, сақтық шараларын ұмытпағанымыз абзал.

Санжар Арыс

Яндекс.Метрика